×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

«Әділет» партиясы жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға басымдық береді

«Әділет» партиясы жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға басымдық береді
фото: «Әділет» партиясы

«Әділет» партиясынан Ақтөбе облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар Гүлқасима Сүйінтаева мен Қайрат Болсын «Қазақстан темір жолы» АҚ Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінің еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында кандидаттар «Әділет» партиясының 2026-2031 жылдарға арналған өңірлік сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.

фото: «Әділет» партиясы

Гүлқасима Сүйінтаева партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасы негізгі тоғыз бағыттан тұратынын атап өтті. Оның айтуынша, бағдарламаның басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, қала мен ауыл арасындағы даму алшақтығын азайтып, барлық елді мекен тұрғындарына қолайлы жағдай жасау. Осы мақсатқа жету үшін өңірдің инфрақұрылымын жаңғырту, жұмыспен қамтуды арттыру және әлеуметтік саланы дамыту бағытында нақты міндеттер белгіленген.

фото: «Әділет» партиясы

— 2031 жылға қарай жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 93 пайызға жеткізу көзделген. Осы мақсатта 107 шақырым облыстық және аудандық, 228 шақырым кентішілік автомобиль жолын салу және реконструкциялау, сондай-ақ 940 шақырым облыстық және аудандық, 167,9 шақырым кентішілік жолды күрделі және орташа жөндеу жоспарланып отыр, — деді Гүлқасима Сүйінтаева.

фото: «Әділет» партиясы

Қайрат Болсын бағдарламада халықтың әл-ауқатын арттыру мен жұмыспен қамту мәселелеріне де басымдық берілгенін атап өтті. Ол 2031 жылдың соңына дейін кемінде 100 мың адамды жұмыспен қамтып, 67 мың жаңа жұмыс орнын құру, жыл сайын 5,5 мың адамға субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру және 340 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жоспарланғанына тоқталды. Сондай-ақ облыстағы орташа жалақыны 500 мың теңгеге дейін арттыру көзделгенін айтты.

фото: «Әділет» партиясы

«Қазақстан темір жолы» АҚ Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінің персоналды басқару бөлімінің басшысы Гүлден Елеместің айтуынша, өңіріміздегі теміржол инфрақұрылымының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп келе жатқан мекеме құрамындағы құрылымдық бөлімшелерде барлығы 7 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олардың қатарында жол шаруашылығы, сигнализация және байланыс, электрмен жабдықтау салаларының мамандары, станция басшылары мен кезекшілері бар.

– Бөлімшенің негізгі міндеті – магистральдық теміржол желісіндегі қозғалыс қауіпсіздігін сақтау және пойыздар қатынасының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету. Биыл жыл басынан бері жеті разъезд ашылып, жүзге жуық адам жұмысқа орналастырылды. Бұл – теміржол саласындағы жұмыспен қамту мүмкіндіктерінің артып келе жатқанын көрсетеді. Өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесінің маңызы зор. Сондықтан еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандар даярлап, тұрақты жұмыс орындарын көбейту бағытындағы бастамаларды қолдаймыз, — деді Гүлден Елемес.

фото: «Әділет» партиясы

Жиынға қатысушылар өңірдің көлік инфрақұрылымын дамыту, теміржол саласындағы еңбек жағдайын жақсарту және халықты жұмыспен қамту мәселелері төңірегінде пікір алмасты. Кездесу соңында кандидаттар еңбек ұжымының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бастамалардың маңызын атап өтті.

Тапсырыс беруші: Алишев К.К.

Ақтөбе облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.

🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?

Тіркелу қажет емес. AI жауаптарын маңызды шешімдер алдында тексеріңіз.

Ұқсас жаңалықтар