×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

Хромтауда жаңа бассейн құрылысы қарқын алды

Хромтауда жаңа бассейн құрылысы қарқын алды
Фото: Қазхром баспасөз қызметі

Хромтау қаласындағы 22-квартал аумағында заманауи су спорт кешенінің құрылысы қызып жатыр. Аумағы 2 мың шаршы метрге жуықтайтын жаңа нысан тек кәсіби жаттығулар мен жарыстар өткізуге ғана емес, қаланың барлық тұрғыны үшін қолжетімді спорт орталығына айналмақ.

Ауқымды жоба Ақтөбе облысының әкімдігі мен ERG компаниясы арасындағы меморандум аясында жүзеге асырылып отыр. Спорт кешенінің жалпы құны – 1,4 млрд теңге, оның 900 млн теңгесін «Қазхром» ТҰК» АҚ бөліп отыр.

Кешеннің басты нысаны – ұзындығы 25 метр, ені 16 метр болатын жеті жолақты бассейн. Ол бір ауысымда 88 адамды қабылдай алады. Мұнда тұрақты түрде оқу-жаттығу сабақтарын, түрлі спорт секциялары мен жарыстар өткізу жоспарланған.

Бассейннен бөлек, ғимарат ішінде жалпы дене шынықтыру залы, жаттықтырушылар мен әдіскерлер кабинеті, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер, демалыс аймағы, буфет пен әкімшілік бөлмелер қарастырылған. Сондай-ақ жаңа кешен суды тазарту және сапасын бақылаудың ең заманауи жүйесімен, жаңа жиһаздармен және қажетті спорттық құрал-жабдықтармен толық жабдықталады.

Сонымен қатар мұнда мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін жүріп-тұруына да толық жағдай жасалады: ғимаратқа арнайы пандустар орнатылып, табалдырықсыз есіктер қойылады.

– Бұл нысан облыс әкімдігі мен ERG компаниясы арасындағы меморандум аясында бой көтеріп жатыр. Спорт кешені ең алдымен Хромтау тұрғындарының, яғни балалар мен ересектердің игілігіне арналған. Алдағы уақытта мұнда түрлі секциялар ашуды жоспарлап отырмыз. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың наурыз айында толық аяқтау көзделген, – дейді Хромтау ауданы әкімінің орынбасары Қасымхан Мұстапа.

Қазір құрылыс алаңында жұмыс қызу жүріп жатыр. Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, жоспарланған жұмыстың 40 пайызға жуығы аяқталған.

– Бүгінгі таңда негізгі бетон құю және қабырға қалау жұмыстары аяқталып, инженерлік желілер тартылып жатыр. Қазіргі басты міндетіміз – күн суытқанша ғимараттың шатырын жауып, ішіне жылу беру. Ал қыс мезгілінде ішкі жұмыстарға, яғни электр желісін тарту, жарықтандыру және сырлау сияқты әрлеу жұмыстарына кірісеміз. Келесі жылға ғимараттың сыртын қаптау, аумақты абаттандыру, көгалдандыру және көлік тұрағын жасау жұмыстары жоспарланған, – деді құрылыс учаскесінің шебері Ғани Бейсенов.
🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?

Тіркелу қажет емес. AI жауаптарын маңызды шешімдер алдында тексеріңіз.

Ұқсас жаңалықтар