Әділет» партиясының мүшелері Талғар Әбілов, Адель Масалимова және Гүлнара Шерниязова «Банк ЦентрКредит» АҚ Ақтөбе филиалы еңбек ұжымымен кездесті. Басқосуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттары мен онда белгіленген міндеттер талқыланды. Қатысушылар Жолдауда көтерілген елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, экономиканы жаңғырту, макроэкономикалық қаржылық және құқықтық реформалар, қаржы жүйесін жетілдіру және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне назар аударды.

Гүлнара Шерниязова өз сөзінде Мемлекет басшысының қаржы жүйесін дамытуға қатысты тапсырмаларына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанның қаржы жүйесі орнықты деңгейге жеткен. Елдегі банк активтерінің 75 триллион теңгеден асуы және депозиттер көлемінің 52 триллион теңгеге жетуі қаржы саласындағы оң өзгерістерді көрсетеді.
– Президент Жолдауда жинақталған қаржы ресурстарын экономиканың нақты секторын дамытуға тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. Әсіресе, банктердің бизнесті инвестициялық кредиттеуге белсенді қатысуы маңызды. Өйткені кәсіпорындардың дамуы, жаңа өндірістердің ашылуы және жұмыс орындарының көбеюі ұзақмерзімді қаржыландыруға тікелей байланысты. Сонымен қатар капитал нарығын кеңейту, жеке кәсіпорындарды биржа құралдарын пайдалануға ынталандыру және қаржы жүйесін цифрландыру бағытындағы міндеттер де өзекті, – деді Гүлнара Шерниязова. Ол сондай-ақ бюджет қаражатын тиімді басқару, орынсыз шығындардың алдын алу және қаржылық тәртіпті күшейту жөніндегі міндеттердің маңызын атап өтті.

Талғар Әбілов өз сөзінде Мемлекет басшысының әлеуметтік саясат, әсіресе еңбекақыны арттыру және денсаулық сақтау саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларына тоқталды.
– Жолдауда халықтың табысын арттыруға ерекше мән берілген. Атап айтқанда, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеру тапсырылды. Бұл өзгеріс 1,8 миллион адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 370 мыңнан астам қызметкердің табысына әсер етеді. Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитариялық көмек мамандарының жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру көзделген. Президент медицина қызметкерлерінің еңбегін бағалауға және әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған бұл бастаманың 77 мыңнан астам маманды қамтитынын атап өтті, – деді Талғар Әбілов.

Партия мүшелерінің айтуынша, Жолдауда денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға да басымдық берілген. Ел аумақтарында сегіз заманауи перинаталдық орталық пен жеті көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланып отыр. Олардың қатарында Ақтөбе қаласындағы балалар ауруханасы да бар.
Кездесу соңында қатысушылар Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асырудың маңызын атап өтіп, елдің қаржы жүйесін дамыту, әлеуметтік қолдауды күшейту және денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері бойынша пікір алмасты. Басқосу барысында еңбек ұжымының сауалдарына жауап беріліп, ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
М.ТАБЫН.