×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

Ақтөбеде сот әрекетке қабілетсіз азаматты мемлекеттік пәтерден шығаруға жол бермеді

Ақтөбеде сот әрекетке қабілетсіз азаматты мемлекеттік пәтерден шығаруға жол бермеді
Фото: pexels.com

Ақтөбеде апелляциялық сот әрекетке қабілетсіз азаматтың мемлекеттік пәтерде тұру құқығын сақтап қалды. Бұған дейін бірінші сатыдағы сот оны отбасы мүшелерімен бірге баспанадан шығару туралы шешім қабылдаған, деп хабарлайды Tilshi.Net Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сот мәліметінше, 2009 жылы жетім балалар санатына жататын азаматқа мемлекеттік тұрғын үй қорынан екі бөлмелі пәтер берілген. Ол баспанада екі ағасымен бірге тұрған. Кейін жасалған жалдау шартында ағалары отбасы мүшелері ретінде тіркелген.

Алайда жалдау шартының мерзімі аяқталғаннан кейін Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі пәтер жалдаушыны, оның жұбайын және ағасын кәмелетке толмаған балаларымен бірге басқа баспана берместен шығаруды талап еткен. Бірінші сатыдағы сот бұл талапты қанағаттандырған.

Сот шешімімен келіспеген жауапкерлер апелляциялық шағым түсірді. Олар әрекетке қабілетсіз деп танылған отбасы мүшесінің тұрғын үйге құқығы ескерілмегенін алға тартқан.

Апелляциялық сот істі қайта қарап, азаматтың 2006 жылы сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылғанын анықтады. Оның бала кезінен ІІ топтағы мүгедектігі бар. Сондай-ақ 2009 жылдан бері аталған пәтерде тұрып келген және меншігінде басқа баспанасы жоқ.

Сот пәтер жалдаушының жұбайы басқа тұрғын үй сатып алғанымен, бұл жағдай әрекетке қабілетсіз азаматтың мемлекеттік пәтерді пайдалану құқығын тоқтатуға негіз болмайтынын атап өтті.

Нәтижесінде апелляциялық сот бірінші сатыдағы шешімді ішінара өзгертті. Әрекетке қабілетсіз азаматты баспанадан шығару туралы талап қанағаттандырылмады.

Ал пәтер жалдаушы мен оның жұбайын тұрғын үйден шығару туралы сот шешімі өзгеріссіз қалды.

🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?

Тіркелу қажет емес. AI жауаптарын маңызды шешімдер алдында тексеріңіз.

Ұқсас жаңалықтар