Қобда ауданында инфрақұрылым мен әлеуметтік саланы дамыту бағытында бірқатар ауқымды жоба бар. Елді мекендерге көгілдір отын тарту жұмысының қарқыны қандай? Мемлекеттік бағдарламалар ауылда кәсіп ашуға қаншалықты септігін тигізіп отыр? Аймақтың туристік әлеуетін арттыру үшін қандай нақты істер қолға алынды? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереевпен сұхбаттастық.
— Ізгілік мырза, қайырлы күн! Көлік инфрақұрылымы — қай аймақ үшін де күретамыр. Қазір аудан жолдарының сапасы қандай және бұл салада қандай ірі жобалар қолға алынды?
— Бүгінгі таңда ауданымыздағы автомобиль жолдарының 86 пайызы жақсы немесе қанағаттанарлық деңгейде. Қазір біз транзиттік көлік легін реттеп, қозғалысты жеңілдету бағытында белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Себебі біздің аумақ арқылы республикалық маңызы бар «Самара — Шымкент» тасжолы, сондай-ақ Шұбарқұдық, Ойыл, Мәртөк бағытына және Ресей шекарасына апаратын облыстық жолдар өтеді. Осыған орай, биыл ұзындығы 13 шақырымды құрайтын айналма жолдың құрылысы басталды.
Сонымен қатар Қобда, Сарыбұлақ, Жарық сияқты бірқатар елді мекеннің ішкі көшелері жөнделіп жатыр. Туристік бағыттар назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі кезде Абат-Байтақ кесенесіне апаратын 13 шақырымдық грейдер жолы төселіп жатыр.

— Ауыл тұрғындары көптен күтіп жүрген өзекті мәселелердің бірі — газ бен сапалы байланыс желісі. Бұл бағыттағы жұмыстардың қарқыны қалай?
— Елді мекендерді газдандыру — шынымен де халықтың ең басты сұранысы. Қазір біз техникалық құжаттама мен инфрақұрылымды дайындап жатырмыз. 10 ауылға газ тарту бойынша екі жылдық жобаны бастап кеттік. Оны келесі жылы толық аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз.
Ал байланыс мәселесіне келсек, барлық әлеуметтік нысандар мен ауылдарды кезең-кезеңімен интернетке қосып жатырмыз. Байланыс сапасын жақсарту үшін Beeline, Activ және Kcell ұялы байланыс операторларының мұнаралары орнатылып, талшықты-оптикалық байланыс желілері (ТОБЖ) тартылып жатыр.
— Аграрлық сектордың тыныс-тіршілігі қалай? Шаруалар көбіне қандай салаға басымдық береді және мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отыр ма?
— Ауданда 482 шаруа және фермер қожалығы тіркелген. Негізгі басымдық дәстүрлі түрде мал шаруашылығына, яғни ірі қара, қой және жылқы өсіруге беріледі. Ал егін шаруашылығында фермерлер майлы және бақша дақылдарын өсіреді. Оған қоса, мемлекет қолдауының арқасында суармалы егіншілікті дамыту ісі де жанданып келеді.
Айта кетерлігі, мал азығына берілетін субсидия сияқты кейбір қолдау түрлері тоқтатылғанына қарамастан, біздің шаруалар жаңа жағдайға бейімделіп, жұмыстарын тоқтатқан жоқ.
Ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы да өз жемісін беріп жатыр. Оның аясында 200-ден астам жоба қаржыландырылды. Осы қолдаудың арқасында ауыл тұрғындары жылыжай мен наубайханалар, шағын қонақүйлер ашып, құс шаруашылығымен айналысып жүр. Ең бастысы, кәсіпкерлер алған несиелерін тұрақты әрі уақытылы қайтарып отыр.

— Ауданда мектеп пен балабақша жеткілікті ме? Жаңа әлеуметтік нысандар салу жоспарда бар ма?
— Қазір ауданда 24 жалпы білім беретін мектеп пен балабақша жұмыс істейді. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға арналған жобалар дайын. Әзірге апатты жағдайдағы мектептерді жаңасына ауыстыру кезегі жоқ. Алайда балабақшалардағы орын тапшылығын жою бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Аудан әкімдігі бос тұрған коммерциялық ғимараттарды сатып алып, оларды қайта жаңғыртып, мектепке дейінгі мекемелерге бейімдеп жатыр.
— Қобда ауданы тарихи мұраға өте бай. Осы туристік әлеуетті арттыру үшін қандай шаруалар атқарылуда?
— Ішкі туризмді дамытуға баса мән беріп отырмыз. Айта кетейін, аудандағы барлық мұражайлар мен тарихи кешендерге кіру туристер үшін тегін.
Қазір тарихи ескерткіштер маңындағы инфрақұрылымды жақсартуды қолға алдық. Мәселен, Абат-Байтақ кешеніне жол салудан бөлек, визит-орталық тұрғызуды, сондай-ақ автотұрақ пен кемпинг аймағын ашуды жоспарлап отырмыз.
Әлия ауылында, яғни батыр қызымыз Әлия Молдағұлованың туған жерінде патриоттық орталық жұмыс істейді. Оған апаратын жол былтыр толық жаңартылды, қазір автотұрақ маңы абаттандырылып жатыр.
Мерейтойлық шаралар аясында Исатай Тайманов мемориалы қайта жаңғыртылды: мұражай жаңартылып, бірінші қабаттан спорт залы мен қонақүй ашылды. Сондай-ақ Жиренқопа ауылындағы Қобыланды батыр тарихи кешенінің аумағы да абаттандырылып жатыр.
Алдағы уақытта инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлерді тарта отырып, туристік маршруттар бойынан дәмхана, қонақүй, жанармай құю бекеті мен кәдесый дүкендерін ашу көзделген.

— Аудан шекаралас аймаққа жатады. Бұл экономикалық логистикаға қалай әсер етіп отыр?
— Иә, бес ауылдық округ, соның ішінде Жиренқопа, Ақыраб және Терісаққан ауылдары Ресей Федерациясымен шектеседі. Шекарадағы заставалар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Алайда бұл аумақтарда жүк көліктерінің транзитіне арналған ірі коммерциялық кеден бекеттерін ашу қарастырылмаған. Сондықтан біз негізгі назарды ішкі транзитті дамытуға және аудан ішінде көлік қатынасы үшін қолайлы жағдай жасауға аударып отырмыз.