×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

Жаңа саябақтар, бассейн және абаттандырылған аулалар: ERG Ақтөбе мен Хромтауды қалай өзгертіп жатыр?

Жаңа саябақтар, бассейн және абаттандырылған аулалар: ERG Ақтөбе мен Хромтауды қалай өзгертіп жатыр?
Фото: "Қазхром" баспасөз қызметі

Ақтөбе облысында ERG қолдауымен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жалғасып жатыр. Облыс әкімдігімен ынтымақтастық аясында компания Хромтау мен Ақтөбеде спорт нысандарын салуға, аулаларды абаттандыруға, жарықтандыруды жаңғыртуға және қоғамдық кеңістіктерді дамытуға белсенді атсалысып келеді.

Хромтауда жалпы ауданы шамамен екі мың шаршы метр болатын спорттық-сауықтыру кешені салынып жатыр. Мұнда ұзындығы 25 метр, ені 16 метр болатын жеті жолақты бассейн, жалпы дене шынықтыру залы, жаттықтырушыларға арналған бөлмелер мен әдістемелік кабинет, демалыс аймағы, буфет және киім ауыстыратын бөлмелер қарастырылған. Кешен бір ауысымда 88 адамды қабылдай алады. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандустар, табалдырықсыз кіреберістер және арнайы жабдықталған санитарлық торап қарастырылған.

Фото: "Қазхром" баспасөз қызметі, бассейн ғимаратының эскизі

Құрылыс құны – 1,4 млрд теңге. Оның 900 млн теңгесін «Қазхром» ТҰК» АҚ бөліп отыр. Қазіргі таңда жұмыстың шамамен 40 пайызы орындалды. Негізгі монолитті және кірпіш қалау жұмыстары аяқталып, инженерлік желілер тартылып жатыр.

– Спорт кешені ең алдымен Хромтау тұрғындарына – ересектерге де, балаларға да арналған. Алдағы уақытта мұнда түрлі секциялар ашуды жоспарлап отырмыз. Құрылысты 2027 жылдың наурыз айында аяқтау көзделген, – дейді Хромтау ауданы әкімінің орынбасары Қасымхан Мұстапа.

«Қазхром» Ағайынды Жұбановтар және Мұхтар Әуезов көшелеріндегі үш ауланы абаттандыруға тағы 200 млн теңге бағыттайды. Бұл аумақтарда асфальт жабындысы жаңартылып, балалар мен спорт алаңдары салынып, орындықтар, қоқыс жәшіктері және жарықтандыру құрылғылары орнатылып жатыр. Сондай-ақ күркелер, футбол алаңы және қосымша автотұрақтар қарастырылған. Өткен жылы қаладағы тағы бес аула абаттандырылған болатын.

Фото: "Қазхром" баспасөз қызметі, Хромтау қаласы

Қала көшелерін жарықтандыруды жаңғыртуға 158 млн теңге бөлінді. Тоғыз көшедегі қолданыстағы шамдар жаңартылса, Республика және Тамды көшелерінде жарықтандыру алғаш рет орнатылады.

– Өзім де Хромтауда тұрамын, қаланың қалай жаңарып жатқанын жақсы білемін. Бұл жер тек жұмыс немесе өндіріс орны ғана емес, аулада, көшеде, үйге қайтар жолда – күнделікті өмір сүруге жайлы қала болғанын қалаймын, – деп атап өтті Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Бауыржан Утемисов.
Фото: "Қазхром" баспасөз қызметі, Пушкин саябағының эскизі

Әлеуметтік жобалар Ақтөбе қаласында да жүзеге асырылып жатыр. Пушкин атындағы қалалық саябақты қайта жаңартуға 400 млн теңге қарастырылған. Мұнда жаяу жүргіншілер аймағын, көгалдандыру мен жарықтандыруды жаңғырту, балалар алаңдары мен шағын сәулет нысандарын орнату, қосымша демалыс орындарын ашу жоспарланған.

Батыс-2 шағын ауданындағы ұзындығы 4,5 шақырым болатын саябақ аймағын дамыту жалғасып жатыр. Мұнда жасыл аймақтар, балалар алаңдары, әткеншектер, серуендеуге және демалуға арналған орындар, құрғақ субұрқақ және автоматты суару жүйесі қарастырылған.

Фото: "Қазхром" баспасөз қызметі, Пушкин саябағының эскизі

Бұл жобаның бірінші кезеңіне «Қазхром» 1 450 млн теңге бөлді. ERG мен Ақтөбе облысы әкімдігі арасындағы жаңа меморандум аясында абаттандыруды жалғастыруға тағы 770 млн теңге қарастырылған. Екі кезеңді қаржыландырудың жалпы көлемі 2,2 млрд теңгені құрайды.

Осылайша, Дөң тау-кен байыту комбинаты орналасқан Хромтау мен Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жұмыс істейтін Ақтөбедегі жобалар спорт инфрақұрылымын салу, тұрғын аумақтарды абаттандыру, жарықтандыруды жаңғырту және қалалық қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағыттарын қамтиды.

🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?

Тіркелу қажет емес. AI жауаптарын маңызды шешімдер алдында тексеріңіз.

Ұқсас жаңалықтар