Ақтөбе облысында климаттың құбылмалылығы мал шаруашылығын жүргізудің қалыптасқан тәсілдеріне қысым түсіріп отыр. Қуаңшылық кезеңдерінің қайталануы, жауын-шашынның тұрақсыздығы, аптап ыстық, жайылымдардың тозуы және су көздеріне тәуелділік шаруалардың шығынын арттырып, өндірісті жоспарлауды қиындатады. Бірақ мәселе тек ауа райының өзгеруінде емес. Климаттық тәуекел жайылымды басқару, жемшөп қорын қалыптастыру, су инфрақұрылымы, мал тұқымын таңдау, маман тапшылығы және мемлекеттік қолдаудың қолжетімділігі сияқты мәселелермен қабаттасып отыр.
Tilshi.Net редакциясының облыстық және аудандық әкімдіктерден, ауыл шаруашылығы басқармасынан жинаған жауаптары мен шаруалардың тәжірибесін салыстыруы бір маңызды қорытындыға әкеледі: өңірде бейімделудің алғашқы нақты үлгілері қалыптасып келеді. Ендігі мәселе – жекелеген шаруашылықтардың тәжірибесін жүйелі тәсілге айналдыру.
Бұл материал мәселені сипаттаумен шектелмей, қандай шешімдер қазірдің өзінде қолданылып жатқанын, олардың қандай нәтиже беретінін және қай жерде кедергілер барын қарастырады.

Климаттық тәуекел бір ғана сценариймен шектелмейді
Ақтөбе жағдайында климат өзгерісін тек құрғақшылықпен байланыстыру жеткіліксіз. Бір ауданда жауын-шашынның азаюы мен жайылымның құрғауы негізгі мәселе болса, басқа жерде шамадан тыс жауын-шашын су тасқынына әкелуі мүмкін. Ойыл ауданындағы 2024 жылғы су тасқыны осы айырмашылықты айқын көрсетті.
Шаруаның күнделікті тәжірибесі не дейді?
Шалқар ауданы Бегімбет ауылдық округіндегі «Айшуақ-Несібе» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Бекет Құдайбергенов климаттағы өзгерісті ең алдымен жауын-шашынның мерзімі мен маусымдық ырғақтан байқап отырғанын айтады.
Оның сөзінше, ерте көктемдегі қар суы шөптің көктеуіне мүмкіндік бергенімен, өсімдікке негізгі ылғал қажет кезеңде жаңбыр түспей қалады. Қатты жел топырақты одан әрі құрғатады. Мұндай жағдай қайталанған сайын табиғи жайылымның өнімділігі төмендеп, қысқы жемшөпке сұраныс пен шығын өседі.
Шаруа күзгі және қысқы ауа райындағы өзгерістерді де атап өтеді. 2025 жылдың күзінде жердің дұрыс қатпауы, құрғақ топыраққа қар түсуі және қыстың ортасындағы жылымық жайылым жағдайына қосымша қиындық әкелген. Көктемде қар еріген кезде топырақтағы тоңның болмауы судың жайылымда сақталуына әсер еткен.
Бұл тәжірибе климаттық тәуекелдің табиғаттың бір ғана көрсеткішімен өлшенбейтінін көрсетеді. Мал шаруашылығы үшін жауын-шашынның мөлшерімен қатар оның түсу уақыты, қардың жиналуы мен еруі, топырақтағы ылғал және жайылымның қалпына келу мерзімі маңызды.
Сондықтан шаруашылықтың тұрақтылығы алдын ала дайындалуға байланысты. Қолайлы жылда жемшөп қорын көбейту, су көздерін бірнеше нұсқада ұйымдастыру және малды қолайсыз кезеңде ұстау жоспарын жасау – тәуекелді азайтатын қарапайым, бірақ маңызды қадамдар.
Жемшөп: қолайлы жылды қалай пайдалану керек?
2026 жылғы жауын-шашын облыстың көптеген ауданында жағдайды уақытша жақсартты. Алға, Қобда, Мұғалжар және Хромтау аудандарында шөптің шығымы артқаны, табиғи су көздерінің толыққаны және қысқы мал азығын дайындауға мүмкіндік туғаны хабарланған.
Алайда бұл оң жағдайды климаттық тәуекелдердің жойылуы деп қабылдау дұрыс емес. Керісінше, қолайлы маусым шаруашылықтың резерв қалыптастыратын кезеңіне айналуы тиіс. Ырғыз ауданында кемінде 1,5 жылдық мал азығының сақтандыру қорын қалыптастыру ұсынылады. Байғанин ауданында көпжылдық мал азықтық шөптерді егу мен жайылымдарды суландыруға, Шалқарда жемшөпті ертерек дайындауға және көпжылдық дақылдарды өсіруге басымдық берілуде. Бұл тәсілдің логикасы қарапайым, фермер келесі маусымның қандай болатынын дәл болжай алмаса да, оның салдарын азайта алады. Яғни ауа райын басқару мүмкін емес, бірақ шаруашылықтың оған дайындығын басқаруға болады.
Мемлекет тарапынан жемшөп құнын арзандатуға арналған қолдау тетігі де бар. Бірақ ол тұрақты төлем емес, төтенше жағдай немесе жемшөп дайындауға кері әсер еткен аномальды ауа райы заңнамада белгіленген тәртіппен расталған кезде қолданылады. Бұл механизм төтенше кезеңдегі шығынды азайтуға бағытталғанымен, шаруашылықтың тұрақты жемшөп резервін өз бетінше қалыптастыру қажеттігін жоймайды.
Су тапшылығы: бейімделудің негізгі түйіні
Ақтөбенің шөлейт және құрғақ аудандарында су мәселесі мал шаруашылығының тұрақтылығын анықтайтын факторлардың біріне айналып отыр. Шалғай жайылымда табиғи су көздеріне ғана сүйену тәуекелді. Сондықтан құдықтар мен ұңғымалар салу, бұрынғы су көздерін қалпына келтіру және су көтеру жүйелерін жаңарту – бейімделудің ең практикалық бағыттарының бірі.
Байғанин ауданында 2022–2024 жылдары мемлекеттік бағдарлама аясында шаруашылық құрылымдарында 40-тан астам ұңғыма қазылған. Ауданда табиғи су көздерімен қатар шамамен 70 құдық пен ұңғыма бар. Ырғызда жыл сайын жаңа шахталы және түтікшелі құдықтар іске қосылып, табиғи бөгеттер мен лиманды суландыру алқаптарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.
Кейбір шаруашылықтар құдықтарды күн энергиясымен жұмыс істейтін жүйелермен жабдықтай бастаған. Шалғай жайылымға электр желісін тарту тиімсіз болған жағдайда күн панелі арқылы жұмыс істейтін су көтергіш жүйе шығынды азайтатын балама бола алады.
Мемлекеттік деңгейде де бұл бағытқа қаржылық қолдау қарастырылған. Құдықтар мен ұңғымаларды салуға жұмсалған инвестициялық шығындардың 50 пайызына дейін субсидиялау тетігі бар. Сонымен бірге 2026–2030 жылдарға арналған жоспар аясындағы «Жайлау» кредиттік өнімі жайылымдық инфрақұрылымды, құдықтар мен ұңғымаларды және басқа да қажетті нысандарды қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Алайда бағдарламаның болуы мен оның фермерге нақты қолжетімділігі – екі бөлек мәселе. Шаруалар несие алу, субсидия рәсімдері мен инфрақұрылым құнына қатысты сұрақтарды әлі де көтеріп келеді.
Жайылымға демалыс беру: жерді емес, оның мүмкіндігін басқару
Климаттық қысым жайылым мәселесін де өткірлетіп отыр. Табиғи шөп азайған кезде малдың бір аумаққа шоғырлануы жердің тозуын жылдамдатады. Ал қала маңындағы құрылыс пен мал басының өсуі жайылымға түсетін жүктемені қосымша арттырады.
Ақтөбе қаласы маңында жайылым алқаптарының жалпы көлемі 94,7 мың гектар деп көрсетілген. Бірақ тұрғын үй құрылысының кеңеюі бұл жерлердің қысқаруына әсер етіп отыр. Қала айналасында мал басының көбеюі де жайылым тапшылығын күшейтеді.
Мұндай жағдайда жайылымды кезектестіріп пайдалану маңызды шешімдердің біріне айналып келеді. Алға ауданында жайылымдар 4–8 бөлікке бөлініп, мал әр бөлікте шамамен жеті күн ұсталады. Қалған аумаққа демалыс беріліп, өсімдік жамылғысының қалпына келуіне уақыт жасалады.
Байғанин мен Шалқар аудандарында да жайылымды кезектестіру, жемшөпті алдын ала жинау және көпжылдық мал азықтық дақылдарды өсіру бағыттары қолданылуда.
Қазақстанда жайылымды басқарудың тағы бір маңызды өзгерісі – оның сапасын нақты бағалауға көшу. Геоботаникалық зерттеулер өсімдік жамылғысын, өнімділікті және жердің мал азықтық сыйымдылығын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл жайылымды тек гектар саны бойынша емес, нақты көтеретін мал жүктемесі бойынша жоспарлауға жағдай жасайды.
Малдың саны емес, шаруашылықтың тиімділігі маңызды бола бастады
Климаттың өзгеруі малдың тұқымын және шаруашылықтың өндірістік моделін таңдауға да әсер етеді. Облыстағы шаруа қожалықтарының бірінің иесі Серік Шаңғұтовтың айтуынша, фермерлер біртіндеп мал басының көп болуы шаруашылықтың автоматты түрде тиімді екенін білдірмейтінін түсіне бастаған. Қазір малдың өнімділігі, азыққа қажеттілігі, күтім шығыны және сыртқы жағдайларға төзімділігі қатар бағаланады. Яғни саннан сапаға көшу климаттық тәуекел жағдайында экономикалық қажеттілікке айналып отыр.
Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы басқармасы жергілікті мал тұқымдарын жаппай ауыстыру қажет деп есептемейді. Ведомство олардың өңірдің табиғи жағдайына бейімделгенін, жайылымдық азықты тиімді пайдаланатынын және қолайсыз факторларға төзімділігін атап өтеді. Оның орнына селекциялық жұмыстарды, азықтандыру мен күтіп-бағу технологияларын жетілдіру ұсынылады.
Алға ауданында қазақтың ақбас сиыры, герефорд, әулиекөл, ангус, Еділбай және қазақы құйрықты қой тұқымдары өсіріледі. Кей шаруашылықтар асыл тұқымды малмен қатар автоматты суару және жаңбырлатып суару жүйелерін қолданады.
Бұл жерде негізгі сабақ – климатқа бейімделу міндетті түрде жаңа тұқым әкелуден басталмайды. Кейде тиімді шешім жергілікті малдың бейімділігін сақтай отырып, оның азықтандырылуын, суаруын, күтімін және селекциясын жақсартудан тұрады.
Маман тапшылығы: технология бар, бірақ оны қолданатын адам керек
Мал шаруашылығындағы климаттық бейімделудің жиі ескерілмейтін бөлігі – адам капиталы. Шаруа қожалығының егесі Серік Шаңғұтов саланың ерекшелігін жақсы білетін және шаруашылықтың ішінде жұмыс істеуге дайын мамандар жетіспейтінін айтады. Оның пікірінше, мал шаруашылығы теориялық біліммен ғана шектелмейді. Малдың жағдайын күнделікті бақылау, оның мінез-құлқын түсіну, уақытылы суару мен азықтандыру, ауа райына қарай мал жаю тәртібін өзгерту тәжірибені талап етеді.
Климат өзгерген сайын бұл дағдылардың маңызы артады. Мысалы, аптап ыстықта кей шаруашылықтар малды таңертең ерте жайып, күннің ең ыстық уақытында көлеңкеде ұстайды, түстен кейін жайылымды қайта жалғастырады. Мұнда шешім қымбат технология емес, шаруашылықтың күн тәртібін ауа райына бейімдеу болып отыр.
Су мәселесінде де маманның тәжірибесі маңызды. Малдың түріне қарай ыстыққа төзімділігі мен су қажеттілігі әртүрлі. Өнімділігі жоғары малға таза судың тұрақты қолжетімділігі қажет. Демек, инфрақұрылым салумен бірге оны дұрыс пайдалана алатын маман қажет.
Сондықтан ауыл шаруашылығын климатқа бейімдеу бағдарламаларында кадр даярлау жеке бағыт ретінде қарастырылғаны жөн. Жаңа технологияның тиімділігі оны күнделікті өндірісте қолданатын адамның біліміне тікелей байланысты.
Технология шаруаның жұмысын қалай өзгертеді?
Шаруашылықтардағы өзгеріс тек құдық пен жемшөп қорынан көрінбейді. Малдың қозғалысын бақылау үшін мотоциклдер, жол талғамайтын көліктер және кей жерлерде дрондар қолданылып жатыр. Бұл құралдардың мәні технология үшін технология қолдануда емес. Жайылым аумағы үлкен шаруашылықта табынды бақылау, малдың жоғалуын уақытында анықтау, малдың бір жерге шамадан тыс шоғырлануын байқау және су көздеріне жету уақытын жоспарлау еңбек шығынын азайтады.
Ақтөбе қаласы маңындағы кей шаруашылықтар жемшөп базасын күшейту үшін суармалы алқаптарды игеріп, судан шөбі, жоңышқа, жүгері сияқты дақылдар егеді. «Садовый» ЖШС тамшылатып суару технологиясын қолданады. Бұл тәжірибе су тапшылығы жағдайында жемшөп өндірісін тұрақтандыруға мүмкіндік беретін бағыттардың бірі.
Технологияның тағы бір артықшылығы – климаттық тәуекелді бірнеше бағытта бір уақытта азайтуы. Су үнемдеу жүйесі ресурсты сақтаса, цифрлық бақылау еңбек өнімділігін арттырады, ал жаңартылатын энергия шалғай жайылымдағы инфрақұрылымның автономды жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Бірақ кез келген технологияның тиімділігі оның нақты проблемаға сәйкестігімен өлшенуі керек. Фермер үшін басты сұрақ «қандай техника сатып алуға болады?» емес, «қай технология менің шығынымды азайтып, тәуекелімді төмендетеді?» болуы тиіс.
Аудандардың тәжірибесі: ортақ мәселе бар, бірақ бір ғана рецепт жоқ
Ақтөбе облысының аудандарын салыстыру климаттық тәуекелдің біркелкі емес екенін көрсетеді. Мұғалжар, Қобда, Ырғыз, Байғанин және Шалқарда құрғақшылық, ыстықтың күшеюі, жайылым өнімділігінің төмендеуі және су тапшылығы жиі аталады.
Ырғызда жазғы аптап пен қысқы ауа райының құбылмалылығы шөптің өсу кезеңін қысқартып, табиғи су көздеріне қысым түсірген. Байғанинде жауын-шашынның азаюы мен жоғары температура жағдайында шаруалар жайылымды кезектестіру, жемшөп қорын алдын ала жасау және суландыруға көбірек мән беріп отыр.
Ойылдағы жағдай тәуекелдің басқа түрін көрсетеді. 2024 жылғы су тасқынынан кейін ірі қара саны 42 804 бастан 35 113 басқа, қой 119 971 бастан 95 019 басқа, жылқы 21 267 бастан 16 801 басқа дейін төмендеген. Бұл ауыл шаруашылығы үшін төтенше жауын-шашын мен су тасқынының да елеулі қауіп екенін көрсетеді.
Ал Қарғалы ауданында соңғы жылдары мал шаруашылығына айтарлықтай кері әсер еткен төтенше климаттық жағдайлар тіркелмегені айтылған. Табиғи жайылым мен шөп шығымы көпжылдық орташа деңгейде сақталған.
Демек, облыстық саясат бір ғана әмбебап рецептке сүйенбеуі керек. Шөлейт ауданда негізгі инвестиция суға бағытталса, басқа жерде жайылымды басқару немесе су тасқынынан қорғану бірінші орында болуы мүмкін. Бірақ барлық жерде ортақ қағида бар: тәуекелді алдын ала есептеу.
Мемлекеттік қолдау: мүмкіндік бар, ендігі сұрақ – нәтиже
2026 жылы Ақтөбе облысында мал шаруашылығын қолдауға 4,2 млрд теңге бөлінген. Сонымен бірге асыл тұқымды малды субсидиялау, жеңілдетілген несиелер, инвестициялық қолдау, техника мен лизинг бағдарламалары іске асырылып жатыр.
«Жайлау» кредиттік өнімі шалғай жайылымдарды игеруге бағытталған. Ол ферма, жайылымдық инфрақұрылым, құдық пен ұңғыма және мал сатып алу сияқты шығындарды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Құдықтар мен ұңғымаларға жұмсалған инвестициялық шығындардың 50 пайызына дейін субсидиялау да қарастырылған.
Ғылыми сүйемелдеу де бар. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге семинарлар, консультациялар, оқыту шаралары және егістік күндері ұсынылады. Геоботаникалық зерттеулер жайылымдардың нақты жағдайы мен мал азықтық сыйымдылығын бағалауға бағытталған.
Бірақ шешімдер журналистикасы тұрғысынан маңызды сұрақ мемлекеттік бағдарламаның бар-жоғына емес, оның әсеріне қатысты қойылуы керек. Мысалы, қанша жаңа құдық іске қосылды? Қанша гектар жайылымның өнімділігі қалпына келді? Қанша шаруашылық 1,5 жылдық жемшөп қорын қалыптастырды? Қолдау алған шаруашылықтардың шығыны қаншалықты азайды?
Осындай көрсеткіштер ашық жарияланса, мемлекеттік қолдаудың көлемін ғана емес, нақты нәтижесін де бағалауға болады. Бұл әрі фермерге, әрі мемлекетке қай шешімнің тиімді екенін түсінуге мүмкіндік береді.
Климаттың өзгеруі ең алдымен жайылым шөбінің құрамына әсер етеді
Климаттың өзгеруі мал шаруашылығына тек аптап ыстық немесе қуаңшылық арқылы ғана әсер етпейді. Оның салдары ең алдымен малдың негізгі азық көзі – жайылым мен табиғи шөп жамылғысында байқалады. Биология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің қызметкері Телеуов Ақылжан Нұрқайырұлының айтуынша, ауа температурасының ұзақ мерзімді өзгеруі өсімдіктердің өсуі мен даму кезеңіне, түрлік құрамына және азықтық сапасына тікелей ықпал етеді.
Мысалы, орташа температураның 1,5 градусқа көтерілуі әр күн дәл осы мөлшерде ыстық болады деген сөз емес. Бұл – көпжылдық орташа температура көрсеткіштерінің өзгеруі. Алайда өсімдіктер үшін мұндай салыстырмалы түрде аз ғана өзгерістің өзі үлкен маңызға ие.
Ақтөбе облысы сияқты қуаң дала аймақтарында температураның жоғарылауы мен ылғал тапшылығы өсімдіктердің вегетациялық кезеңіне әсер етеді. Кейбір өсімдіктер ерте көктеп, даму кезеңдерінен жылдам өтеді, соның салдарынан олардың гүлдеу және пісіп-жетілу мерзімі өзгереді. Бұл өз кезегінде мал үшін сапалы жемшөп қолжетімді болатын кезеңнің қысқаруына әкелуі мүмкін.
Жаз мезгіліндегі ылғал тапшылығы жағдайды одан әрі күрделендіреді. Су жетіспеген кезде малазықтық өсімдіктердің белсенді өсуі ертерек тоқтайды. Өсімдіктің жерүсті бөлігі тез кеуіп, түзілетін биомасса көлемі азаяды. Сонымен қатар жайылымдағы өсімдіктердің түрлік әртүрлілігі төмендеп, шөп жамылғысының жалпы азықтық құндылығы кемиді.
Алайда мәселе тек шөптің азаюында емес. Ғалымның айтуынша, климаттың ұзақ мерзімді өзгеруі жайылымның құрамын да өзгерте алады. Уақыт өте келе құрғақшылыққа төзімді болғанымен, өнімділігі төмен немесе малға нашар сіңетін өсімдік түрлері көбейіп, құнарлы малазықтық шөптердің үлесі азаюы мүмкін. Яғни жайылымдағы жалпы шөп көлемі сақталған күннің өзінде оның сапасы төмендеуі ықтимал.
Бұл жағдай мал шаруашылығы үшін ерекше маңызды. Өйткені малдың өнімділігі тек жемшөп көлеміне емес, оның қоректік сапасына да байланысты. Әсіресе даладағы астық тұқымдас өсімдіктердің даму кезеңін ескеру қажет. Олардың азықтық құндылығы гүлдену кезеңінен кейін төмендей бастайды. Сондықтан климаттың өзгеруі жағдайында малды қашан және қай жерде жаю керектігі де бұрынғыдан маңызды мәселеге айналып отыр.
Жайылымдағы өзгерістерді ерте анықтау үшін тұрақты бақылау жүргізу қажет. Мамандар шөп жамылғысының түрлік құрамына, белгілі бір аумақта өсетін өсімдік түрлерінің санына, әр түрдің жайылымдағы үлесіне және басым өсімдіктерге назар аударуды ұсынады. Осындай көрсеткіштер жайылым деградациясының алғашқы белгілерін анықтауға және алдын алу шараларын дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді.

Жайылымды сақтаудың негізгі тәсілдерінің бірі – оны кезектестіріп пайдалану. Яғни кейбір учаскелерге уақытша демалыс беріп, мал жаю мерзімін реттеу қажет. Бұл өсімдіктердің тұқым шашып, тамыр жүйесін қалыптастыруына мүмкіндік береді. Сонымен қатар жергілікті табиғи-климаттық жағдайға бейімделген астық және бұршақ тұқымдас өсімдіктердің қоспасын қосымша себу де жайылымның сапасын жақсартуға ықпал етуі мүмкін.
Маман жайылымды шамадан тыс пайдаланудың топырақ құрылымына және шөп жамылғысына кері әсер ететінін де атап көрсетеді. Сондықтан барлық аумақты үздіксіз мал жаюға пайдаланбай, оның бір бөлігін шөп шабуға қалдыру ұсынылады. Бұл тамыз-қыркүйек айларына арналған сапалы жемшөптің сақтандыру қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ал жемшөп өнімділігін арттырудың тиімді тәсілдерінің бірі ретінде лимандық суару аталады. Мұндай алқаптарда шөп жамылғысы жақсы өсіп, тығыз әрі өнімді болады. Оның азықтық құндылығы да ұзақ уақыт, шамамен жаздың ортасына дейін сақталуы мүмкін. Ал күзде шөптің қайта көктеуіне байланысты лиманды алқаптарды жайылым ретінде пайдалануға мүмкіндік бар.
Осылайша, климаттың өзгеруі мал шаруашылығына бірден емес, ең алдымен жемшөптік база арқылы әсер етеді. Температура мен ылғал режимінің өзгеруі өсімдіктердің өсу мерзімін, жайылымдағы түрлік құрамды және шөптің қоректік сапасын өзгертеді. Сондықтан қуаң аймақтарда климатқа бейімделу тек су мәселесін шешумен шектелмей, жайылымды ғылыми негізде бақылау мен тиімді басқаруды да талап етеді.
Қорытынды: климат өзгерді, енді шаруашылық моделі де өзгеруі керек
Ақтөбе облысының тәжірибесі климаттық өзгерістің мал шаруашылығына бір ғана бағытпен әсер етпейтінін көрсетті. Қуаңшылық жайылым мен жемшөпке қысым түсірсе, аптап ыстық малдың күн тәртібі мен су қажеттілігін өзгертеді. Су тасқыны сияқты төтенше құбылыстар мал басына және инфрақұрылымға тікелей зиян келтіруі мүмкін. Ал қала маңындағы құрылыс жайылым көлемін климаттан бөлек фактор ретінде қысқартып отыр.
Сонымен бірге өңірде нақты жұмыс істеп тұрған шешімдер бар: жайылымды кезектестіру, қолайлы жылда жемшөп қорын көбейту, құдықтар мен ұңғымалар салу, күн энергиясын пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу, мал тұқымын өнімділікпен қатар төзімділікке қарай таңдау және цифрлық бақылау құралдарын пайдалану.
Бұл шешімдердің ортақ ерекшелігі – олар климатты өзгертуге емес, оның салдарын басқаруға бағытталған. Шаруа ауа райын басқара алмайды, бірақ қанша жемшөп қорын ұстайтынын, қай жайылымды қашан пайдаланатынын, суды қалай жеткізетінін және малды қандай жағдайда ұстайтынын жоспарлай алады.
Мемлекет үшін келесі қадам – қолдау бағдарламаларын тек қаржыландырылған жобалар санымен емес, олардың нәтижесімен бағалау. Ал фермер үшін міндет – қолайлы жылды уақытша жеңілдік емес, келесі қиын маусымға дайындалатын мүмкіндік ретінде пайдалану.
Мәселе енді климат өзгере ме деген сұрақта емес. Ол өзгеріп жатыр. Негізгі сұрақ – Ақтөбе мал шаруашылығы осы өзгерісті қаншалықты ерте есептеп, шығынды азайтып, тұрақты өндіріс моделіне айналдыра алады? Өңірдегі алғашқы тәжірибелер мұндай мүмкіндіктің бар екенін көрсетеді. Ендігі міндет – сол тәжірибені жекелеген шаруашылықтардан жүйелі тәжірибеге айналдыру.
автор: Tilshi.Net
фото: Айзат Атшыбаев