ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ-ға қарасты Ақтөбе ферроқорытпа зауытында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Шараға tilshi.net тілшісі де қатысып, ірі кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты. Өндіріс алаңына шықпас бұрын журналистерге арнайы қауіпсіздік нұсқаулығы өткізіліп, зауыттың тарихы мен бүгінгі жұмысы туралы қысқаша мағлұмат берілді. Бұдан соң тілшілер кәсіпорында салынып жатқан кәдеге жарату электр станциясының құрылыс алаңын аралап көрді.
Бұл – феррохром балқыту кезінде бөлінетін ферроқорытпа газын өнеркәсіптік ауқымда кәдеге жаратып, электр энергиясына айналдыратын ТМД-дағы алғашқы жоба.

– Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді көздеп отыр. Бұл – Мемлекет басшысы айқындаған міндет, сондықтан өнеркәсіп саласы да оны орындауға өз үлесін қосуы тиіс. Кәдеге жарату станциясының құрылысы – ERG-дің экологиялық стратегиясындағы маңызды бағыттардың бірі. Біз феррохром өндірісі кезінде түзілетін газды электр энергиясын өндіруге жұмсаймыз. Бұл қолда бар ресурстарды тиімді пайдаланып, дәстүрлі энергия көздерін тұтынуды азайтады әрі өндірістің экологиялық тазалығын арттырады. Сонымен қатар электр қуатын өзіміз өндіргенде зауыттың және жалпы өңірдің энергетикалық тұрақтылығы нығая түседі, – дейді «Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Ержан Абдулабеков.
Құрылыс алаңында не істеліп жатыр?
Қазір болашақ электр станциясының негізгі нысандары бой көтеріп келеді. Атап айтқанда, жоғары қысымды екі бу қазандығы орнатылып, бас корпус пен турбина бөлімі, газгольдер, градирня және түтін мұржасы салынып жатыр. Бұған қоса мамандар инженерлік желілер тартып, электротехникалық жабдықтарды құрастыруға кіріскен.
Болашақ станцияның белгіленген қуаты – 80 МВт. Ол сағатына 80 мың текше метрден астам ферроқорытпа газын кәдеге жаратып, жылына 532 млн кВт·сағ-қа дейін электр энергиясын өндіреді.

– Жобаның басты ерекшелігі – құрылыс ауқымы мен күрделі инженерлік шешімдерде ғана емес, жаңа станцияны жұмыс істеп тұрған зауыт инфрақұрылымына кіріктіруінде. Біз төртінші балқыту цехымен технологиялық байланыс орнатып, ферроқорытпа газын қабылдау мен дайындау жүйесін жолға қоюымыз керек. Кейін одан алынған электр энергиясын зауыт желісіне береміз. Сонымен бірге жұмыстың басым бөлігі негізгі өндірісті тоқтатпай жүргізіледі. Мұның бәрі мұқият жоспарлауды, жоғары инженерлік біліктілікті және жоба командасы, зауыт мамандары мен мердігер ұйымдардың үйлесімді еңбегін талап етеді, – дейді жоба жетекшісі Медет Сатов.
Әлемдік рекорд орнатқан №4 балқыту цехы
Баспасөз туры аясында журналистер зауыттың технологиясы ең озық бөлімшелерінің бірі – №4 балқыту цехының жұмысын да көрді. Биыл жыл соңына қарай цех іске қосылғалы бері мұнда балқытылған феррохромның жалпы көлемі 4 млн тоннаға жетпек.

Цехта әрқайсысының қуаты 72 МВт болатын төрт тұрақты ток пеші орнатылған. Бұлар – өз санатындағы әлемдегі ең қуатты пештер. Бүгінде жабдық 75 МВт қуатта тұрақты жұмыс істеп тұр.
2025 жылғы шілдеде осы цехтағы №43 пеш әлемдік рекорд орнатты: мамандар бір технологиялық циклде 177 тонна жоғары көміртекті феррохром балқытып шығарды. Бұл – дәстүрлі феррохром балқыту технологияларының мүмкіндігінен әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Аталған жетістік World Book of Records кітабына ресми түрде енгізілді.

№4 цех 2014 жылы пайдалануға берілген. Содан бері зауыт мамандары бірегей технологияны меңгеріп қана қоймай, бастапқы жобалық көрсеткіштерден де асып түсті. Қазір Ақтөбе ферроқорытпа зауыты өнімінің шамамен 60 пайызы осы цехта өндіріледі. Жаңа цехтың іске қосылуы зауыттың өндірістік қуатын екі еседен астам арттырып, ферроқорытпа өндірісін жылына 300 мың тоннадан 700 мың тоннаға дейін жеткізді.