Мұғалжар ауданы — Ақтөбе облысындағы ең ірі өндірістік өңірлердің бірі. Бірақ мұнда тек мұнай мен газ ғана емес, соңғы кезде үлкен өзгерістер жүріп жатыр: арнайы экономикалық аймақ ашылып, жаңа зауыттар салынуда, студенттерге тегін гранттар беріліп, мектептер мен колледждер жаңаша жұмыс істей басталды. Тіпті тұрғындардың психологиялық жағдайы мен әлеуметтік мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінуде.
Аудан әкімі Дархан Ермағанбетов "Тілші" сауалдарына жауап берді.
I. Салықтан босатылатын жаңа өндірістер және 3000 жұмыс орны
– Мұғалжар ауданында Арнайы экономикалық аймақтың (СЭЗ) субзонасын құру бастамасы қалай басталды? Одан қарапайым халыққа не пайда?
– Негізгі мақсатымыз – жаңа жұмыс орындарын ашу және өңірге ірі инвесторларды тарту. Негізі Үкімет қаулысымен мұндай арнайы аймақ Ақтөбе қаласында құрылған болатын. Былтыр облыс әкімі Асхат Шахаров ауданымызға келгенде мен: «Асхат Берлешұлы, Мұғалжардың потенциалы өте жоғары. Егер қолдасаңыз, осы жерден де арнайы экономикалық аймақ ашайық» деп ұсыныс айттым.
Бұл не береді? Инвесторлар 7, 10, тіпті 15 жылға дейін салықтардан, кедендік баж салығынан және жер салығынан босатылады. Бұл кез келген бизнесмен үшін келіп зауыт салуға, ақша құюға үлкен мүмкіндік.
Осы ұсыныстан кейін Алматыдан сарапшылар келіп зерттеді, Астанадан министрлік өкілдері екі рет келіп көз жеткізді. Бастамамызды көрген соң Үкімет Хромтау, Алға және Байғанин аудандарын да осы жүйеге қосуды ұсынды. Нәтижесінде үстіміздегі жылдың 31 шілдесінде Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды. Негізгі идея бізден шыққандықтан, ең ірі субзоналардың бірі Мұғалжарда орналасады.
– Жер қайдан беріледі және оның көлемі қандай?
– Ауданда екі үлкен субзона белгіленді: Жаңажол өңірінен 400 гектар және Қандыағаш қаласының басынан 137 гектар жер бөлінді.
– Ол жерлерде не салынады? Инвесторлардан сұраныс бар ма?
– Сұраныс бар. Инвесторлар салықтық жеңілдіктерді пайдаланып, шикізатты қайта өңдейтін зауыттар салғысы келеді.
Мысалы, Орал қаласындағы құбыр зауыты Қандыағашта құбыр шығаратын цехын орнатып жатыр, алда басқа да өндірістерін көшірмек. Екінші үлкен жоба – тұрмыстық газға қауіпсіздік үшін қосылатын «одорант» арнайы химиялық қоспасын шығаратын өндіріс. Оның иісі арқылы газдың жылыстауын бірден білуге болады. Бұл – бүкіл облыста жоқ бірегей өндіріс болмақ.

Қазірдің өзінде 8 потенциалды инвестор бар, олардың кейбірі келісімшартқа отырып, жер телімдерін алып жатыр. Қандыағашта теміржол мен автожолды пайдалана отырып, бұрынғы кірпіш зауытының арғы жағынан үлкен индустриялық аймақ құрамыз.
– Инвесторларға жеңілдік берілді, ал олардан не талап етіледі?
– Басты талап – жергілікті халыққа тұрақты жұмыс орнын ашу, отандық өнім шығарып, экспортқа шығу. Жеңілдіктер болғанымен, жумысшылардың айлығынан ұсталатын табыс салығы мен әлеуметтік салықтар тікелей аудан мен облыс бюджетінде қалады. Алдын ала есеппен, екі субзонада 3 000-ға жуық жаңа жұмыс орны құрылады.
– Жаңажол аумағында қандай ірі жобалар бар?
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Жаңажолда карбамид пен метанол шығаратын зауыт құрылысы жоспарда бар. Ол үшін «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» бен «ҚазМұнайГаз» келісімге келді. Бұдан өзге, «Өріктау» кен орнынан газ өңдеу зауытына дейін инфрақұрылым тартылуда. Бұл жерде тек шетелдік компанияның емес, өзіміздің ұлттық «ҚазМұнайГаздың» газы да өңделеді.
II. Спирт зауытының иісі, жаңа үйлер, жол мен вокзал
– Қандыағаштағы спирт зауытының жағымсыз иісіне тұрғындар жиі шағымданатын. Бұл мәселе кашан шешіледі?
– Иә, бұл бұрыннан келе жатқан проблема еді. Зауыт иелерімен сөйлестік, нәтижесінде олар жағымсыз иісті сорып, жоятын арнайы цех салу үшін 1 миллиард теңгеден астам ақшаға құрал-жабдық сатып алуға келісті. Ақшаның алғашқы траншы төленіп, құрылыс басталды.
Техникалық жағынан мұның денсаулыққа зияны жоқ, бірақ жел қалаға соққанда жағымсыз иіс тұрғындарға жайсыздық тудыратын. Жаңа цех іске қосылғанда бұл мәселе түбегейлі жабылады.
– Бұл зауыттың ауданға пайдасы қаншалықты?
– Зауыт 1998 жылдан бері, яғни 27–28 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Мынаны түсіну керек: Салық кодексі бойынша спирт – соңғы дайын өнім емес және ол медицинада да қолданылатындықтан, акциздік тауарға жатпайды. Яғни арақ-шарап шығаратын зауыттардай акциз төлемейді. Соған қарамастан, өнімді сату көлеміне қарай жергілікті бюджетке салықты тұрақты төлеп отыр.
– Баспана мәселесі мен пәтер бөлу жүйесі қалай болып жатыр?
– Биыл 100-ден астам пәтерді береміз. Салынып жатқан үйлер негізінен әлеуметтік осал топтарға арналған.
Мұндағы басты жаңалық – адами факторды толық жойдық. Бұрын үйлерді әкімдік жанындағы комиссия бөлетін, оған жұрттың өкпесі де болатын. Енді бұл қызмет толығымен «Отбасы банкке» өтті. Әкімдік үйді салдырып, құжаттарын банкке өткізеді, ал банк компьютерлік жүйе арқылы кезекте тұрғандарға ашық түрде үлестіреді.
– Қандыағаштың халық саны және ішкі көші-қон қандай?
– Қазір Қандыағашта 38 000, ал жалпы Мұғалжар ауданында 67 000 тұрғын бар. 2024 жылғы су тасқынынан кейін Атыраудың Құлсары қаласынан және басқа да өңірлерден көшіп келіп, үй сатып алғандар көбейді. Халық көбейсе, жергілікті бизнес пен экономика да жандана түседі.
– Қандыағаш – ірі теміржол торабы. Саланың бүгінгі жағдайы қалай?
– Қандыағаш – Республика бойынша Қарағанды мен Арыспен қатар ең жоғары санаттағы үш тораптық станцияның бірі. Мұнда тәулігіне 2 400-ден астам вагон өтеді. Ал вокзалдың өзінен күніне 500–600 жолаушы пойызға отырып-түседі. Қазір вокзал имаратына жөндеу жүргізіп жатырмыз, 2-3 айда аяқтаймыз. Бұл сала – жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтып отырған негізгі қарашаңырақ.
– Автожолдардың жағдайы ше? Жүк тасымалы теміржолды ығыстырып жатқан жоқ па?
– Соңғы жылдары теміржол тарифтері өскендіктен, жүк тасымалының басым бөлігі ауыр жүк фураларына ауысқаны жасырын емес. Осыған орай, Ақтөбе–Қандыағаш республикалық жолының құрылысы 2024 жылы толық аяқталды. Бұрын күніне 2-3 мың көлік өтсе, қазір транзиттік ағын 8-9 мың автокөлікке жетті. Бұл жол арқылы Атырау, Маңғыстауға, Астрахань мен Түркияға дейін жүк тасымалданады.
III. Бiлiм беру, ғылым және 100 студентке тегін грант
– Маман даярлау жағы қалай шешілмек?
– Басты мақсат – жастардың сыртқа көшуін тоқтату. Ол үшін білім беруді мектептен бастауымыз керек.
Сол себепті Мұғалжар ауданы облыста бірінші болып Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетімен меморандум жасасты. Аудандағы 4 000-ға жуық педагогтің ішінде магистратура бітірген 60-тан астам мұғалімнің басын қосып, «Магистрлер клубын» құрдық. Мұғалімдер 2 аптаға университетке барып біліктілігін арттырады, ал профессорлар Қандыағашқа келіп, оқушылармен ғылыми жобалар төңірегінде жұмыс істейді.
– Аудандағы колледж түлектеріне қандай жеңілдік бар?
– Ауданда 3 колледж бар. Ембідегі жабылу алдында тұрған колледж студенттерінің санын 110-нан 200-ге жеткіздік.
Ал Қандыағаш қаласындағы мемлекеттік колледж бойынша тарихи келісім жасалды: осы колледжді бітірген жастар ешқандай ҰБТ не емтихансыз, бірден Жұбанов университетінің 2-курсына оқуға түсе алады. Бұл мүмкіндік республика бойынша тек біздің Қандыағаш колледжінің түлектеріне беріліп отыр.
– Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға көмек бар ма?
– «CNPC-Ақтөбемұнайгаз», «Қазақойл» және «Өріктау» сияқты ірі компаниялардың есебінен жетім, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған 100-ге жуық студенттің Ақтөбедегі ЖОО-лардағы оқу ақысын төлеттірдік.

Бұл жерде ашықтық болуы үшін комиссияға әкімдіктен ешкімді кіргізген жоқпыз. ЖОО ректораты мен компаниялардың HR мамандары құжаттарды тексеріп, нақты мұқтаж студенттерге грант бөлді. Жобаны 23 студентпен бастап едік, қазір 100-ге жеткіздік.
– Ғылымды аудан экономикасына қалай пайдаланып жатырсыздар?
– Жұбанов университетінің Экономика және құқық факультетіне ҒЗТКЖ (НИОКР) шеңберінде тапсырыс бердік. Олар Мұғалжар ауданы мен Қандыағаштың алдағы 10-15 жылға арналған экономикалық картасы мен даму бағыттарына ғылыми сараптама жасап жатыр. Енді жалаң статистикаға емес, ғылыми тәсілге сүйенеміз.
Бұдан өзге, геологиялық барлау жұмыстары да жүріп жатыр. Мұғалжар станциясы маңында әйнек өндірісіне қажетті кварц құмы мен құрылысқа қолданылатын «диатомит» (жеңіл саз балшық) кен орындары зерттелуде.
IV. Блогерлер, идеология және суицидтің алдын алған 5 психолог
– Блогерлерге де тоқталсақ... Ауданның ақпараттық кеңістігінде жағдай қалай? Кезінде біреуі бопсалау бойынша ұсталған еді ғой. Бұл әкімдік имиджіне де әсер етеді, блогерлермен жұмыс істегенде абай болу керек шығар?
– Медиамен күнделікті жұмыс жасау керек. Ауданда газетіміз бар, жақсы командасы бар, аптасына бір рет шығады, барлық саланы қамтып отыр.
Ал блогерлерге келсек... Бұрын өз бетінше, өзінің көзқарасымен жүрген азаматтар ғой енді. Бірақ біз оларды арнайы шақырып, дұрыс бағытқа бұру үшін сөйлестік. «Өңірдің дамуына оң ықпал етіңіздер, дұрыс жолға түсіңіздер» деп, тіпті әлеуметтендіру үшін жұмыстарға да тарттық. Қазір Қандыағаштың ақпараттық кеңістігін қалыптастырып отырған тұрақты 3 блогер бар. Олармен жұмыс реттелген.
– Оқырманға айтылмай қалған, бірақ өңір үшін маңызды қандай жобалар бар?
– Бұл жерде мынадай маңызды дүниелер бар. Біріншіден, Қандыағашта халық саны 38 000-ға жетті, бұрынғы мәдениет үйі тарлық етеді. Сондықтан біз ішінде аудандық кітапханасы бар 600 орындық жаңа Өнер орталығын салғымыз келеді. Жобаны облыс әкімі қолдады, қаржыландыру жағы қарастырылып жатыр.
Екіншісі – біз көбінесе назардан тыс қалдыратын осал топтағы, ерекше білім беруді қажет ететін балалар мәселесі. Біз өзіміздің ішкі мүмкіндігімізбен Қандыағаш және Ембі қалаларынан екі арнайы коррекциялық орталық (түзету мектебін) аштық. Ғимарат тауып, жөндеуге «СНПС» компаниясы қолдау көрсетті. Таяу арада толық пайдалануға береміз.
– Идеология мен дін саласына келсек... Қауіптен өттік деуге бола ма?
– Қауіптен өттік. ҮЕҰ-лар (НПО), дін бөлімі мен Дін істері басқармасы бірлесіп үлкен жұмыс атқарды. Ең басты жетістігіміз – деструктивті діни ағымда жүрген әйелдерді қоғамға қайта бейімдеп, жұмыспен қамтамасыз еттік.
Оларды оқшауланып үйде отырған жерінен шығарып, тамақ пісіру, тігін тігу, көмекшілік қызметтерге орналастырдық. Балаларымен және жолдастарымен де тікелей кешенді жұмыс жүргізілді.
Мұндай отбасыларда әйелдер үйден шықпайды, күйеулері де көп нәрседен шектейді, балаларын балабақшаға беруден бас тартады. Ал отағасы жұмыссыз қалса, отбасы психологиялық тығырыққа тіреледі.
Осыны көріп, біз аудандық аурухана жанынан 5 психологы бар арнайы бөлім мен «Қамқор» орталығын аштық. Аудандық кезекші дәрігерлер мен медбикелер үйлерді аралап, пациенттерді көргенде «сигнал» береді: «Мына отбасыда көңіл-күй жоқ, отағасы жұмыссыз қалыпты, көмек керек» дейді. Содан кейін «Қамқор», Мансап орталығы, заңгерлер мен нотариустар іске кірісіп, ол азаматтарды жұмысқа орналастырады, әлеуметтік және психологиялық көмек береді.
Бұл – көзге көрінбейтін, бірақ нәтижесі өте үлкен жұмыс. 2023 жылы осы жүйе арқылы балконнан және төбеден секірмек болған 4 суицид оқиғасының алдын алдық. Ауданға келіп жұмысымызды көрген облыс әкімі Асхат Шахаров: «Бұл жалғыз Мұғалжарда бар бірегей тәжірибе екен, басқа аудандарға да енгізіңіздер» деп тапсырма беріп кетті.
– Мемлекеттік қызметшілердің әдебі мен кадр саясаты да маңызды. Ауданда бұл жағы қалай реттелуде?
– Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департамент басшысы Айбек Шілмановпен тығыз жұмыс істейміз. Кадрлық құрамды қайта даярлаудан өткіздік.

Қазір жаңа заң бойынша Алматы сияқты ірі қалалардағы ЖОО-ларды қызыл дипломмен бітірген жас мамандарды конкурссыз мемлекеттік қызметке алуға мүмкіндік бар. Біз осы тетікті пайдаланып, білікті жастарды тартып жатырмыз. Басты ұстанымымыз – жергілікті тумаларды өсіру. Кезінде қаланың мәселесін сырттан сынап жүрген белсенді жастарға: «Мәселені білсең, кел, оны бірге дұрыстайық» деп, мемлекеттік қызметке тартып жатырмыз.
– Ауданда әкім болғаныңызға 3 жыл толыпты. Алдағы уақытта халықты қуантатын қандай жобалар бар?
– Басты жоспарларымыз - Қандыағашта Өнер орталығын салу, халыққа қолайлы жаңа заманауи Халыққа қызмет көрсету орталығын (ЦОН) ашу және балалардың шығармашылығы үшін жаңа Саз мектебін пайдалануға беру.
Бұл бастамалардың барлығы Мұғалжарды тек өндірісі бар жер емес, тұрғындары үшін өмір сүруге жайлы, әлеуметтік тұрғыдан қауіпсіз әрі дамыған өңірге айналдыруға бағытталған.