Ақтөбеде полиция қызметкерлерін видеоға түсірмек болған Алтай Аманқосов 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, деп хабарлайды Tilshi.Net полицияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, азамат қызметтік міндеттерін атқарып жүрген патрульдік полиция қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтіріп, олармен жанжалдасқан.
Ведомство таратқан ақпаратта Алтай Аманқосовтың полицейлердің заңды талаптарына бірнеше рет бағынбағаны және олардың қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіргені айтылған.
Осыдан кейін азамат полиция бөліміне жеткізіліп, іс материалдары сотқа жолданған. Сот қаулысымен оған 10 тәулік әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Алайда полицияның ресми хабарламасында азаматтың тәртіп сақшыларын қандай жағдайда және не себепті видеоға түсірмек болғаны айтылмайды. Сондай-ақ оның нақты қандай әрекеті полиция жұмысына кедергі ретінде бағаланғаны егжей-тегжейлі түсіндірілмеген.
Полиция азаматтардың қызметкерлердің заңды талаптарын орындауға міндетті екенін ескертіп, олардың жұмысына кедергі келтіргендер жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.