×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

Ақтөбеде оқушыларға арналған Space Camp өтеді

Ақтөбеде оқушыларға арналған Space Camp өтеді
Фото: Ұйымдастыру комитеті

Ақтөбеде 20–24 қазан аралығында 14–19 жас аралығындағы оқушыларға арналған Space Camp практикалық STEAM-бағдарламасы өтеді. Қатысушылар ракета, планетоход, қону аппараты және шағын спутник жасап, өздерінің ғарыш миссиясын әзірлейді.

Space Camp бағдарламасына қатысушылар ғарыш миссиясының негізгі кезеңдерін тәжірибе жүзінде меңгереді. Бес күн ішінде олар су ракеталарын құрастырып, аэродинамика мен инженерлік жобалаудың негіздерін үйренеді, қону аппараттарын сынақтан өткізеді және кедергілерден өте алатын планетоходтар жасайды.

Сонымен қатар оқушылар дерек жинауға арналған датчиктері бар шағын «спутник» құрастырып, оның жұмысын тексереді. Бағдарлама барысында қатысушылар тарту күші мен ұшу траекториясын есептеу, конструкцияның беріктігін сынау және техникалық шешімдерді жетілдіру сияқты тапсырмаларды орындайды.

Space Camp соңында әр команда өз ғарыш миссиясын таныстырып, қандай құрылғы жасағанын, оның қалай жұмыс істейтінін және жобаны одан әрі қалай жетілдіруге болатынын қорғайды.

Жоба «Мейкерспейс кеңейеді!» желісі аясында Қазақстандағы АҚШ Дипломатиялық миссиясы мен «Шеврон» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бағдарламаның негізгі мақсаты — жастардың инженерлік ойлауын, командалық жұмыс дағдыларын және ғылым мен технологияға қызығушылығын дамыту.

«Біз жасөспірімдер ғарыш туралы тек оқып қана қоймай, оны өз қолымен құрастырғанын қалаймыз. Space Camp инженерлік ойлауды нақты өмірдегідей үйретеді: құрастырасың, бұзасың, талдайсың және жақсартасың. Болашақ инженерлер мен ғалымдар дәл осылай қалыптасады», — дейді «Мейкерспейс кеңейеді!» желісінің бағдарлама менеджері Әділет Болатхан.

Қазақстан бойынша бағдарламаға алдын ала іріктеуден өткен 100-ден астам оқушы қатысады. Олар жеті Makerspace алаңында, сондай-ақ Шымкенттегі мобильді Makerspace-тің көшпелі жұмысы аясында білім алады.

Ақтөбедегі Space Camp туралы:

* Өтетін күндері: 20–24 қазан 2026 жыл.

* Өтетін орны: Makerspace Aktobe, С. Баишев атындағы кітапхана, 102-кабинет;

* Қатысушылар жасы: 14–19 жас;

* Қатысу: тегін;

* Орын саны: шектеулі.

Тіркелу: Google Forms арқылы



Қосымша ақпарат үшін:

Өтегенова Дана Игіжанқызы

+7 701 765 04 60

acaktobe@kz.americanspaces.info

Instagram: american_corner_aktobe

🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?

Тіркелу қажет емес. AI жауаптарын маңызды шешімдер алдында тексеріңіз.

Ұқсас жаңалықтар