Жеке деректерді қорғау мақсатында Ішкі істер министрлігі WhatsApp мессенджеріндегі аккаунттарға рұқсатсыз қол жеткізу фактілері туралы ескертеді. Бұл туралы Polisia.kz жазады.
ІІМ аккаунттың қауіпсіздігін күшейту үшін екі сатылы тексеруді қосуды ұсынады. Ол үшін WhatsApp қосымшасын ашып, «Баптаулар» бөліміне өту керек. Одан кейін «Аккаунт» және «Екі сатылы тексеру» бөлімдерін таңдап, «Қосу» батырмасын басыңыз. Алты таңбалы PIN-код орнатып, аккаунтқа қолжетімділікті қалпына келтіруге арналған электрондық пошта мекенжайын енгізу қажет.
Орнатылған PIN-кодты ешкімге айтпаңыз. Сондай-ақ аккаунтыңызға қосылған құрылғыларды тұрақты түрде тексеріп отыру қажет. Ол үшін мәзірді (оң жақ жоғарғы бұрыштағы үш нүкте) ашып, «Байланыстырылған құрылғылар» бөлімін таңдаңыз және қосылған құрылғылар тізімімен танысыңыз. Егер өзіңізге белгісіз құрылғыны байқасаңыз, оны таңдап, «Шығу» пәрменін басу арқылы оған қолжетімділікті дереу тоқтатыңыз.
Аккаунттың бұзылғанын білдіретін негізгі белгілерге белгісіз құрылғылардың қосылуы, сіздің қатысуыңызсыз хабарламалардың жіберілуі, таныстарыңыздың сіздің атыңыздан күмәнді өтініштер келіп жатқанын хабарлауы, өзіңіз сұратпаған растау кодтарының SMS арқылы келуі, сондай-ақ аккаунттан өздігінен шығып кету жатады.
Растау кодтарын ешкімге бермеңіз, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және бейтаныс адамдардың нұсқауымен бөгде қосымшаларды орнатпаңыз. Жеке деректеріңіздің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараңыз. Аккаунттың бұзылғанын білдіретін белгілер анықталған жағдайда, оны қорғау бойынша шұғыл шаралар қабылдап, құқық қорғау органдарына жүгініңіз.
WhatsApp мессенджерінде рұқсатсыз белсенділік анықталған жағдайда, «Байланыстырылған құрылғылар» бөліміндегі барлық белсенді сеанстарды дереу аяқтап, екі сатылы тексерудің PIN-кодын өзгертіңіз. Сондай-ақ аккаунтыңыздың бұзылуы мүмкін екендігі туралы байланыстағы адамдарға хабарлаңыз.
Сонымен қатар телефон мен компьютерді зиянды бағдарламалардың бар-жоғына тексеріп, SMS немесе мессенджер арқылы келген растау кодтарын үшінші тұлғаларға ешқашан бермеңіз.
Ішкі істер министрлігі ескертеді: егер танысыңыздан шұғыл түрде ақша аударуды сұраған хабарлама келсе, міндетті түрде оған телефон арқылы немесе басқа байланыс құралы арқылы хабарласып, хабарламаны шынымен сол адамның өзі жібергеніне көз жеткізіңіз.