×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі азаматтық қоғамның жауапкершілігі және DEREK жобасы

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі азаматтық қоғамның жауапкершілігі және DEREK жобасы
DEREK жобасының онлайн-тұсаукесерінен скриншот

Қазақстан 2024 жылғы БҰҰ E-Government Development Index рейтингінде 193 елдің ішінде 24-орынға, ал Online Services Index бойынша 10-орынға көтеріліп, мемлекеттік қызметтердің 93,3%-ын цифрлық форматқа көшірді. Алайда бұл технологиялық жетістіктің көлеңке тұсы қоғам үшін үлкен қауіпке айналып отыр. Мемлекеттік органдар мен жекеменшік экожүйелер азаматтардың тұрмысын жеңілдету мақсатында түрлі қызметтерді дамытып жатқан тұста, миллиондаған адамның құпия ақпараты қорғаусыз қалып, киберқылмыскерлер мен салғырт мамандардың құрбанына айналып отыр. Бұдан былай деректердің желіге тарап кетуін техникалық қателікке жаба алмаймыз — бұл бүкіл қоғамға ортақ проблема.

Ақпарат қауіпсіздігі саласындағы дағдарыстың нақты көрінісін мына кестеден айқын аңғаруға болады:


Көрсеткіштер 

Оқиғаның мән-жайы 

11 миллион

2019 жылы Қазақстанда 11 миллион адамның аты-жөні, үй мекенжайы және паспорт деректері ашық желіге тарап кеткен. Бұл деректер ашық іздеу жүйелерінің қорына еніп кеткендіктен, кез келген қолданушы кісінің аты-жөні арқылы ол базаны оп-оңай тауып алды.

12 лабораториялық талдау

Сол жылы DamuMed жүйесіне қатысты бөлек инцидент тіркелді. Медициналық ақпарат жүйесінен 12 лабораториялық зерттеу нәтижесі тарап кетіп, соның жетеуі Facebook желісінде жарияланған. Damu өкілдері мұны хакерлік шабуыл емес, жүйеге заңды қолжетімділігі бар адамның логин-парольді бөгде адамға беруімен байланыстырған. 

12 миллион

2022 жылы хакерлік форумда “Қазпошта” дерекқоры ретінде сипатталған 110 ГБ көлеміндегі, 44 кестеден және шамамен 12 миллион жазбадан тұратын база сатылымға қойылғаны хабарланды. “Қазпошта” өз серверлерінен дерек тарамағанын мәлімдеді.

93,3%

Қазақстандағы электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің жалпы үлесі. Оның 86%-ы смартфондар арқылы қолжетімді.

77 жоспардан тыс тексеріс, 38 әкімшілік іс 

2025 жылы дербес деректер саласындағы заңбұзушылықтар бойынша 77 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 38 әкімшілік іс қаралды.

Мәселенің түп-төркінін түсіну үшін резонанс тудырған бірнеше ірі оқиғаға назар аудару қажет. 2019 жылдың жазында Қазақстан азаматтарының жеке деректеріне қатысты ірі дау шықты: ашық интернетте шамамен 11 миллион адамның аты-жөні, мекенжайы және паспорт деректері бар база қолжетімді болғаны хабарланды. Бұл оқиға елдегі дербес деректерді сақтау мен қорғау жүйесінің осал тұстарын айқын көрсетті.

Сол жылы DamuMed медициналық ақпараттық жүйесіне қатысты басқа инцидент тіркелді. Бастапқыда бұл оқиға қоғамда кең талқыланғанымен, кейінгі түсіндірмелерде оның масштабы миллиондаған адамның медициналық тарихы емес, 12 лабораториялық зерттеу нәтижесімен шектелгені айтылды. Оның жетеуі Facebook желісінде жарияланған. Билік өкілдері бұл жағдайда хакерлік шабуыл болмағанын, оқиға адам факторымен байланысты екенін мәлімдеді.

Кейінгі жылдары да дербес деректердің қорғалуына қатысты қауіп-қатерлер әлі бар екенін байқап жүрміз. 2022 жылы Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы — ЦАРКА хакерлік форумдардың бірінде “Қазпошта” дерекқоры ретінде сипатталған база сатылымға шығарылғанын хабарлады. Орталықтың мәліметінше, онда жалпы көлемі 110 ГБ болатын 44 кесте және шамамен 12 миллион жазба болған. Алайда “Қазпошта” өз серверлерінен клиент деректері тарағанын жоққа шығарды. 

Жеке деректердің таралуы тек қаржылық қауіп-қатермен шектелмейтінін 2024 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қатысты жағдай көрсетті. Сол кездегі Цифрлық даму министрлігі ҚазҰУ студенттерінің жеке және медициналық деректерінің желіге таралуына байланысты қолданыстағы заңнама бұзылғанын мәлімдеп, университетке сауал жолдады. Кейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек кінәлілер жазаланғанын, кейбір қызметкерлер жұмыстан босатылып, басқалары әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты.

Ресми статистика да бұл мәселенің өзекті екенін көрсетеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің дерегінше, 2025 жылы дербес деректер саласындағы заңбұзушылықтар бойынша 77 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 38 әкімшілік іс қаралған. 

Дереккөз: primeminister.kz

Негізгі себеп: Заң бар, бірақ бақылау әлсіз

Бұл қателіктердің тамыры тереңде, оны жалаң техникалық ақаумен түсіндіре алмаймыз. Қазақстан Конституциясында әрбір адамның жеке өміріне қол сұғылмауына, жеке және отбасы құпиясының қорғалуына құқылы екені нақты бекітілген. Ал «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заң жеке мәліметтерді жинау, өңдеу және сақтау тәртібін реттейді.

Алайда, кейінгі жылдары жеке деректердің желіге тарап кетуі мен заң бұзу фактілерінің жиілеуі құқықтық нормалардың қаншалықты орындалып жатқанына және қадағалау механизмдерінің тиімділігіне күмән тудырып отыр. Цифрлық даму министрлігі дербес деректерді қорғауды киберқауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі ретінде айқындаған. Демек, түйіткіл тек техникалық қорғаныс құралдарының әлсіздігінде емес, мәселе деректерді өңдейтін ұйымдардың жауапкершілігіне, ішкі бақылау деңгейіне, қызметкерлердің ақпараттық гигиенасына және тәуелсіз аудит тетіктерінің жоғына тікелей байланысты.

Қазіргі бақылау жүйесі көбінесе заң бұзылғаннан кейін ғана іске қосылып, салдармен күреседі. Ал негізінде қауіптің алдын алу, тәуекелдерді дер кезінде анықтау және азаматтық қоғаммен тұрақты байланыс орнату тетіктерін шұғыл түрде күшейту қажет.

Шешім: DEREK жобасы 

Осындай күрделі олқылықтарды жою үшін тек мемлекеттік бақылау жеткіліксіз екені анық. Бұл процеске азаматтық қоғам мен тәуелсіз заңгерлердің белсенді араласуы қажет. Мұны министрлік те жоққа шығармайды. Осы қажеттікті өтеу мақсатында Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен «Еркіндік қанаты» қоғамдық қоры мен «Құқықтық саясатты зерттеу орталығы» қоры бірігіп, Қазақстандағы ауқымды DEREK (Data Empowerment & Rights Education in Kazakhstan) жобасын іске қосты.


Үш жылға жоспарланған бұл жобаның басты мақсаты – жеке деректерді қорғауды тек техникалық IT-мәселе ретінде емес, фундаменталды адам құқығы ретінде қарастырып, азаматтық қоғамның әлеуетін арттыру және жеке деректерді қорғау бойынша пәрменді құқықтық шараларды қабылдау арқылы адам құқықтарына негізделген инклюзивті цифрлық басқаруды дамыту.