Өмірді сақтандыру — адамды және оның отбасын күтпеген жағдайлардан қаржылық тұрғыдан қорғауға, сондай-ақ ұзақ мерзімді мақсаттарға қаражат жинауға мүмкіндік беретін қаржы құралдарының бірі. Бірақ Қазақстанда бұл жүйеге деген көзқарас әлі де әртүрлі.
Біреулер үшін сақтандыру — отбасының болашағын ойлаудың және қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бір жолы. Енді біреулер сақтандыру компанияларына сенбейді немесе қазіргі табыс жағдайында полиске ақша бөлуді артық шығын деп санайды.
Бұған халықтың қаржылық мүмкіндігі ғана емес, тарихи тәжірибесі, менталитеті және қаржылық сауаттылығы да әсер етуі мүмкін.
Азаматтық журналист Мөлдір Ғапиз осы тақырып бойынша сақтандыру нарығының үш қатысушысынан пікір сұрады. Олар халықтың сақтандыруға деген көзқарасы, жеке тәжірибесі және бұл қаржы құралының мүмкіндіктері туралы айтып берді.
Анар Даумова, «Ақбөбек» мектебінің атқарушы директоры

Қазақ халқында жамандықты алдын ала ойлағысы келмейтін түсінік бар. «Құдай сақтасын» дейміз. Сондықтан қандай да бір апат, ауру немесе басқа да қиындық болуы мүмкін екенін алдын ала ойлап, одан сақтандыру полисін алу мәдениеті бізге енді ғана сіңіп келе жатыр.
Мысалы, адамның денсаулығын алдын ала тексеруден өткізу, чекап жасау әдеті де қоғамда жаңадан қалыптасып келеді. Көп адам өзін бір жері ауырмаса, дәрігерге барудың қажеті жоқ деп есептейді. Сақтандыруға деген көзқарас та осыған ұқсас.
Бұған қоса, үлкен буынның қаржы институттарына деген сеніміне өткеннің әсері бар деп ойлаймын. Кеңес заманында және тоқсаныншы жылдардағы реформалар кезінде адамдардың жинаған ақшасы құнсызданып, кей жағдайда мүлдем жоғалып кетті. Сондықтан қаржы ұйымдарына деген сенімсіздік қалыптасты.
Менің өз тәжірибемде де осындай жағдай болды. Бір кездері сақтандыруға 125 мың теңге жарна төледім, кейін ол ақша қайтарылмай, жоғалып кетті. Мұндай жеке тәжірибе де адамның сақтандыру жүйесіне деген сеніміне әсер етеді.
Бүгінде көптеген отбасы үшін бірінші орында ипотека, несие, бала-шағаның шығыны, күнделікті тамақ мәселесі тұр. Осындай жағдайда сақтандыруды адамдар қосымша, артық шығын ретінде қабылдайды.
Қазір бізде көптеген жағдайда сақтандыру мәжбүрлі талап арқылы жүзеге асады. Мысалы, мұғалім медициналық тексеруден өтуі керек немесе көлік иесі автосақтандыру рәсімдеуге міндетті. Мұнда адамның өзінің ішкі қажеттілігінен гөрі, мемлекеттің талабы мен айыппұлдан қорқу факторы басым.
Меніңше, халық сақтандырудың нақты жұмыс істейтінін көруі керек. Біреудің сақтандыру арқылы декреттік төлем алғанын, қиын жағдайға тап болған кезде өтемақы алғанын көрсе, сенім біртіндеп қалыптасады. Сақтандыру саласында да осындай нақты әрі түсінікті мысалдар көбірек болуы қажет.
Айнұр Құрмансейітова, Fortune Invest қаржылық кеңесшісі

Негізі, сақтандыру полисін 70 жылға дейін ашуға болады. Бірақ мен алғашында бұл туралы естігенде: «Өзім әлі жаспын ғой, оны не істеймін?» деп ойладым. Ол кезде небәрі 21 жаста едім.
Кейін 2020 жылдары күйеуім вахталық жұмысқа орналасты. Вахталық жұмыс, өзіңіз білесіз, қауіпті. Әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Қазір өзімнің үш балам бар. Оларды аяққа тұрғызу керек. Отбасы негізінен күйеуімнің жалақысына қарап отыр.
Сол кезде осы саламен айналысатын бір танысым маған ақпарат тыңдап көруді ұсынды. Барлығын тыңдап, талдап көргеннен кейін, ең алдымен, күйеуімді сақтандыру керек деген шешімге келдім.
Өйткені бәріміз пендеміз. Ешқайсымыз мәңгілік емеспіз, ертең не болатынын ешкім білмейді. Оның үстіне, біздің отбасымызда артық байлық жоқ. Егер бірдеңе болып қалса, сақтандыру компаниясы келісімшарттағы талаптарға сәйкес ақша төлейді.
Мысалы, келісімшартта 20 миллион теңге сақтандыру сомасы көрсетілсе, жазатайым оқиға салдарынан қайтыс болған жағдайда келісімшарт талаптарына сәйкес төлем екі еселеніп, 40 миллион теңге болуы мүмкін.
Мен өзімді 30 жылға, күйеуімді 20 жылға сақтандырдым. Жарнаны жылына бір рет төлейміз. Оны ай сайын немесе тоқсан сайын төлеуге де болады.
Менің қаражатым шектеулі болғандықтан, өзіме ең төменгі сомадағы полисті алдым. Қазір жылына 120 мың теңге төлеймін. Айына 10 мың теңгеден жинап отырсаңыз да, жыл соңында осы соманы қалыптастыруға болады.
Қазір көптеген отбасында несие немесе ипотека бар. Әр отбасында кем дегенде бір бала бар. Егер негізгі асыраушыға бірдеңе болып қалса, отбасы не істейді?
Банк «асыраушыңыз жоқ екен, енді несие төлемей-ақ қойыңыз» демейді. Несие бәрібір төленуі керек. Мұндай жағдайда сақтандыру полисі отбасының қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Мысалы, сақтандырудан түскен ақшаға ипотеканы жабуға болады, ал қалған қаражат баланың оқуына немесе отбасының басқа қажеттіліктеріне жұмсалуы мүмкін. Яғни қиын жағдайда отбасы қарыздың астында қалмайды.
Бізде көбіне бала 11-сыныпқа келгенде ғана: «Балам университетке түседі, ақшаны қайдан аламын? Несие аламыз ба?» деп ойлана бастайды.
Ал негізінде бала туған кезден бастап оның өсетінін, 11-сыныпты бітіретінін, жоғары білім алатынын жоспарлау керек. Егер бала дүниеге келген кезде оның атына ұзақ мерзімді сақтандыру полисін ашсаңыз, ай сайын аз мөлшерде ақша төлеп отырып, 18 жасқа келген кезде белгілі бір капитал жинауға болады.
Ұлжан Махамбетова, «Өмір Сақтандыру» компаниясының қаржылық кеңесшісі

Өмірді сақтандыру — ең алдымен, қаржылық сауаттылықтың бір бөлігі. Мен өзімді және балаларымды сақтандыру арқылы осы жүйені өз өмірімде қолдануға тырысып жүрмін. Сонымен бірге қаржылық кеңесші ретінде адамдарға осы мүмкіндіктер туралы түсіндіремін.
Бүкіл әлемде өмірді ерікті түрде жинақтаушы сақтандыру кең тараған. Ол адамдардың өз отбасын қорғауға деген саналы шешіміне негізделеді. Қазақстанда да бұл бағытқа мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп, қаржы нарығындағы банктер мен сақтандыру компанияларының үлесін реттеуге байланысты заңнамалық өзгерістер енгізіліп жатыр.
Өмірді сақтандырудың банк депозитінен бірқатар ерекшелігі бар. Мысалы, сақтандырудағы қаражаттың құқықтық мәртебесі өзгеше. Кейбір өнімдер бойынша сақтандыру төлемдері салық салу, мүлікті бөлу, шотқа арест қою сияқты мәселелерде арнайы құқықтық қорғауға ие болуы мүмкін. Бірақ мұның бәрі нақты сақтандыру өнімі мен қолданыстағы заңнамаға байланысты.
Ең бастысы — сақтандыру полисін ашпас бұрын нақты мақсат болуы керек.
Егер адам екі-үш жылдан кейін ақшасын қайта алғысы келсе, оған банк депозиті ыңғайлырақ болуы мүмкін. Ал өмірді сақтандыру — ұзақ мерзімді қаржылық жоспар.
Мысалы, баланың болашақ оқуына, адамның зейнетке шыққаннан кейінгі қосымша табысына немесе отбасының қаржылық қауіпсіздігіне арналған жоспар болуы мүмкін. Мұндай бағдарламалар әдетте 10-20 жыл немесе одан да ұзақ мерзімге есептеледі.
Мен өзім де болашақта зейнетке шыққанда қосымша капиталым болғанын қалаймын. Сондықтан бұл жүйені өз қаржылық жоспарымның бір бөлігі ретінде қарастырамын.
Меніңше, ең бастысы — дұрыс ақпарат пен нақты тәжірибе. Адам сақтандырудың қалай жұмыс істейтінін түсінуі керек. Қандай жағдайда төлем жасалады, қандай жағдайда жасалмайды, келісімшартта не жазылған — мұның бәрін алдын ала білу қажет.
Менің жақындарым мен балаларымның атына ашылған сегіз полисім бар, олардың барлығына өзім төлеп отырмын. Бұл — осы жүйеге деген жеке сенімімнің бір көрінісі.
Қорытынды
Үш маманның пікірі бір нәрсені көрсетеді: Қазақстанда өмірді сақтандыруға деген көзқарас әлі де қалыптасу кезеңінде. Бір тарап үшін бұл — отбасының болашағын қорғаудың және ұзақ мерзімді мақсатқа ақша жинаудың тәсілі. Екінші тарап үшін сақтандыруға сенімсіздікке тарихи тәжірибе мен қазіргі қаржылық жағдай себеп болады.
Сондықтан мәселе тек сақтандыру полисін сатып алуда емес. Ең маңыздысы — адамның не үшін сақтандырылатынын, қанша уақытқа келісім жасайтынын және қандай жағдайда төлем жасалатынын толық түсінуі.
Ал сақтандыру мәдениетінің қалыптасуы үшін халыққа жарнамадан гөрі нақты мысалдар, ашық ақпарат және оң тәжірибе көбірек қажет сияқты.