Дүниежүзілік банк тобы жариялаған «Әлемдік даму туралы баяндама – 2026: Жасанды интеллект: үміт пен шынайы мүмкіндіктер» атты есепке сәйкес, егер үкіметтер электр энергиясы, интернет, кадр даярлау және институционалдық даму салаларындағы олқылықтарды жедел жойса, жасанды интеллект (ЖИ) дамушы елдерге бұрын бір ғасырда ғана қол жеткізуге болатын нәтижелерге небәрі он жыл ішінде жетуге мүмкіндік береді.
Баяндамада генеративті жасанды интеллектінің жұмыс орындарын автоматтандыру қаупі табысы жоғары елдерде дамушы мемлекеттерге қарағанда үш еседен астам жоғары екені атап көрсетілген. Табысы төмен және орташа елдерде қазіргі жұмыс орындарының шамамен 4,5 пайызы ғана тәуекел аймағында болса, табысы жоғары мемлекеттерде бұл көрсеткіш 14,2 пайызға жетеді.
Сонымен қатар жасанды интеллект дамушы елдердегі жұмыс орындарының 16,2 пайызының өнімділігін арттыра алады. Бұл көрсеткіш жоғары табысты елдердегі күтілетін 18,7 пайызға өте жақын. Сондықтан дамушы мемлекеттер үшін ЖИ-дің негізгі әсері жұмыс орындарын қысқарту емес, еңбек өнімділігін арттыру болмақ.
Дүниежүзілік банк тобының аға вице-президенті әрі бас экономисі Индермит Гиллдің айтуынша, жасанды интеллект дамушы экономикалар үшін жіберіп алуға болмайтын тарихи мүмкіндік.
«Бұл мүмкіндікті пайдалану үшін мемлекеттерге міндетті түрде алып тілдік модельдер немесе ірі деректер орталықтары қажет емес. Жергілікті жағдайға бейімделген шағын әрі қолжетімді ЖИ құралдарының көмегімен медицина, білім беру, сот жүйесі және ауыл шаруашылығы бойынша кеңес беру қызметтерін миллиондаған адамға қолжетімді етуге болады. Алайда уақытты созуға болмайды, өйткені ЖИ бұрынғы электр энергиясы немесе интернет сияқты технологияларға қарағанда әлдеқайда жылдам таралып жатыр», – деді ол.
Бұл баяндама дамушы елдердегі жасанды интеллектінің ықпалын жан-жақты бағалаған алғашқы кешенді зерттеу болып саналады. Құжатта ЖИ-дің кәсіпорындар мен мемлекеттік органдардың жұмысында нақты мәселелерді шешуге, деректерді талдауға, болжамдардың дәлдігін арттыруға және мемлекеттік қызметтерді кеңінен ұсынуға көмектесіп жатқаны айтылған.
Әсіресе білікті мамандар, сапалы деректер және мемлекеттік басқару әлеуеті жеткіліксіз елдер үшін бұл технологияның маңызы зор. ЖИ дәрігерлерге диагноз қоюға көмектесіп, фермерлерге тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді, ал бизнес үшін еңбек өнімділігін арттырады. Мемлекеттік органдар болса оны салықтық әкімшілендіруді жетілдіруде, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруда, табиғи апаттарға әрекет етуде, сондай-ақ денсаулық сақтау мен білім беру жүйесінің тиімділігін арттыруда пайдалана алады.
Қазіргі таңда дамушы экономикалар соңғы отыз жылдағы ең төменгі орташа экономикалық өсім кезеңін бастан өткеріп отыр. Есеп авторларының пікірінше, жасанды интеллект осы онжылдықтың соңына дейін экономикалық өсімді едәуір жеделдетіп, халықтың әл-ауқатына оң әсер етуі мүмкін.
Дегенмен мұндай нәтиже өздігінен жүзеге аспайды. Себебі ең озық жасанды интеллект жүйелері әзірге санаулы мемлекеттер мен компаниялардың қолында. Көптеген дамушы елдерде электр энергиясы, интернет, деректер, мамандар және тиімді институттар жетіспейді. Егер бұл мәселелер шешілмесе, ЖИ елдер арасындағы алшақтықты күшейтіп, әлеуметтік теңсіздікті арттыруы, нарықтағы шоғырлануды күшейтуі және мемлекеттік институттарға деген сенімді әлсіретуі мүмкін.
Баяндамада үш кезеңнен тұратын стратегия ұсынылған. Алдымен қолданыстағы ЖИ құралдарын енгізу, кейін оларды жергілікті жағдайға бейімдеу, ал қажетті негіз қалыптасқан соң ғана озық жасанды интеллект жүйелерін әзірлеуге көшу ұсынылады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай тәсіл қымбат әрі тиімсіз жобалардан сақтайды.
Баяндаманың жетекші авторы Гаурав Найяр дұрыс шешім қабылдау үшін уақыттың шектеулі екенін атап өтті.
«Жасанды интеллект бірнеше буын бойы шешілмей келген мәселелерді еңсеруге бірегей мүмкіндік береді. Электр энергиясы, интернет, кадрлық әлеует және тиімді институттар сияқты негізгі инфрақұрылымды бүгіннен бастап дамытқан елдер ғана бұл технологияның игілігін толық пайдалана алады», – деді ол.
Сарапшылардың айтуынша, мұның бәрі негізгі инфрақұрылымға салынатын инвестициясыз мүмкін емес. Мәселен, Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінде ауылдық мектептердің үштен біріне жуығында тұрақты электр қуаты жоқ, ал үштен екісінен астамында сенімді интернетке қолжетімділік қамтамасыз етілмеген.
Осы олқылықты жою мақсатында Дүниежүзілік банк серіктестерімен бірге «Mission 300» бастамасын жүзеге асырып жатыр. Жоба аясында 2030 жылға дейін Сахараның оңтүстігіндегі Африканың 300 миллион тұрғынын электр энергиясымен қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл кейін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге негіз болады.
Есепте сондай-ақ елдерге есептеу қуаттарына қолжетімділікті кеңейту, жергілікті тілдердегі деректер қорын дамыту және стартаптардың инвестиция тартуына, жаңа идеяларды сынауына әрі табысты жобаларды кеңейтуіне қолайлы жағдай жасау қажеттігі айтылған.
Сонымен бірге қоғамның жасанды интеллектіге деген сенімін нығайту маңызды міндеттердің бірі ретінде көрсетілген. Бастапқы кезеңде үкіметтер жауапты пайдалануды ынталандыратын ерікті салалық стандарттарға сүйеніп, халықаралық ынтымақтастықты күшейткені жөн. Егер мұндай шаралар жеткіліксіз болса, қолданыстағы заңнаманы пайдаланып, теріс салдардың алдын алу ұсынылады.
Баяндама авторларының пікірінше, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мен білім беру нәтижелерін жақсарту қоғамның сенімін нығайтады. Ал егер жасанды интеллект мемлекеттік шешімдерде әділетсіздікке немесе азаматтардың жеке деректерінің құпиялығының бұзылуына алып келсе, жоғалған сенімді қалпына келтіру өте қиын болады.