Ақтөбедегі Орталық стадионда Stretching Fest спорт фестивалі екінші рет ұйымдастырылды. Биыл бұқаралық спортты дамытуға, дене белсенділігін арттыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шараға 500 адам қатысты.
Фестивальді QA LAB командасы Sunshine студиясымен бірлесіп ұйымдастырды. Жобаның продюсері – Қанат Аманов.

Шараның басты бөлігі – стадион алаңында жүздеген адамның бір мезетте жасаған жаппай жаттығуы болды. Стретчинг, йога элементтері мен функционалды жаттығулардан тұратын спорттық бағдарламаны жаттықтырушы әрі жобаның идея авторы Еңлік Бердібаева жүргізді.
Фестиваль барысында кәсіби жаттықтырушылардың қатысуымен түрлі жаттығулар ұйымдастырылып, музыкалық бағдарлама, интерактивті және серіктестердің фотозоналары жұмыс істеді.
Шараға келгендердің барлығына арнайы старттық жиынтықтар табысталды. Оның ішінде спорттық төсеніш, шоппер, шұлық, фирмалық мерч және өздігінен жаттығуға қажетті басқа да сыйлықтар болды.
Stretching Fest алғаш рет өткен жылы ұйымдастырылып, оған шамамен 300 қыз-келіншек қатысқан еді. Биыл фестиваль қатысушылар санын 500-ге жеткізіп қана қоймай, аудиториясын да кеңейтті. Енді шараға жынысына, спорттық дайындығына және тәжірибесіне қарамастан кез келген адам қатыса алады.

Фестивальдің биылғы ауқымда өтуіне Ақтөбе облысы әкімдігі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсетті. Ұйымдастырушыларға Орталық стадион алаңы берілді.
Жоба авторлары Stretching Fest-ті Ақтөбеде жыл сайын өтетін спорттық дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қолдау жалғасқан жағдайда 2027 жылы фестивальге қатысушылар санын 2 мың адамға дейін жеткізу жоспарланған.
Бұл мақсат жүзеге асса, жаппай стретчинг жаттығуы бойынша Қазақстан рекордын жаңартуға мүмкіндік қарастырылмақ.