ERG мен Ақтөбе облысының әкімдігі әріптестік туралы меморандум жасасты. Оның аясында аймақтағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға компания 2026 жылы 5,99 млрд теңге бағыттамақ. Құжатқа Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров пен ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Кудрәт Шамиев қол қойды.
– Ақтөбе облысына ERG-мен әріптестіктің аймақ өмірінің сан саласын қамтығаны маңызды. Біз мұндай серіктестіктің нәтижесін тек ірі инфрақұрылымдық жобалардан ғана емес, тұрғындардың өздері ұсынатын бастамалар мен әлеуметтік саланың дамуынан, адамдардың кәсіби және жеке дамуына жағдай жасаудан да байқаймыз, - деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.
Өзгерістерді ақтөбеліктер қала көркінен көре алады. Мәселен, Алтын орда ауданындағы Тәуелсіздік даңғылында абаттандырудың келесі кезеңі басталады. Оған 770 млн теңге қарастырылған. Мұнда жүргінші жолдары, жасыл желек аумағы, балалар мен спорт алаңдары орнатылып, орындықтар қойылып, жарықтандырылмақ. Қосымша 2 субұрқақ орнатып, жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын кеңейтіп, көгалдандыруды жалғастыру жоспарланып отыр.
Пушкин атындағы саябаққа 400 млн теңге бағыттап, жаяу жүргіншілер аумағын жаңартып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, аумақты жарықтандыру жоспарда бар. Балалар алаңдарын, ықшам сәулет формаларын орнатып, жаңа демалыс орындарын құру көзделген.
Хромтау қаласының инфрақұрылымында да көз қуантарлық өзгерістер болады. 5 ауладағы абаттандыру жұмыстарына 200 млн теңге жоспарланған. Олардағы асфальт жабыны мен балалар алаңы жаңартылады. Жарықтандыру орнатылып, футбол алаңы мен қосымша автотұрақ орындары ойластырылмақ.

Қала көшелерін жарықтандыруға 158 млн теңге қарастырылған. 11 көшеге жалпы саны 340 жарықдиодты шам орнатылады. Осылайша, 9 көшенің жарықтандыру жүйесі толық жаңартылып, алғаш рет Республика мен Тамды көшелері де түнде самаладай жарқырайды. Хромтаудағы Жұмысшы мамандықтар аллеясы да түрленіп, қайта түлейді.
Одан бөлек, Хромтауда 25 метрлік бассейні бар жаңа спорт кешені бой көтереді. Оның құрылысына 2026 жылы 500 млн теңге жоспарланып отыр. Мұнда бассейннен бөлек, жалпы дене шынықтыру залы, киім ауыстыратын бөлмелер мен себезгі, жаттықтырушылар мен персоналға арналған жеке бөлмелер қарастырылған. Жоба кедергісіз орта тұжырымдамасына сай болғандықтан, кейін бұл алаңда тек кәсіпорын қызметкерлері ғана емес, бүкіл қала тұрғындары, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар адамдардың спортпен шұғылдануына жол ашылмақ.
Бұған қоса, аймақта енді ат спорты да қанатын кеңге жайяды. Жылқы шаруашылығы институтын дамыту аясында Ақтөбеде ат спорты кешенін салуға 400 млн теңге бағытталмақ. Мұнда ат ұстауға, баптауға және ат спортын дамытуға сеп болатын инфрақұрылым салынады.
Денсаулық сақтау саласы да қолдау тапты. Ақтөбедегі емдеу-дене шынықтыру диспансерін жабдықтауға 120 млн теңге бөлінеді. «ERG дәрігерге» бағдарламасы аясында компания медицина мамандарының біліктілігін арттыруға септесіп, емдеу мекемелерін қажетті құралдармен жабдықтауды жалғастырады.

«ERG Mektepke» бағдарламасы аясында компания колледж базасында өнеркәсіп кәсіпорындарына қажетті маман даярлау ісін қолдайды. Хромтау жоғары тау-кен технологиялық колледжінде қауіпсіздік кабинеті жабдықталып, Ақтөбе өнеркәсіп технологиялары колледжінде токарь мен фрезерлік ісі бойынша шеберхананы дамытуға жәрдем беріледі.
ERG «Tugan Qala» бастамасын қолдауды жалғастырады. Өйткені, оның аясында тұрғындар өз қалаларына қажетті жобаларды өздері ұсынып, пысықтап, іске асырылатын бастамаларды да дауыс беру арқылы өздері таңдайды.
– ERG-дің Ақтөбе облысымен серіктестігі – тамыры тереңге кеткен игі дәстүр. Ұзақ жылдар бойғы бірлескен жұмыстың нәтижесінде аймақ тұрғындары үшін қандай жобалардың маңызды екенін біліп отырмыз. Сондықтан бізге әр жаңа жобаның тек тиянақты іске асырылып қана қоймай, тұрғындар сезінетін нәтиже беріп, болашақта сұранысқа ие болғаны маңызды, - деді ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Кудрәт Шамиев.
Биылғы меморандум ERG мен Ақтөбе облысының әкімдігі арасындағы ұзақ жылғы сенімді серіктестіктің лайықты жалғасы. Тек соңғы 5 жылда ERG Қазақстандағы әлеуметтік жобалар, қайырымдылық пен демеушілікке 150 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаған.