×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

Хоббиден үлкен бизнеске: Гүлнұр Сермағанбетова авторлық турлар мен Түркиядағы туризм тәжірибесі туралы

Хоббиден үлкен бизнеске: Гүлнұр Сермағанбетова авторлық турлар мен Түркиядағы туризм тәжірибесі туралы
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Соңғы жылдары қазақстандықтар арасында шетелге саяхаттауға деген қызығушылық күннен-күнге артып келеді. Әлеуметтік желілердің ықпалы, тікелей әуе рейстерінің ашылуы және авторлық тур ұйымдастыратын компаниялардың көбеюі бұл үрдісті одан әрі жеделдете түсті. Gunesh Tour агенттігінің жетекшісі Гүлнұр Сермағанбетова хоббиден басталған кәсібі, отандық туристердің өзгерген талғамы және Түркия туризмінен үйренер тұстар жайлы тәжірибесін бөлісті.

Хоббиден басталған отбасылық бизнес

Гүлнұр Сермағанбетованың айтуынша, туризм саласындағы бұл жоба бастапқыда саяхатқа деген үлкен қызығушылықтан, жай ғана хобби ретінде басталған. Кейін туристер тарапынан сұраныс артып, ауқымды кәсіпке айналды.

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Кәсіпкер бұл бизнесті жұбайымен бірге жүргізеді. Ерлі-зайыптылардың міндеттері нақты бөлінгендіктен, ортақ істе айтарлықтай қиындық туындамайды.

«Мен маркетинг бағытындағы барлық жауапкершілікті өз мойныма аламын, ал компанияның операциялық жұмыстарына жолдасым жауап береді», — дейді Гүлнұр Сермағанбетова.

Агенттік құрылған күннен бастап саяхатты барынша жеңіл әрі қолжетімді етуді мақсат тұтқан. Осы себепті компания көбіне Қазақстанның батыс өңірлеріне — Ақтау мен Ақтөбе қалаларына басымдық береді. Себебі бұл бағыттар ұшу уақыты мен қаражат жағынан ең тиімді саналады. Соған қарамастан, бағасы мен шарты қолайлы болғандықтан, Шымкент, Астана және Алматыдан келіп, Ақтау не Ақтөбе арқылы ұшатын саяхатшылар да аз емес.

Кәсіпкердің сөзінше, авторлық турлардың дәстүрлі туроператорлардан басты айырмашылығы — толық сүйемелдеу мен тиімді маршрут. Әр тур барысында гидтер туристердің қасында таңнан кешке дейін бірге жүреді, ал дұрыс құрылған бағдарлама бір күнде жеті-сегіз локацияны көріп үлгеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар турлардың бағасы бюджетті болып келеді. Алдағы уақытта өз бетінше саяхаттау да, туроператор қызметіне жүгіну де қатар дами бермек, өйткені бір сапарын өзі ұйымдастырған турист келесі жолы дайын турды таңдауы мүмкін.

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Саяхат мәдениеті қалай өзгерді?

Бұрын қазақстандықтар үшін демалыс ұғымы тек жағажай мен қонақүйдің аумағында уақыт өткізумен шектелсе, қазір саяхаттау мәдениеті оң бағытқа өзгеріп келеді. Бүгінде бір рюкзакпен жолға шығып, барған елінің тарихын, мәдениетін және жергілікті халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігін зерттеуге құмар жандар көбейген.

Агенттік қызметін таңдайтындардың басым бөлігі — жастар, дегенмен отбасымен де, егде жастағы кісілермен де саяхаттайтындар бар. Соңғы уақытта жалғыз шығып, қаланы өз бетінше танып-білуді қалайтын соло-саяхатшылардың қатары артқан.

Тағы бір қуантарлық үрдіс — балалардың ата-анасына шетелге жолдама сыйлауы.

«Қазіргі жастар 50-60 жас мерейтойға дүркіретіп той жасаудың орнына, ата-анасына шетелге саяхат сыйлап жатады. Соның бірі — өзім, биыл әке-шешемнің шетелге алғашқы сапарын ұйымдастырдым», — деп атап өтті кәсіпкер.
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ыстамбұлдың тартымдылығы: сериалдар мен Осман тарихы

Түркияның әр қаласының өзіндік ерекшелігі бар. Ал Ыстамбұлға келген туристерді әуежайдан түскен сәттен бастап қаланың ауқымы, Босфор бұғазының көрінісі, теңіз бен табиғат және түріктердің өмір сүру мәдениеті таңғалдырады. Қазақстанда қалыпты саналмайтын кейбір тұрмыстық жағдайлар мұнда үйреншікті көрініс болғандықтан, алғаш келгендер аздап таңырқап жатады.

Қазақстандық саяхатшылардың басым бөлігі бала кезден теледидардан көріп өскен сүйікті түрік сериалдары түсірілген локацияларды өз көзімен көруге құмар. Ал тарихи нысандарға келгенде, Византия дәуірінен гөрі Осман империясының тарихына қызығушылық танытатындар әлдеқайда көп.

Түркия жайлы стереотиптер және шындық

Гүлнұр Сермағанбетова Түркияға қатысты жиі кездесетін стереотиптер мен нақты өмірдегі жағдайды да атап өтті:

 «Түріктер туристерді алдайды» деген пікір. Бұл көзқарас туристік аудандарда болған бірен-саран жағдайлардан қалыптасқан. Шын мәнінде, түрік халқы өте қонақжай, әсіресе тілі мен діні ұқсас қазақтарға бір бүйрегі бұрып тұрады. Базарларда «қазақпын» деген саяхатшыларға шағын сыйлықтарын ұсынып, ерекше құрмет көрсететін сәттер жиі кездеседі.

 «Тауарлар су тегін» деген түсінік. Үлкен буын өкілдері Ыстамбұлды сауданың отаны ретінде көріп, баға өте арзан болады деп ойлайды. Алайда бұл — алып мегаполис, ал соңғы үш-төрт жылдағы инфляция өз ізін қалдырды. Сондықтан қазіргі бағаны 2000-жылдардағымен салыстыруға келмейді.

Жол қозғалысы тәртібі. Келіп көрмеген адам сенбеуі мүмкін, бірақ мұнда жаяу жүргіншілердің де, жүргізушілердің де 90 пайызы жол ережесін сақтай бермейді — бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету үйреншікті жағдай.

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазақстан туризміне не жетіспейді?

Кәсіпкердің пікірінше, Түркияның туризм саласы әлдеқайда алға озған және Қазақстанның үйренетін тұстары көп. Ең алдымен, онда тек бизнес өкілдері ғана емес, қарапайым жергілікті тұрғындар да әрбір туристің мәселесін шешіп беруге тырысады. Олар мұны тек экономикалық пайда үшін емес, өз елінің абыройы мен ұлттық мүддесі ретінде сезінеді.

Гүлнұр Сермағанбетова еліміздегі қызмет көрсету деңгейінің артуымен қатар, тарихи және туристік нысандарда сараланған баға жүйесі енгізілсе деген ұсынысын жеткізді.

«Түркиядағы барлық тарихи және туристік орындарда жергілікті азаматтарға — бір баға, шетелдік қонақтарға — басқа баға қойылады. Бізде де Алматыдағы Шымбұлақ пен Медеуге, Ақтаудағы Бозжыраға қазақстандықтардың қалтасы көтеретіндей баға ұсынылса, ал инфрақұрылым мәселесі мемлекет тарапынан жүйелі түрде қолға алынса екен деген ой бар», — деп түйіндеді ол.
🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?

Тіркелу қажет емес. AI жауаптарын маңызды шешімдер алдында тексеріңіз.

Ұқсас жаңалықтар