×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

Есет-Батыр-3 тұрғын алабындағы үйлерге қатысты: «Ақтөбе-Сәулет» техникалық тексеру жүргізетінін мәлімдеді

Есет-Батыр-3 тұрғын алабындағы үйлерге қатысты: «Ақтөбе-Сәулет» техникалық тексеру жүргізетінін мәлімдеді
Скриншот

Ақтөбе қаласындағы Есет-Батыр-3 тұрғын алабында орналасқан №39, №40 және №41 көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты әлеуметтік желілерде тараған бейнематериалдарға байланысты «Ақтөбе-Сәулет» ЖШС түсініктеме берді.

Компания өкілдерінің айтуынша, тұрғындардың алаңдаушылығы түсінікті. Осыған байланысты нысандардың жағдайын жан-жақты бағалау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Ақтөбе-Сәулет» ЖШС, тапсырыс беруші, авторлық және техникалық қадағалау өкілдерінен құралған комиссия нысандарға барып, алдын ала визуалды тексеру жүргізді. Тұрғын үйлердің қазіргі жай-күйін бағалау үшін тәуелсіз сарапшы да тартылды.

Компанияның мәліметінше, алдын ала тексеру барысында тұрғын үйлерде төтенше жағдай қаупін көрсететін белгілер анықталмаған.

Сонымен бірге компания конструкциялардың техникалық жай-күйіне тек визуалды бағалау негізінде түпкілікті қорытынды жасауға болмайтынын атап өтті.

Осыған байланысты №39, №40 және №41 тұрғын үйлерге толыққанды техникалық тексеру жүргізіледі.

Тексеру қорытындысы бойынша анықталған ақаулардың нақты себептері айқындалып, оларды жою бойынша тиісті шешімдер қабылданады.

«Техникалық тексерудің қорытындысы дайын болмай тұрып, әлеуметтік желілерде тараған бейнематериалдар негізінде ақаулардың себептері немесе тұрғын үйлердің техникалық жай-күйі туралы түпкілікті қорытынды жасауға болмайды. Қазіргі таңда жағдай бақылауда. Тұрғындарды тексеру нәтижесі шыққанға дейін дүрбелеңге салынбай, ресми ақпаратқа сүйенуге шақырамыз», – деп хабарлады компания.

«Ақтөбе-Сәулет» ЖШС анықталған ақаулар техникалық тексеру нәтижесінде расталған жағдайда, оларды белгіленген тәртіппен және өз қаражаты есебінен жоюға дайын екенін мәлімдеді.

Компания 2004 жылдан бері құрылыс саласында жұмыс істейді. Негізгі қызмет бағыттары – тұрғын үй және әлеуметтік нысандар салу. Осы уақыт ішінде кәсіпорын түрлі мақсаттағы 50-ден астам нысанды пайдалануға берген.

«Ақтөбе-Сәулет» ЖШС нысандардың қауіпсіздігі мен сапасына қатысты мәселелерді ашық қарауға және тиісті сараптамалық қорытындылар негізінде қажетті шараларды қабылдауға дайын екенін атап өтті.

🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?

Тіркелу қажет емес. AI жауаптарын маңызды шешімдер алдында тексеріңіз.

Ұқсас жаңалықтар