×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

Қытай компаниясының Ақтөбедегі мыс зауыты: билік жобаның экологиялық сараптамадан өтетінін мәлімдеді

Қытай компаниясының Ақтөбедегі мыс зауыты: билік жобаның экологиялық сараптамадан өтетінін мәлімдеді
Көрнекі фото: inbusiness.kz

Ақтөбе облысының билігі «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағында жоспарланып отырған мыс өңдеу кәсіпорнына қатысты ұстанымын жариялады. Бұл туралы Ақтөбе облысының кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы мәлімдеді. Билік инвестициялық жобаның өңір экономикасы үшін маңызын атап өткенмен, оның іске асырылуы ең алдымен экологиялық талаптардың сақталуына және тұрғындардың денсаулығын қорғауға байланысты болатынын мәлімдеді.

«Еуразиялық интеграцияланған жасыл мыс өнеркәсібі жобасы» деп аталатын бастаманы «Phoenix Industrial Group» ЖШС Қытайдың «Beijing Jinyi Yuanfang Holding Group» холдингінің қатысуымен жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жоба аясында мыс сынықтары мен катодты мысты қайта өңдеу, сондай-ақ электротехникалық мақсаттағы мыс сымтемірі мен кабель өнімдерін шығару көзделген.

Жобаның жалпы инвестициялық көлемі шамамен 100 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл сомаға кәсіпорынның айналым қаражаты да кіреді.

Басқарманың мәліметінше, жобаның ел экономикасы үшін маңызы бар. Себебі Қазақстанда өндірілетін катодты мыстың басым бөлігі ел ішінде терең өңдеуден өтпей, экспортқа шығарылады.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда шамамен 470 мың тонна катодты мыс өндірілген. Оның 17 мың тоннаға жуығы ғана ел ішінде терең өңделген. Бұл жалпы өндіріс көлемінің 4 пайызынан да аз.

Биліктің пікірінше, Ақтөбеде мыс өңдеу қуатын қалыптастыру өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық түсімдерін арттыруға және отандық кабель өндірісін дамытуға мүмкіндік береді.

Алайда басқарма экономикалық тиімділік экологиялық қауіпсіздік талаптарынан жоғары қойылмайтынын атап өтті.

Қазіргі уақытта жоба жоспарланып отырған қызметті скринингтен өткізу кезеңінде тұр. Бұл — жобаның қоршаған ортаға ықтимал әсерін алдын ала бағалау рәсімі. Толыққанды мемлекеттік экологиялық сараптамаға жоба осы кезеңнен кейін ғана жіберіледі.

Басқарманың хабарлауынша, инвестор ұсынған құжаттарды қарау барысында кейбір деректерден қателер анықталған. Инвестор бұл қателер құжаттарды дайындаған мердігер ұйымның жұмысына байланысты кеткенін түсіндірген.

Қазір жобалық материалдар нақтыланып жатыр. Құжаттар түзетілгеннен кейін скринингке қайта ұсынылады. Осы рәсім аяқталған соң ғана жоба мемлекеттік экологиялық сараптамаға жіберіледі.

Сараптама барысында кәсіпорынның негізгі техникалық және экологиялық көрсеткіштері бағаланады. Оның ішінде атмосфераға шығарылатын шығарындылар, тазарту жүйелері, суды пайдалану және өндірістік қалдықтарды басқару мәселелері қаралады.

Жоба бойынша екі қоғамдық тыңдау өткізу де жоспарланып отыр. Басқарманың мәліметінше, осы кездесулер барысында кәсіпорынның қоршаған ортаға ықтимал әсеріне қатысты нақты қорытынды көрсеткіштер тұрғындарға таныстырылады.

«Ақтөбе облысының әкімдігі өңір тұрғындарын заңнамада көзделген экологиялық сараптама рәсімдері аяқталғанға дейін мерзімінен бұрын баға беруден бас тартуға шақырады», — делінген басқарма таратқан ақпаратта.

Ведомствоның мәліметінше, тұрғындар, экологтар мен салалық сарапшылар тарапынан айтылатын ескертулер мен ұсыныстар заңнамада белгіленген рәсімдер аясында қаралуы тиіс. Ал кәсіпорынның қоршаған ортаға нақты әсері мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижесінде бекітілетін құжаттар негізінде анықталуы керек.

Сонымен қатар инвестор өндіріс технологияларымен таныстыру мақсатында журналистер, эко-белсенділер және салалық сарапшылардан құралған өңір өкілдерін Қытайға апарған.

24-30 тамыз аралығында делегация Қытайдағы осыған ұқсас жұмыс істеп тұрған өндірістік нысандарды аралап, олардың қолданатын технологияларымен танысқан. Сапар барысында инвестор тарапынан көпсатылы тазарту жүйелері мен өндірістік шығарындыларды бақылау технологиялары көрсетілген.

Дегенмен Қытайдағы кәсіпорындардың жұмыс істеуі Ақтөбеде жоспарланып отырған жобаның экологиялық қауіпсіздігіне автоматты түрде кепілдік бермейді. Ақтөбедегі кәсіпорынның қоршаған ортаға әсері Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес жеке бағалануы тиіс.

Ақтөбе облысының кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы инвестиция тарту мен жаңа өндірістер ашудың өңір үшін маңызды екенін атап өтті. Сонымен бірге жоба барлық белгіленген экологиялық талаптарға сәйкестігі тұрғысынан жан-жақты бағалануы қажет екенін мәлімдеді.

Басқарманың ұстанымы бойынша, инвестициялық жобаның экономикалық тиімділігі оның экологиялық қауіпсіздігінен жоғары тұрмауы керек. Егер кәсіпорынның қоршаған ортаға немесе тұрғындардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін екені сараптама нәтижесінде анықталса, мұндай жобаны іске асыруға жол берілмейді.

🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?

Тіркелу қажет емес. AI жауаптарын маңызды шешімдер алдында тексеріңіз.

Ұқсас жаңалықтар