Ақтөбелік спортшылар Жапонияда өткен ХХ Азия ойындарында MMA-дан екі алтын медаль жеңіп алды. Бүгін чемпиондар туған жеріне оралды.
24 қыркүйек күні Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе халықаралық әуежайында Азия ойындарының чемпиондары Еркінғали Бүркіталин мен Қадырбек Шынбаевты салтанатты түрде қарсы алды.
Жапонияның Аичи–Нагоя қалаларында өткен ХХ Азия ойындарында ақтөбелік қос спортшы аралас жекпе-жектен (MMA) алтын жүлдеге ие болды.
Еркінғали Бүркіталин 77 келіге дейінгі салмақта Traditional санатында өнер көрсетіп, финалда Бахрейн спортшысы Мухаммад Набиевті 3:0 есебімен жеңді. Осылайша ол Азия ойындарының чемпионы атанды.
Ал Қадырбек Шынбаев 71 келіге дейінгі салмақтағы Modern санатында финалға шығып, Тәжікстан өкілі Бехруз Хуршедзоданы 3:0 есебімен ұтты.
Екі спортшы да жарыста қарсыластарынан басым түсіп, Ақтөбеге қос алтынмен оралды.
Чемпиондарды әуежайдан спорт қауымдастығының өкілдері, жаттықтырушылар, туған-туыстары мен жанкүйерлері күтіп алды. Олар спортшыларды жеңістерімен құттықтап, алдағы жарыстарына сәттілік тіледі.
Ақтөбелік спортшылардың Азия ойындарындағы бұл нәтижесі өңірдің аралас жекпе-жек спортындағы жетістіктерінің қатарын толықтырды.