×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

Ардагер ұстаздардың тәжірибесі мен жастардың жаңашылдығы: Жәзира Әбденова білім жүйесіндегі ұрпақтар сабақтастығы туралы айтты

Ардагер ұстаздардың тәжірибесі мен жастардың жаңашылдығы: Жәзира Әбденова білім жүйесіндегі ұрпақтар сабақтастығы туралы айтты
Сурет: ашық дереккөзден

Қандыағаштағы № 1 мектепте жас мамандармен жұмыс істеудің өзіндік жүйесі қалыптасып келеді. Мұнда жас мұғалімдер тек сабақ беріп қана қоймай, бір-бірімен тәжірибе алмасады, жасанды интеллектті меңгереді, спорттық және қайырымдылық шараларына қатысады, театр жұмысына араласады, шығармашылықпен айналысады. Тоғыз айға жоспарланған «New» жобасы арқылы жас ұстаздардың кәсіби ғана емес, тұлғалық тұрғыда да дамуына жағдай жасалып отыр.

Мектепте оқушыларды кітап оқуға тартуға арналған «Библио түн» жобасы, «Бес асық» ұлттық ойыны, жастар театры жұмыс істейді. Ал биыл мектеп ұжымы үшін ең үлкен мақсаттардың бірі — білім сапасын арттырып, мектепті «Үздік мектеп» қатарына қосу. Мектеп директоры Жәзира Әбденова бұл қызметке былтыр келген. Бұған дейін Ақтөбедегі және Қандыағаштағы өзге мектептерде директор болып жұмыс істеген. Жаңа ұжымға бейімделудің өзі оңай болмағанын жасырмайды.

Сіз бұл мектепке келгенде алдымен қандай мәселелерге назар аудардыңыз? Қазір мектеп алдында қандай міндеттер тұр?

Қазір біздің негізгі мақсатымыз — осы мектепті «Үздік мектеп» қатарына қосу. Бұған дейін бұл мектеп үздік мектеп атанып көрмеген екен. Биыл 38 түлектің сегізі грантқа түсті, қалғандары жоғары оқу орындары мен колледждерге түсті. Бұл — жаман көрсеткіш емес. Бірақ соңғы үш жылда «Алтын белгі» болмаған екен. Сондықтан мұғалімдерге балалармен жеке жұмыс істеп, білім сапасын көтеруді тапсырдым. Мен үшін ең маңыздысы — мектепте бала сапалы білім алуы. Ақылы қосымша сабаққа барғаннан гөрі, өз мектебіндегі мұғалімнен сапалы білім алғаны дұрыс деп есептеймін. Сол себепті каникул кезінде үлгерімі төмен оқушыларды шақырып, мұғалімдер тегін қосымша сабақ өткізеді. Қосымша сабақ өткізген мұғалімдерге демалыс күндері есебінен өтемақы ретінде демалыс береміз деп келістік. Оның бәрін өзім камера арқылы бақылап отырамын. Қыркүйек айынан бастап оқушыларды олимпиадаларға дайындауды да күшейтеміз.

Мектепте қазір 88 мұғалім, 860 оқушы бар. Екі ауысымда оқиды, кабинеттер мен жағдай толық жеткілікті. Қандыағашта алты мектеп бар, сондықтан бәсекелестік те бар. Аудан бойынша №4 мектеп-гимназиясы мықты, қазақ мектебі. Біз өзімізді әзірге ортасындамыз деп бағалаймыз, көрсеткіштеріміз жақсы. Мен бәсекелестікті жақсы көремін. Себебі бәсеке болған жерде даму болады. Сондықтан алдағы уақытта Ақтөбенің үздік мектептерімен тәжірибе алмасуды жоспарлап отырмыз.

Сіз жас мамандарға ерекше көңіл бөліп отырсыз. «New» жобасының ерекшелігі неде және неге жас мұғалімдердің жұмысын тек сабақпен шектемей, спорт, театр, қайырымдылық сияқты бағыттармен байланыстырдыңыздар?

Бізде жас мамандарға арналған тоғыз айлық «New» жобасы бар. Әр айға жеке жоспар жасадық. Бірінші айда жас мамандар бір-бірімен тәжірибе алмасу сабақтарына кірді. Екінші айда қазіргі жасанды интеллект құралдарын бір-біріне толық үйретті. Үшінші айда тек оқушыларға білім беріп қана қоймай, өздерін дамыту мақсатында спорттық іс-шара өткізді. Кейін сахнада театр өнерін көрсетті. Одан кейін қайырымдылық шарасын ұйымдастырдық. Қандыағаштағы жалғызбасты аналарға, олардың отбасыларына әлеуметтік көмек көрсетті. Қыста жалғызбасты әжелердің үйлерін жинап, көмектесті. Кейін табиғат аясында «Өз шеберлігімізді шыңдаймыз» деген тақырыппен суреттер салды. Сол суреттер қазір мектептің бірінші қабатында тұр. Керемет жұмыстар жасалды. Осы тоғыз айдың ішінде жастар бір-бірін жақынырақ танып, достық қарым-қатынасын нығайтты. Енді қыркүйек айынан бастап жобаның келесі кезеңін бастаймыз. Орқашқа, Ащысайға, Құмжарған мектептеріне тәжірибе алмасуға барамыз. Үшеуі де ауылдық мектептер. Ащысай — тоғыз жылдық мектеп, қазір ол жерде жаңа мектеп салынып жатыр. Онда панельді тақта сияқты құралдар аз болғандықтан, олардың мұғалімдерін бізге шақырып, сабақ бергізіп, тәжірибе алмасамыз. Біздің жастар оларға ҚМЖ жасауды, жасанды интеллектті меңгеруді үйретеді.

Бұл — мектепішілік жоба. Тәрбие жөніндегі орынбасарымыз бекітті, тоғыз айлық жоспар жасалды. Аудандық білім бөлімі біледі, қолдап отыр. Облыстық кәсіподақтан қыркүйек айында он шақты жас маманымызды марапаттайды. Аудандық кәсіподақ төрайымы бес жас маманымызға күзгі каникулда Сарыағашқа жолдама бергелі отыр. Жобаның жұмыстары аудандық білім бөлімінің және облыстық кәсіподақтың парақшаларында жарияланды. Соның нәтижесінде мұғалімдерге, жас мамандарға 10 алғыс хат және 5 жолдама берілгелі отыр. Мен жастарға шектеу қоймаймын. Мен үшін ең бастысы — білім сапасының жоғарылауы. Одан кейін жастар қосымша жұмыс істеп, өздерін дамытса, мен оны қолдаймын. Бірақ әдеп, киім үлгісі, мәдениеттілік және этиканы сақтау міндетті.

Жас мамандардың кәсіби дамуы бір бөлек, ал мектептің тәжірибелі ұстаздарының тәжірибесін сақтау бір бөлек. Осы екі буынның арасындағы байланысты қалай құрып отырсыздар?

2026–2027 оқу жылында барлық ардагер ұстаздарды жинадық. 1 қыркүйекке шақырып, арнайы топ аштық. Ардагер ұстаздар жас мамандардың сабақтарына айына бір-екі рет кіріп, кеңес береді, бағыт-бағдар көрсетеді. Себебі жастарда жаңа технология бар, жасанды интеллектіні жақсы меңгереді, әлеуметтік желіні біледі. Ал тәжірибелі ұстаздардың көп жылдық педагогикалық тәжірибесі бар. Осы екеуін бір-біріне қарсы қоймай, керісінше толықтыруымыз керек деп ойлаймын.

Өзім де үнемі үйреніп жүремін. Алдыңғы буын ардагерлермен ақылдасамын, әлеуметтік желілердегі мықты басшылардың тәжірибесін қараймын, «Өрлеу» және «Жаңа қор» бағдарламалары арқылы курстардан өтемін. Басшы да тоқтап қалмауы керек. Үнемі іздену қажет. Ұжымды біріктіру үшін ай сайын спартакиада ұйымдастырамыз. «New» жобасында жастар төрт топқа бөлінді, әр топтың өз формасы, эмблемасы болды. Биыл аудан бойынша 37 мектептің мұғалімдері арасында өткен спартакиадада 28 команданың ішінен бірінші орын алып, кубокты жеңіп алдық.

Сіз бұл мектепке келгенге дейін Ақтөбеде, Қандыағашта мектептерде 10 шақты жыл директор болдыңыз. Ротациядан кейін жаңа ұжымға бейімделу қалай өтті?

Жалпы еңбек өтілім — 17 жыл, оның 10 жылы директорлық қызметте өтті. Алдыңғы мектепте 8,5 жыл отырдым. Бұрынғы мектепке қатты бауыр басып қалдым, тіпті жеке мектебім сияқты болып кетті. Сондықтан соңғы ротациядан кейін бір жерде тым ұзақ отырмау керектігін түсіндім. Қазір министрлік екі жылдан кейін ротация болады дейді, жақсы нәтиже көрсетсең, тағы екі жылға созылады. Негізі, екі жыл аз уақыт. Бірақ жұмыс істеймін деген адамға екі жылда да көп нәрсе тындыруға болады. Сондықтан осы уақытты тиімді пайдаланып, мектепті үздік мектептер қатарына қосқым келеді.

Алғашқы үш айда бұл мектепке үйрену оңай болған жоқ. Тіпті кеткім келіп жүрді. Кейін бір-бірімізге үйрендік. Қазір ұжымда ашық қарым-қатынас орнаған, мұғалімдер өз ойын еркін жеткізеді. Бұрын 180 мұғалімді басқарғанмын, сондықтан бұл жердегі 88 мұғаліммен жұмыс істеу маған қиындық тудырмайды. Бірақ әр ұжымның өз мінезі болады. Басшы ретінде соны түсініп, ортаға бейімделуің керек.

Мектепте тәртіпке де ерекше көңіл бөлесіз. Бірақ сонымен бірге жастарға еркіндік беретіндігіңізді айттыңыз. Бұл екі ұстанымды қалай қатар алып жүрсіз?


Мен жастарды қолдаймын. Әсіресе әлеуметтік желідегі белсенділігіне шектеу қоймаймын. Өзім де таңертең балаларды қабылдап жатқанда немесе мектепішілік іс-шара кезінде TikTok, Instagram-да тікелей эфирге шығамын. Қазір Қуандық деген мықты ұйымдастырушымыз, Ерасыл деген тарихшымыз бар. Оларға «YouTube канал ашыңдар» дедім. Қазір мектептің ресми YouTube арнасын ашып жатырмыз, барлық жұмыстарымызды сонда саламыз. Қазір әлеуметтік желіден қашып құтыла алмайсың. Оны дұрыс пайдалану керек. Жастардың өздері қызығады, сондықтан сол мүмкіндікті пайдалы бағытқа бұрған дұрыс.

Ал тәртіпке келгенде талап бар. Сабақ кезінде телефон ұстауға тыйым салынған. Әр кабинетте ұялы телефон салатын қалташалар немесе сейфтер орнатылған. Мұғалімдер де, оқушылар да телефондарын сонда қалдырады. Тек 5–10 минуттық үзіліс кезінде ғана пайдалануға болады. Яғни еркіндік деген — тәртіпсіздік деген сөз емес. Жастарға мүмкіндік беремін, бірақ баланың білім сапасы мен мектептегі тәртіп бірінші орында тұруы керек.

Мектепте жастар театры, «Библио түн», «Бес асық» сияқты жобалар бар. Бұл жұмыстардың барлығы бір мақсатқа — баланы мектепке тартуға бағытталған деуге бола ма?

Иә. Мысалы, жастар театрына біз тек дарынды балаларды ғана алмаймыз. Тентек болып жүрген, өтпелі кезеңдегі, отбасында қиын жағдайы бар балаларды да тартамыз. Отбасында ажырасу болған немесе басқа мәселесі бар бала мектепте қиқар мінез көрсетуі, төбелесуі, тіпті ұрлық жасауы мүмкін. Соларды ашу, ортаға тарту мақсатында жұмыс істейміз. Бізде Баян апай деген зейнеткер ұстаз бар, оның шеберлігі өте жоғары. Сол кісімен бірге жұмыс істейміз. Аудандық театр байқауы жылына бір рет, сәуірде өтеді. Былтыр 37 мектептің арасындағы жарыста бірінші орын алдық.

«Библио түнді» де былтырғы оқу жылынан бастадық. Қазір кітап оқитын бала аз, ата-аналардың да жұмысы бар. Сондықтан сенбі күні кешкісін кітапхананы ашып қоямыз. Күндіз жұмыстан қолы тимейтін ата-аналар кешкісін келіп, балаларымен бірге кітап оқиды, кітапханашымен жұмыс істейді. Акт залының қасына үлкен панельді тақта қойдық, QR-код арқылы кітаптарды жүктеп алып оқи береді. Сонымен бірге «Бес асық» ойынын дамытып келеміз. Оқушыларымыз республикалық ұлттық лигада екі дүркін чемпион атанды. Жетекшісі — Айнұр Бұқарбаева. Қыс кезінде де спортты тоқтатпаймыз, шаңғы, коньки тебу ұйымдастырылады. Мектеп жанындағы алаңдарда, вокзал жанындағы спорт кешенінде жаттығады. Бауыржан, Темірлан деген мұғалімдер балаларды алып барады. Шаңғы мен коньки мектепте толық қамтамасыз етілген.

Мектептің болашағына қатысты тағы қандай жоспарларыңыз бар?

Мектептің астындағы үлкен жертөлені спорттық үйірмелерге лайықтап жасағымыз келеді. Сонымен қатар оқушыларға арнап мобилография үйірмесін ашуды жоспарлап отырмыз. Қазір басшылықпен ақылдасып, арнайы кабинет жабдықтап, жас маман тартуды ойластырып жатырмыз. Балалар қазіргі заманғы дағдыларды меңгеруі керек.

Түлектеріміз де мектепке белсенді көмектесіп жатыр. Наурыз мейрамында ауқымды шаралар жасады, балаларға көмек көрсетті. Данияр, Асылбек, Рүстем сияқты азаматтар «Мектепке жол» акциясы аясында мұқтаж және аз қамтылған отбасыларға, жетім балаларға көмек көрсетіп жатыр. Мектеп ауласын гүлдендіруге де көмектесіп келеді. Бұл — мектеп үшін үлкен қолдау.

Бауырың ауыл әкімі. Өзіңіз директорсыз. Әулетіңізде тағы да басшылар бар ма?


Менің атам қойшы болған, әкем өмір бойы жүргізуші, анам кіші қызметкер болды. Олар бізді оқытуды мақсат етті. Сіңлім Шалқар ауданында ауыл әкімі, інім жеке кәсіппен айналысады. Ал жолдасымның анасы, яғни енем, 40 жыл ұстаз болған, оның 22 жылында мектеп басқарған. Үйдегі басты ұстазым — сол кісі.

Жолдасым да мұғалім, балам алғашында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болды, қазір заң саласында оқып жатыр, қызым да мұғалім. Сондықтан қазір білім саласындағы отбасымыз деуге болады. Мүмкін, менің басқару тәжірибеме де осы ортаның әсері болған шығар. Бірақ ең бастысы — адам қай жерде жұмыс істесе де, өз ісіне жауапкершілікпен қарауы керек.

Екі жылдан кейін ротация болуы мүмкін екенін ескерсек, осы мектепте өзіңізге қойған ең үлкен міндетіңіз қандай?

Ең үлкен міндетім — осы мектептің көрсеткішін көтеру және «Үздік мектеп» қатарына қосу. Екі жыл аз уақыт болуы мүмкін. Бірақ ниет болса, екі жылда да көп нәрсе жасауға болады.

Мен үшін мектеп деген — тек сабақ өтетін ғимарат емес. Мұнда бала өзін қауіпсіз сезінуі, қабілетін ашуы, спортпен айналысуы, кітап оқуы, шығармашылықпен айналысуы керек. Мұғалім де осында өзін дамытуға мүмкіндік алуы тиіс. Егер балаға да, мұғалімге де сондай орта қалыптастыра алсақ, сонда мектептің нәтижесі де өзгереді.

🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?

Тіркелу қажет емес. AI жауаптарын маңызды шешімдер алдында тексеріңіз.

Ұқсас жаңалықтар