×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

Израиль СІМ-де Қазақстан мен Әзербайжан делегацияларымен кездесу өтті

Израиль СІМ-де Қазақстан мен Әзербайжан делегацияларымен кездесу өтті
Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Израиль Сыртқы істер министрлігінде Еуразия және Батыс Балқан істері бюросының басшысы Лиат Вексельман Қазақстан мен Әзербайжан делегацияларымен кездесті. Кездесу өңір елдері арасындағы мәдениетаралық диалогты, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған халықаралық SHARAKA бағдарламасы аясында өтті.

Кездесу барысында қатысушылар мемлекетаралық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылап, одан әрі ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қарастырды.

Тараптар инновациялар, киберқауіпсіздік, медиа және жасанды интеллект салаларындағы әріптестікті дамыту мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ «Израиль – Қазақстан – Әзербайжан» жаңа үшжақты ынтымақтастық форматын құру және «С5+1» платформасы аясындағы байланыстарды тереңдету перспективалары қаралды.

Кездесуде өңірлік қауіпсіздік мәселелері мен қазіргі геосаяси сын-қатерлерге де назар аударылды.

Гуманитарлық бағыттағы талқылау барысында тараптар конфессияаралық диалогтың маңызын атап өтті. Толеранттылық пен бейбіт қатар өмір сүрудің үлгісі ретінде Қазақстан мен Әзербайжандағы еврей қауымдастықтарының жағдайы атап өтілді.

Сонымен қатар тараптар мемлекеттер арасындағы туристік байланыстарды кеңейту перспективаларын, оның ішінде Израиль мен Қазақстан арасындағы тікелей тұрақты әуе рейстерін қайта іске қосу мүмкіндігін талқылады.

SHARAKA — Авраам келісімдеріне қол қойылғаннан кейін 2020 жылы құрылған халықаралық үкіметтік емес ұйым. Ұйым Израиль, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдерінен жас көшбасшыларды, ғалымдарды, кәсіпкерлерді, журналистерді және азаматтық қоғам өкілдерін біріктіреді. Оның қызметі кәсіби және мәдениетаралық байланыстарды, білім беру алмасуларын және өңірлік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

SHARAKA бағдарламасы аясында 2026 жылғы тамызда Қазақстан мен Әзербайжаннан делегациялар Израильге барды. Бағдарлама аясында елдің тарихи және мәдени нысандарын аралау, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды.

🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?

Тіркелу қажет емес. AI жауаптарын маңызды шешімдер алдында тексеріңіз.

Ұқсас жаңалықтар