Негев шөлі тек аптап ыстық пен құм төбелерін ғана емес, сонымен қатар таңғажайып адам тағдырларын да ішіне бүгіп жатыр. Жақында Tilshi тәуелсіз медиасының журналисі Sharaka бағдарламасының халықаралық делегациясы құрамында Израильдің Рахат қаласына барып қайтты. Сапардың мақсаты — терең тарихи дәстүрлер мен қарыштап өзгеріп жатқан қазіргі заман арасында өмір сүріп жатқан бәдәуилер қоғамымен жақынырақ танысу еді.
«Бәдәуи» сөзінің өзі арабтың «бадауи» сөзінен шыққан және «шөл дала тұрғыны» немесе «көшпелі» дегенді білдіреді. Мыңдаған жылдар бойы бұл тайпалар шөл жағдайына бейімделген көшпелі өмір салтын ұстанып келді. Олардың мәдениеті мал шаруашылығымен, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың кең даласымен, тайпалық байланыстармен, поэзиямен және қонақжайлық дәстүрімен тығыз байланысты.
Қазіргі әлемде көшпелі өмір салты біртіндеп отырықшы тіршілікке жол беріп, бәдәуилер қоғамының әлеуметтік құрылымын да өзгертті. Бұл өзгерістер дәстүр мен қазіргі өмір салтының арасындағы жаңа тепе-теңдікті іздеу процесімен қатар жүріп жатыр.

Бүгінде арабтар Израиль халқының шамамен 21 пайызын құрайды. Олардың арасында мұсылмандар, христиандар және друздар бар. Делегациямызға Вахид есімді жергілікті тұрғын әрі жолсерік айтып бергендей, бәдәуилер тарихи тұрғыдан малға жайылым іздеп, көшіп-қонып жүрген тайпалардан тұрады.
Оның айтуынша, бәдәуилердің ата-бабалары Сауд Арабиясы, Ирак, Сирия және Мысырдан келген. 1948 жылы Израиль мемлекеті құрылғаннан кейін олардың бір бөлігі осы аумақта қалды. Бүгінде бәдәуилер елдің солтүстігінде, орталығында және оңтүстігінде — Негев шөлінде тұрады. Бәдәуилер шоғырланған ресми елді мекендердің бірі — Рахат қаласы.
Бұл қоғамның ішкі әлемі де біркелкі емес. Вахидтің түсіндіруінше, тарихи тұрғыдан бәдәуилер бірнеше әлеуметтік топтан құралған. Олардың арасында тайпалардың байырғы ұрпақтары, феллахтар — егіншілікпен айналысқан қауымдар және Африкадан шыққан адамдардың ұрпақтары бар.
Алайда қазіргі кездегі айырмашылықтардың бірі адамдардың заманауи өмірге бейімделу деңгейінен көрінеді. Бәдәуилердің бір бөлігі жоғары білім алып, медицина, құқық және басқа да кәсіби салаларда жұмыс істейді. Енді бір бөлігі дәстүрлі ауылдарда, соның ішінде ресми мәртебесі мәселелі елді мекендерде тұрып, жұмыссыздық пен әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға тап болып отыр.
Жаңа технологиялар да қоғамның ішкі құрылымына әсер етіп жатыр. Вахидтің байқауынша, интернет пен TikTok сияқты әлеуметтік желілер жастардың дүниетанымы мен қарым-қатынас үлгісін өзгертуде. Оның айтуынша, жастар дәстүрлі иерархияны бұрынғыдай қабылдай бермейді, соның салдарынан бұрын маңызды рөл атқарған шейхтердің қоғамдық беделі де өзгеріп келеді.
Вахид жастар арасындағы жұмыс пен білім мүмкіндіктерінің шектеулілігіне де назар аударды. Оның айтуынша, мұндай жағдайда әлеуметтік желілер мен интернеттің қолжетімділігі кейбір жастарды қылмыстық ортаға тартуы мүмкін. Ол есірткі мен қару-жарақ контрабандасы, сондай-ақ рэкет сияқты мәселелерді атады. Вахидтің пікірінше, мұндай факторлар қоғам ішіндегі қақтығыстар мен зорлық-зомбылықтың өсуіне әсер етуі мүмкін.
Бұл дәуірлер тоғысы бір отбасының ішінде де әртүрлі көрініс табуы ықтимал. Вахидтің айтуынша, бір үйдегі ағайынды екі жігіттің бірі Израиль армиясында ізкесуші болып қызмет етсе, екіншісі көше ықпалына түсіп немесе радикалды идеяларға қызығуы мүмкін. Оның пікірінше, мұндай қайшылықтар әлеуметтік-экономикалық мәселелермен қатар жүреді.
Бәдәуилер қоғамының қазіргі мәселелері туралы сөз болғанда, Вахид Хайфа мен Яффо қалаларындағы араб тұрғындарын да мысалға келтірді. Оның айтуынша, бұл қалаларда араб тұрғындарының білім мен еңбек нарығына қол жеткізу мүмкіндіктері кеңірек. Вахид мұндай әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктер жастардың қылмыс пен радикалды идеяларға тартылу қаупін азайтуы мүмкін деп санайды.

Алайда бәдәуилер қоғамының жағдайын тек қылмыс, жұмыссыздық немесе әлеуметтік мәселелер арқылы сипаттау жеткіліксіз. Бұл — өзіндік мәдениеті, дәстүрлері мен ішкі байланыстары бар қауым. Оның үстіне, қазіргі бәдәуилердің барлығы бірдей бір өмір салтын ұстанбайды: біреулері қалалық ортаға бейімделсе, енді біреулері дәстүрлі өмір салтын сақтауға тырысады.
Sharaka делегациясының Рахатқа сапары бәдәуилер қоғамының бүгінгі өмірі бір ғана сипатқа сыймайтынын көрсетті. Бір жағында — ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлер, тайпалық байланыстар мен мәдени ерекшеліктер тұрса, екінші жағында — білім, еңбек нарығы, технология және қалалық өмірге бейімделу мәселелері бар.
Бұл өзгерістер барлық отбасы мен қауымға бірдей әсер етіп жатқан жоқ. Біреулер заманауи білім мен кәсіби мүмкіндіктерді пайдаланса, енді біреулер әлеуметтік-экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр. Рахаттағы бәдәуилердің бүгінгі өмірі осы қарама-қайшылықтардың қатар өмір сүріп жатқанын көрсетеді.
Дәстүр мен қазіргі заманның арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтау керек деген сұрақ қоғамның өз ішінде де, одан тыс жерде де талқыланып келеді. Ал Негевтегі бәдәуилердің күнделікті өмірі бұл өзгерістердің абстрактілі ұғым емес, нақты адамдардың тағдырына әсер ететін процесс екенін көрсетеді.