Хромтауда 1200 адам ERG Run Fest жарысында бақ сынады. Олардың қатарында ERG кәсіпорындарының қызметкерлері, қала тұрғындары және еліміздің 17 қаласы мен елді мекенінен келген әуесқой спортшылар бар. Ал Ақтөбе ферроқорытпа зауытының балқытушылары 10 шақырым қашықтықты ыстық металдан қорғайтын арнайы жұмыс киімімен бағындырды.
Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкері Ринат Нафиков ERG Run Fest жарысына бұған дейін де бірнеше рет қатысқан. Алайда бұл жолғы сын оның есінде ерекше қалмақ: ол 10 шақырымды балқытушының алюминийленген қорғаныс костюмімен жүгіріп өтті.

– Жүгірумен айналысатын кез келген балқытушы өзін пеш жанында ғана емес, жүгіру жолында да жұмыс киімімен сынап көруді армандайтын шығар. Бастапқыда өте ыстық әрі ауыр болады деп ойладым, бірақ Хромтаудың ауа райы қолайлы болды. Өндірісте балқыған металдан қорғайтын костюмім трассада кәдімгі «термос» сияқты әсер етті. 10 шақырымды бағындыру айтарлықтай қиындық тудырмады. Балқытушының «сауытымен» жүгіру мен үшін ең ерекше тәжірибе болды, – деді Ринат.
Онымен бірге арнайы жұмыс киімімен балқытушы Александр Ольтов пен Дөң тау-кен байыту комбинатының сепараторшысы Мансур Князбай да жарыс жолына шықты.
Марафон бағдарламасына балалар арасындағы бір шақырымдық жүгіру, нәтижесі есепке алынбайтын үш шақырымдық қашықтық, сондай-ақ 5, 10 және 21 шақырымдық жарыстар кірді.

– ERG Run Fest Хромтауда бірнеше жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт ішінде жарыс қала тұрғындары асыға күтетін жақсы дәстүрге айналды. Баршаңызға зор денсаулық тілеймін. Қаламызда осындай ауқымды спорттық шаралар көп болсын, – деді Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тлеумұратов.
Бірнеше жылдан бері ERG Run Fest жарысы қайырымдылық мақсатты да қоса атқарып келеді. Биыл жарыс қорытындысы бойынша 1,9 миллион теңге жиналды. Бұл қаражат дене шынықтыру-сауықтыру орталығындағы балалар секцияларын дамытуға бағытталады.

– Бүгін әр қатысушының өз қашықтығы мен өз мақсаты бар. Бірақ барлығының басын біріктіретін ортақ іс – олар жарысқа қатысу арқылы балалар спортының дамуына үлес қосып отыр. ERG Run Fest-тің басты мәні де осында деп ойлаймын. Мәре сызығын кескеннен кейін тек жүгірушінің жеке нәтижесі ғана емес, балаларға көрсетілген нақты қолдау да қалады, – деді «Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Ержан Абдулабеков.
Жарыс қатысушылары арасында Хромтаудың «Тұлпар» жүгіру клубы ерекше көзге түсіп, оның мүшелері түрлі қашықтықта бірнеше жүлделі орынды иеленді. Барлық жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды.

ERG Run Fest жарсының тарихы 2017 жылдан бастау алады. Бүгінде бұл спорт мерекесі ERG кәсіпорындары орналасқан үш қалада – Ақсу, Хромтау және Рудныйда өткізіліп жүр. Биыл бұл марафон Ақсу қаласында мәресіне жетсе, 20 қыркүйекте Рудный қаласында жалғасын табады.