Ақтөбе облысында 2026–2027 оқу жылына жергілікті бюджет есебінен бөлінген білім грантының иегерлері анықталды, деп хабарлайды Tilshi.net облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.
Биыл өңірде сұранысқа ие мамандықтар бойынша бөлінген 40 орынға жалпы 144 талапкер құжат тапсырған. Бұл туралы облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен арнайы конкурстық комиссия отырысында белгілі болды.
Айта кетейік, сұраныс аз болған мамандықтардағы (математика, физика, музыка және театр әртісі) игерілмей қалған орындар бәсекелестігі жоғары бағыттарға қайта бөлінді. Нәтижесінде гранттар негізінен педагогика, өнер, дінтану және спорт салаларына бағытталып отыр.
Гранттар оқу орындарына қалай бөлінді?
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті (29 грант):
Арнайы педагогика – 17;
Ағылшын тілі мұғалімі – 5;
Орыс тілі және әдебиеті мұғалімі – 3;
Химия мұғалімі – 3;
Математика мұғалімі – 1.
«Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті (5 грант):
Дінтану және теология – 5.
Қазақ ұлттық спорт университеті (4 грант):
Спорт мұғалімі – 4.
Күләш Бәйсейтова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті (2 грант):
Аспаптық орындау (контрабас) – 1;
Музыкалық театр әртісі – 1.
Басты талап – 5 жылдық еңбекпен өтеу
Жергілікті атқарушы органның тапсырысымен, яғни әкімдік грантымен оқыған түлектерге қойылатын нақты талап бар. Олар жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, облыстағы кадр тапшылығы сезілетін елді мекендерге немесе ұйымдарға барып, келісімшарт негізінде кемінде 5 жыл жұмыс істеуге міндеттеледі. Назар аударыңыз! Грант иегерлері 25 тамызға дейін жоғары оқу орындарына құжаттарын тапсырып үлгеруі қажет. Ақтөбе облысы әкімдігі бөлген білім гранты иегерлерінің толық тізімімен МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы танысуға болады.