«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ әлемдегі геосаяси жағдайдың өзгеруі кәсіпорынның мұнай мен газ өндіру көлеміне тікелей әсер етпейтінін мәлімдеді.
Бас директор әкімшілігі басшысының орынбасары Юрий Шикарёвтың айтуынша, өндіріс көлеміне негізінен игеріліп жатқан кен орындарының геофизикалық ерекшеліктері мен қабат энергиясының табиғи сарқылуы әсер етеді.
Компания өкілінің айтуынша, кәсіпорын өндірілген өнімді өткізуде айтарлықтай қиындықтарға тап болып отырған жоқ. Мұнай мен газ Қазақстанның энергетикалық стратегиясы аясында өткізіледі.
Атап айтқанда, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» магистральдық «Бұхара – Орал» газ құбырының реверстік жүйесі арқылы Қазақстанның оңтүстік өңірлерін тауарлық газбен қамтамасыз ететін негізгі жеткізушілердің бірі болып табылады.
Компания мәліметінше, логистикаға және импорттық жабдықтарды жеткізуге қатысты жекелеген мәселелер ішкі инвестициялар есебінен шешіледі. Қаражат геологиялық барлау жұмыстарына, қабат қысымын ұстап тұруға және бұрғылау жабдықтарын жаңғыртуға бағытталады.