Ақтөбе қалалық соты өндірістегі жазатайым оқиға салдарынан ауыр жарақат алып, ІІ топ мүгедегі атанған қызметкердің азаматтық ісіне нүкте қойды. Сот шешімімен жұмыс беруші серіктестік жәбірленушіге 10 миллион теңгеден астам өтемақы төлеуге міндеттелді. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлаймыз.
Сот талқылауы барысында оқыс оқиғаның тікелей жұмыс берушінің кінәсінен болғаны дәлелденді. Анықталғандай, ЖШС басшылығы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, заңнама талаптарын сақтамаған.
Осы салғырттықтың кесірінен Б. есімді қызметкер ауыр дене жарақаттарын алған. Іс материалдары мен медициналық сараптама қорытындыларына сәйкес, жәбірленушіге ІІ топтағы мүгедектік тағайындалып, оның кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі 80 пайызды құрады.
Жәбірленушіге келтірілген материалдық және моральдық шығынды бағалай келе, сот талап-арызды ішінара қанағаттандырды. Моральдық зиян көлемін бекіту барысында қызметкердің алған жарақатының ауырлығы, емделуге кеткен уақыты, тән және жан азабы, сондай-ақ оның бұрынғы өмір салтының бұзылуы қатаң ескерілді.
Нәтижесінде сот шешімімен жұмыс берушіден қызметкердің пайдасына:
- 10 000 000 теңге – моральдық зиян өтемақысы;
- 255 000 теңге – дәрі-дәрмек сатып алуға және емделуге барып-қайту жолақысын қамтитын материалдық залал өндірілді.
Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.