«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ өндірістік нысандарында ілеспе мұнай газын алауда жағу бекітілген нормативтер шегінде жүзеге асырылады. Компания мәліметінше, газ тек технологиялық процестің қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті көлемде жағылады.
Компания өкілі Юрий Шикарёвтың айтуынша, бұрын алауда жағылған газдың негізгі бөлігі қазір қайта өңдеу және электр энергиясын өндіру процесіне бағытталған.
Шикізат Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешенінің үш технологиялық желісіне жіберіледі. Сонымен қатар газ қуаты 160 МВт болатын Жаңажол бу-электр станциясында отын ретінде пайдаланылады.

Компанияның мәліметінше, станция кәсіпорынның өндірістік нысандарының электр энергиясына қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Өндірісте қалыптасатын электр энергиясының артығы елдің ұлттық электр желісіне беріледі.
Кәсіпорын ілеспе көмірсутек шикізатын кешенді кәдеге жаратуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаға қатысады.