Соңғы жылдары Түркістан Қазақстандағы ең қарқынды дамып жатқан қалалардың біріне айналды. Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі артып, жаңа қонақүйлер мен туристік инфрақұрылым нысандары ашылды. Ресми дерек бойынша, 2018 жылы өңірге туризм саласына 12,1 млрд теңге инвестиция тартылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 133 млрд теңгеге жеткен. Ал орналастыру орындарының саны осы кезеңде 148-ден 269-ға дейін өсті.
Туристер ағыны да көбейіп келеді. Түркістан облысының туризм басқармасының мәліметінше, 2025 жылы Түркістан облысына 500 мыңнан астам турист келген. Ал өңірдегі тарихи-мәдени нысандарға келушілер саны 1 миллион адамнан асты. Оның ішінде «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына ғана 713 мыңнан астам адам барған.
Алайда қала қаншалықты қарқынды дамыған сайын, оның туристік және мәдени даму үлгісіне қатысты сұрақтар да көбейіп отыр. Осы орайда 18 маусымда Turkistan City Media бастамасымен өткен «KÜLTÖBE» қоғамдық талқы клубының алғашқы отырысында Түркістанның бірыңғай бренді мәселесі талқыланды. Жиынға туризм саласының мамандары, музей қызметкерлері, журналистер, кәсіпкерлер мен қоғам өкілдері қатысып, қаланың тарихи мұрасы, қолөнер әлеуеті, адам капиталы және туристік даму бағыттары жөнінде пікір алмасты.
«KÜLTÖBE» — қала дамуы, мәдениет, медиа және қоғамдық мәселелер туралы пікір алмасуға арналған ашық талқы алаңы.
Қала бренді туралы ортақ көзқарас Талқы барысында қатысушылар қала бренді тек логотип, ұран немесе белгілі бір туристік нысанмен шектелмейтінін айтты. Олардың пікірінше, бренд қаланың тарихи мұрасы, мәдениеті, тұрғындарының өмір сүру тәжірибесі, туристердің алған әсері және өңірдің өзіндік ерекшеліктері арқылы қалыптасады. Түркістанның тарихи негізі «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері Ағаділ Тұрсынов Түркістанның басты символы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі екенін айтты. «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Түркістанның ғасырлар бойы сақталып келе жатқан басты бренді. Адамдар мұнда бүгін ғана емес, бірнеше жүз жыл бұрын да арнайы зиярат жасау үшін келген. Тіпті “туризм” деген ұғым қалыптаспай тұрып-ақ, Түркістанға келген жұрт осы кесененің арқасында бірнеше күн аялдап, қалада қонып кеткен. Бүгін рухани туризм деп атап жүрген құбылыстың негізі сол кезеңнің өзінде қалыптасқан». Ағаділ Тұрсынов, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері Ол музей-қорықтың қалыптасу тарихына тоқталып, Тайқазанның Түркістанға қайта оралуы қалаға деген қызығушылықтың артуына және туристік ағынның өсуіне ықпал еткенін мысал ретінде келтірді.
Туризмнің жаңа бағыты – адамдар «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының басшысы Асқар Абубакиров Түркістан бренді ендігі кезеңде тек тарихи нысандар арқылы емес, адамдар арқылы да танылуы қажет екенін айтты. «Қазір Түркістанның басты байлығы – оның адамдары. Қаладағы талантты жастарды, кәсіпкерлерді, өз ісінің шеберлерін жеке-жеке брендке айналдыра білсек, Түркістан адам капиталы арқылы да танылатын орталыққа айналады». Асқар Абубакиров, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының басшысы Спикер сөз барысында туристерге арналған Travel Guide чат-ботын таныстырып, оның тарихи орындар туралы ақпарат беріп қана қоймай, кәсіби гидтермен байланыс орнатуға мүмкіндік жасайтынын жеткізді. Қолөнер – Түркістанның ұмыт қалған бренді ме?
«Muztau Travel» компаниясының басшысы Балғын Ерболқызы Түркістанның қолөнер мәдениетін туристік брендтің маңызды бөлігі ретінде қарастыру қажеттігін көтерді. «Турист Түркістаннан міндетті түрде алып кететін бірегей бұйым болуы керек. Мұндай өнімдер тек естелік емес, қаланың мәдени экономикасының бір бөлігіне айналуы тиіс. Ал қалада қолөнерді бірнеше ұрпақ бойы жалғастырып келе жатқан, туристерді өз шеберханаларына қабылдайтын шеберлер бар болғанына қарамастан, туристік нысандарда сатылып жатқан бұйымдардың дені Қытайда жасалғанын көру бұл мәселенің әлі дұрыс жолға қойылмағанын көрсетіп отыр». Балғын Ерболқызы, «Muztau Travel» компаниясының басшысы Балғын Ерболқызы көрші Самарқан тәжірибесін мысалға келтіріп, жергілікті қолөнершілерге қолдау көрсету тетіктерін жетілдіру мәселесін де көтерді.
Жаңа мүмкіндіктер қаласы Журналист әрі медиаменеджер Жанна Жайлаубайқызы Түркістанның соңғы жылдары жаңа мамандар мен шығармашыл адамдарды тартатын ортаға айналып келе жатқанын атап өтті. Ол: «Даму тек мегаполистерде болады деген стереотип бұзылып жатыр. Түркістан көптеген мамандар үшін жаңа мүмкіндік алаңына айналды», – дейді. Спикердің айтуынша, қалаға келген жаңа мамандар өздерімен бірге тәжірибе, білім және жаңа көзқарас алып келеді. Бұл үдеріс Түркістанның қазіргі келбетін қалыптастыруға ықпал етіп отыр. Қорытынды Қоғамдық талқыны қорытындылаған модератор Роман Бұрқаш бренд ұғымын тек логотип немесе символика ретінде қарастыру жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның пікірінше, бүгінгі Түркістанда тарихи мұра брендімен қатар, адам ресурсына негізделген жаңа бренд қалыптасып келеді. Алайда кез келген қаланың бренді ең алдымен сол жерде тұратын адамдардың тәжірибесінен басталады. «Біз көбіне туристке қалай көрінетініміз туралы көп ойлаймыз. Бірақ қала алдымен өз тұрғындарына ыңғайлы болуы керек. Егер тұрғындар бұл қалада өзін жайлы сезінсе, мүмкіндіктерін жүзеге асыра алса, жұмыс істеп, баласын тәрбиелеп, болашағын осы қаламен байланыстырса, сонда ғана қаланың шынайы бренді қалыптаса бастайды. Өйткені бренд сырттан ойлап табылатын дүние емес. Ол адамдардың күнделікті өмірінен, қалаға деген сенімінен және сол жерде өмір сүріп жатқанына деген мақтаныш сезімінен қалыптасады».
Роман Бұрқаш, модератор Жиын соңында қатысушылар Түркістанның бренді бір ғана ұғыммен шектелмейтіні жөнінде ортақ пікірге келді. Талқыда тарихи мұра, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, қолөнер, адам капиталы және жайлы қалалық орта Түркістанның ортақ бейнесін қалыптастыратын негізгі бағыттар ретінде аталды.