×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

Словакияда төрт қазақстандық студент ұсталды: СІМ мәлімдеме жасады

Словакияда төрт қазақстандық студент ұсталды: СІМ мәлімдеме жасады
Фото: depositphotos.com

Словакияда Қазақстанның төрт азаматы ұсталды. Бұл ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды Tilshi.Net «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне сілтеме жасап.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсеновтің айтуынша, ұсталған азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр.

«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Словакия Республикасында төрт қазақстандық азаматтың ұсталғанынан хабардар. Оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде, туыстарымен байланыс орнатылды. Жағдай министрліктің бақылауында», – деді ол.

Словакияның TN Live басылымының мәліметінше, Тренчин қаласындағы университетте оқитын 18–21 жас аралығындағы төрт студент адам ұрлау және ақша бопсалау күдігімен ұсталған. Басылым олардың үшеуі Қазақстаннан екенін хабарлаған.

Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып, жергілікті тұрғыннан ақша талап етпек болған. Олар беттерін бүркемелеп, полицияның арнайы бөлімшесінің жазуы бар қара киіммен ер адамның әжесінің үйіне барған.

Кейін іздеген адамын тауып, оны ұрып-соққан деген күдік бар. Оқиғаға бес адамның қатысы болуы мүмкін. Олардың төртеуі ұсталып, біреуі қашып кеткен.

Студенттердің бірінің адвокаты Мартин Бурай қорғауындағы азаматқа адам ұрлау және бопсалау бойынша айып тағылғанын мәлімдеген. Алайда адвокат айыптау нұсқасымен келіспейді.

Словакиялық БАҚ мәліметінше, айып тағылған азаматтарға 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр. Университет басшылығы ақпарат расталған жағдайда студенттерді оқудан шығару мәселесі қаралатынын хабарлаған.

Айта кетейік, Словакиялық БАҚ ұсталғандардың үшеуі Қазақстаннан екенін жазғанымен, Қазақстан СІМ төрт қазақстандық азаматтың ұсталғанын растады. Олардың кінәсі сотта дәлелденген жоқ.

🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?

Тіркелу қажет емес. AI жауаптарын маңызды шешімдер алдында тексеріңіз.

Ұқсас жаңалықтар