Ақтөбе облысының Қобда ауданында тарихи-мәдени мұра нысанына апаратын жаңа автомобиль жолы салынды. Аймақ басшысы Асхат Шахаров ауданға жұмыс сапары барысында Абат-Байтақ тарихи-мәдени кешеніне апаратын кіреберіс жолдың жағдайымен танысты, деп хабарлайды Tilshi.Net.
Жаңа жолдың ұзындығы 12,5 шақырымды құрайды. Жолдың салынуы өңірдегі маңызды тарихи ескерткіштердің біріне қатынауды жеңілдетіп, Абат-Байтақ кешеніне келушілер үшін көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Абат-Байтақ деген кім?
Абат-Байтақ кесенесі – Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы тарихи-мәдени мұра нысандарының бірі. Кесене XIV ғасырдың соңы – XV ғасырдың басында салынған деп есептеледі. Ол Талдысай ауылының оңтүстігінде, Қобда өзенінің аңғарындағы Абат-Байтақ қорымында орналасқан.
Халық арасында сақталған аңыздарға сәйкес, кесене Асан Қайғының ұлы Абат батырдың құрметіне тұрғызылған. Аңыз бойынша, Абат батыр Бесқопа даласында қаза тапқаннан кейін, ел тұрғындары оның рухына арнап кесене салған.
Кесене атауындағы «Байтақ» сөзі кең, үлкен деген мағынаны білдіреді. Тарихи деректер мен сәулет ерекшеліктері нысанның жоғары мәртебелі адамға арнап салынғанын көрсетеді.
Бүгінде Абат-Байтақ кесенесі – өңірдің тарихи және сәулет ескерткіштерінің бірі. Жаңа жолдың салынуы нысанға баруды жеңілдетіп қана қоймай, тарихи-мәдени кешеннің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.