Шалқар ауданында мектеп қаражатын жымқырған үш бухгалтер сотталды, деп хабарлайды Tilshi.Net Шалқар аудандық прокуратурасына сілтеме жасап.
Анықталғандай, «№5 мектеп-лицейі» КММ-нің бас бухгалтері басқа екі бухгалтермен бірге 2021–2024 жылдары мектеп директорының электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, қызметкерлердің жалақысын белгіленген мөлшерден артық есептеп, аударуды ұйымдастырған. Қызметкерлер артық аударылған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, бухгалтерлерге берген.
Аталған факті бойынша Шалқар ауданының прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша қылмыстық іс тіркеген.
Шалқар аудандық сотының үкімімен үш бухгалтер кінәлі деп танылды. Бас бухгалтер 8 жылға, ал қалған екі бухгалтер 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар сотталғандардың барлығына 10 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Алайда кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты сот тағайындалған жазаны өтеуді кейінге қалдырды.
Үкім заңды күшіне енді.