×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

Медреседен — көше стилі мен жүгіру мәдениетіне: Нұркелді Амангелдіұлының ізденіс жолы

Медреседен — көше стилі мен жүгіру мәдениетіне: Нұркелді Амангелдіұлының ізденіс жолы
Суретке түсірген: Данияр Сағидолла

Биыл 22 жасқа толатын Нұркелді Амангелдіұлының өмірлік ізденісі көптеген замандастарына үлгі боларлықтай. Жеті жылын діни білім алуға арнаған ол кейін өзін мүлде басқа саладан — спорт, байерлік және стритвир (streetwear) мәдениетінен тапты. Жас жігіт қазақтілді контенттің сапасын арттырып, спорт пен сәнді ұштастыратын жаңа бағыттарды зерттеп жүр.

Діни білімнен — визуалдық өнер мен еркіндікке

Нұркелдінің алғашқы саналы таңдауы мен жастық шағы діни біліммен тығыз байланысты. Алтыншы сыныпты бітірген соң, әкесінің шешімімен Шымкентке оқуға аттанған ол кейін Ақтөбедегі Бестамақ елді мекенінде орналасқан «Ақтөбе медресе-колледжінде» білім алған.

Жеті жылдық оқу нәтижесінде имам, ұстаз, теолог және дінтанушы мамандықтарын игеріп шығады. Алайда кейін бұл бағытты жалғастырмауға шешім қабылдайды.

Оның бала кезден киімге, визуалдық өнерге, түстерді үйлестіруге және түрлі образ жасауға деген ерекше қызығушылығы болған. Оқуды аяқтаған соң Атырауда әкесінің жанында вахталық жұмыстар істеп, Алматыға да арман қуып барып қайтады. Алайда вахталық жұмыстар тоқтап қалған кезде, ол өзін жаңа салада сынап көруге ұйғарады.

Осылайша Ақтөбеде жапондық «Uniqlo» брендінің киімдерін шағын партиямен алдырып, Instagram, TikTok және Pinterest арқылы сата бастайды.

Жауапкершіліктен қашу ма, әлде еркіндік пе?

Нұркелдінің отбасы оның күніне 8 сағат, аптасына 5 күндік тұрақты жұмысқа кірмеуін түсінбеген. Бұл мәселе фрилансерлер мен шығармашылық адамдарға жақсы таныс. Нұркелдінің өзі де ұзақ уақыт бойы: «Бұл жауапкершіліктен қашу ма?» деп ойланған.

Алайда түрлі подкасттар тыңдап, өзін зерттей келе, табиғатынан тұрақты графикке және біреудің қысымына шыдай алмайтынын түсінеді. Оған үнемі дамып отыруға мүмкіндік беретін еркін кеңістік қажет екенін ұғынады.

Жүгіру мәдениеті және қазақтілді контенттің жаңа лебі

Саудамен қатар Нұркелді жүгіруді бастап, жаттығуларын видеокүнделік форматында («1-ші күн», «2-ші күн» және т.б.) әлеуметтік желіге жүктей бастайды. Басында жылдам нәтиже күтетінін және маркетингтің құрбаны болғанын мойындайды. Алайда уақыт өте келе жасандылықтан гөрі шынайылықтың маңызды екенін түсінеді. Сондықтан шаршаған, жүгіргісі келмеген сәттерін де жасырмай көрсетеді.

Қазір ол Ақтөбеде жаңадан ашылған «Bex Running Club» клубының мүшесі.

Бастапқыда 5:30–6:00 қарқынмен жүгіріп, ентігіп қалатын Нұркелді үшін бір айдың ішінде 5:30 қарқыны орташа әрі қалыпты көрсеткішке айналған. Қазір жаттықтырушының нұсқауымен 200–600 метрлік жылдамдық жаттығуларын орындап, 10–20 шақырымдық лонгран қашықтықтарды бағындырып жүр.

Нұркелдінің қызығушылығы тек жүгірумен шектелмейді. Ол қазақ тіліндегі спорттық контенттің сапасын арттыруға да мән береді. Орыстілді сегментте кроссовкалардың технологиясын, жел немесе су өткізбейтін қасиеттерін егжей-тегжейлі талдайтын шолушылар өте көп. Ал қазақ тілінде мұндай маманданған блогтар тапшы.

Сондықтан ол қазақ тілінде үздіксіз контент жасауды және Еуропадағыдай жүгіруді жай ғана спорт емес, «өмір салты» (lifestyle) ретінде қалыптастыруға үлес қосуды көздейді.

Байерлік тәжірибе: Poizon, Bmai және дистрибьюторлармен қақтығыс

Киімге деген қызығушылығы оны байерлікке алып келді. Бастапқыда өзі үшін оригинал заттарды арзан бағаға сатып алу мақсатында бұл саланы зерттеген Нұркелді кейін Қытайдың әйгілі «Poizon» платформасының қымбат курсын да тәмамдайды.

Ол Adidas, Brooks, Salomon, Saucony, Nike, Puma, сондай-ақ Қытайдың Li-Ning, Anta, 361° сияқты брендтерін жеткізумен айналысады.

Осы саладағы қызықты жағдайлардың бірі — Қытайдың «Bmai» брендімен байланысты. Bmai — Li-Ning, Nike, Adidas сияқты алпауыт компанияларда бұрын жұмыс істеген мамандар құрған компания. Бренд қымбат технологияларды қолжетімді бағамен ұсынуды мақсат етеді.

Алайда Нұркелді бұл кроссовкаларды Қытайдан тікелей әрі арзан бағамен алып келген кезде, Қазақстандағы — Астана, Атырау және Ресейден келген — ресми дистрибьюторлар оған хабарласып, бекітілген бағаны бұзғаны үшін сотқа береміз деп қорқытқан.

Мұндай саясат Нұркелдіге ұнамаған. Сондықтан қазір ол Asics, Hoka сияқты сапалырақ баламаларға көшуді жөн санап отыр.

Кәсіптегі құндылық және болашақтағы «Qyran» идеясы

Нұркелді жай ғана алыпсатар, яғни байер болып қалғысы келмейді. Ол болашақта жүгіру мәдениеті мен көше стилін ұштастыратын өз жобасын қалыптастыру туралы ойланып жүр. Бұл идеяның жұмыс атауы — «Qyran» (Qy-Run).

Әзірге «Qyran» толық қалыптасқан немесе нарыққа шыққан бренд емес. Нұркелді оның концепциясын, бағытын және қандай өнімдер болуы мүмкін екенін зерттеп, түрлі идеяларды қарастырып жүр.

Бұл идеяның тууына 30 жастағы, 17–18 брендтің негізін қалаған кәсіпкердің подкаста айтқан ойлары түрткі болған. Оның пікірінше, кәсіптің негізінде ақша емес, идея мен құндылық тұруы керек.

Нұркелді де болашақ жобаның жай ғана киімге логотип немесе ою-өрнек орналастырумен шектелмегенін қалайды. Оның түсінігінде, брендтің артында нақты идея, сапа және өзіндік эстетика болуы қажет.

Дайын лекалоны алып, үстіне Adidas немесе Nike репликасын баса салу немесе жай ғана шашақты матаға ою-өрнек тіге салу — оның пікірінше, нағыз бренд қалыптастыруға жеткіліксіз.

Нарықтағы қателіктер

Нұркелді кейбір брендтің қазақтілді аудиторияға жақсы маркетинг жасайтынын мойындайды. Алайда олардың киімдері көбіне ою басумен ғана шектелетінін, ал технологиялық жаңашылдығы жоқ екенін сынға алады.

Сонымен қатар ою-өрнекті қолдануға қатаң шектеу қоятын Gozin сияқты мамандардың пікірімен де келіспейді. Оның пайымынша, қазақ мәдениетінде ою-өрнек әрдайым діни шектеусіз, сәндік элемент ретінде қолданылған.

Жергілікті бәсеке

Нарықта Sman — жартылай классикалық киім, SN — жүгіру киімдері және Ur7 сияқты брендтер болғанымен, таза технологиялық спорттық киім өндірісі әлі де бос ниша болып тұр.

Ал жүгіру кезінде кроссовканың табанындағы технология бәрінен маңызды болғандықтан, реплика кроссовкаларды киюге мүлдем болмайды.

«Qyran» концепциясы қандай болуы мүмкін?

Нұркелді қарастырып жүрген «Qyran» атауы еркіндік пен биіктіктің символы саналатын қыран құс бейнесімен байланысты. Сонымен қатар атау ағылшын тіліндегі «Run» сөзімен үндеседі.

Оның ойынша, егер жоба болашақта іске асатын болса, өнімдер ауа өткізетін, жеңіл әрі технологиялық маталардан жасалуы мүмкін. Киім дизайнында қазақ батырлары мен тарихи тұлғаларының қанатты сөздері, ұлттық мәдениет элементтері заманауи стритвир эстетикасымен үйлесуі ықтимал.

Яғни бұл әзірге дайын өнімнен гөрі Нұркелді зерттеп, қалыптастырып жатқан бағыт. Ол үшін ең маңыздысы — алдымен идеяның өзін нақтылау және нарықтың не ұсынатынын түсіну.

Әлемдік маркетинг сабақтары: UVU феномені

Болашақ жобаның мүмкіндіктерін зерттеу барысында Нұркелді әлемдік тәжірибелерді, соның ішінде UVU, Satisfy Running, Soar Running және Bandit Running сияқты топ-5 феномендерді мұқият зерттеп жүр.

Әсіресе бұрынғы әскери қызметкер, британдық Ади Гиллеспи (Adi Gillespie) және оның екі досы — фото-видео мен дизайн саласының мамандары — құрған UVU брендінің стратегиясы оны қатты қызықтырады.

Дүкенсіз сауда

«Маған UVU-дың бизнес моделі қатты ұнайды. Олар миллиондаған қаражатты дүкеннің жалдау ақысына немесе жөндеуіне жұмсамайды. Тұрақты офлайн нүктелері жоқ, негізінен интернет арқылы сауда жасайды. Бұл жерде артық шығын азайып, негізгі фокус өнім мен комьюнитиге түседі.

Pop-up дүкендер

Олар тұрақты дүкен ұстамайды. Мысалы, Токио, Лондон, Бостон сияқты әлемдік ірі марафондар өтетін кезде ғана уақытша pop-up дүкен ашып, сол жерде өз тауарларын сатады. Яғни адамдар жиналатын, жүгіру мәдениеті қалыптасқан жерге барып, аудиториямен тікелей байланыс орнатады.

Limited Edition

Тағы бір ұнайтыны — өнімдерді шектеулі тиражбен шығарады. Тауардың белгілі бір саны ғана болады. Бұл өнімге деген қызығушылықты арттырып, оны жай ғана киім емес, ерекше дүние ретінде қабылдауға мүмкіндік береді.

Комьюнити

Ең маңыздысы — олар жай ғана киім сатпайды. Олар эмоция мен атмосфера сатады. Адам белгілі бір киімді киген кезде өзін сол қауымдастықтың бір бөлігі ретінде сезінеді. Меніңше, қазіргі бренд үшін ең маңызды нәрсенің бірі — дәл осы комьюнити қалыптастыру».

Алдағы жоспарлар

Қазіргі таңда Нұркелді контент жасауды тоқтатпай, жүгіру, спорттық киім және стритвир мәдениеті бағытындағы ізденістерін жалғастырып жүр.

Ол жақын арада мобилограф інісін ауылдан шақыртып, аллеяларда жоғары сапалы әрі эстетикалық жүгіру кадрларын түсіруді жоспарлап отыр.

Алда күзгі Ақтау марафонына және Хромтауда өтетін тегін 5–10 шақырымдық жарыстарға қатысу ниеті бар.

Көп ойланып, жан-жақты талдау жасауы кейде әрекет етуіне кедергі келтіргенімен, Нұркелдінің бағыты айқын: қазақ тіліндегі спорттық контентті байыту, жүгіруді стиль мен өмір салтының бір бөлігі ретінде көрсету және болашақта ұлттық мәдениет пен заманауи технологияны ұштастыратын жобаны қалыптастыру.

Бір кездері медреседе білім алған жас жігіттің бүгінгі ізденісі мүлде басқа арнаға бұрылған. Қазір ол үшін ең маңыздысы — дайын нәтиже көрсету емес, өз бағытын тауып, оны тәжірибе арқылы қалыптастыру.

🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?

Тіркелу қажет емес. AI жауаптарын маңызды шешімдер алдында тексеріңіз.

Ұқсас жаңалықтар