Жазушы Перизат Мырзахметтің жуырда жарық көрген «Қайырымсыз қаланың тұрғындары» кітабын ағылшын тіліне аударып, шетелде басып шығару құқығын шетелдік баспа сатып алған. Бұл туралы WiK (Written in Kazakhstan) баспа жобасының жетекшісі Әлия Әшім Алматыда өткен әдеби кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды Tilshi Books жобаның Instagram парақшасына сілтеме жасап.
Оқырманмен кездесу барысында Әлия Әшім жазушы Перизат Мырзахметке тосынсый жасап, оның кітабын ағылшын тіліне аудару және шетелде басып шығару құқығының сатылғанын хабарлады.
Айта кетейік, «Қайырымсыз қаланың тұрғындары» кітабы қазақ тілінде шамамен бір ай бұрын ғана жарық көрген.
Шығармада қылмыс жасап, жазасын түрмеде өтеп жатқан әртүрлі буын өкілдері – үш әйелдің тағдыры баяндалады. Жас қыз, келіншек және әженің өмір жолдары бір-біріне ұқсамағанымен, оларды ортақ тағдыр тоғыстырады. Автор олардың бастан кешкен оқиғалары арқылы еркіндік, қоғамдағы қатыгездік, адам тағдыры мен жақын адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынас мәселелерін қозғайды.
«Түрмеге ең жақын адамдар қамайды… Шын абақты – өзіміз», – делінген кітаптың сипаттамасында.
Қазақ тілінде жарық көргеніне көп уақыт өтпеген туындының шетелдік баспаның қызығушылығын тудыруы оның халықаралық оқырманға жол ашуына мүмкіндік бермек.
Әзірге кітапты ағылшын тілінде шығаратын шетелдік баспаның атауы мен аударманың жарық көретін мерзімі жарияланған жоқ.