×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

Астанада «Астана кештері» XV мерейтойлық халықаралық өнер фестивалі басталды

Астанада «Астана кештері» XV мерейтойлық халықаралық өнер фестивалі басталды
Фото: Ұйымдастырушылар комитеті

Қазақстан астанасында 9 қазанда әлемнің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздарды, классикалық музыка әуесқойлары мен жоғары өнерді бағалаушыларды біріктіретін ауқымды мәдени оқиға – «Астана кештері» XV мерейтойлық халықаралық өнер фестивалі басталды. Фестивальді «DEGDAR» гуманитарлық қоры «Астана Опера» театрымен бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Фестиваль Оңтүстік Африкадан келген әнші Белинда Дэвидстің Уитни Хьюстонның шығармашылығына арналған ерекше трибьют-шоуымен ашылды. «Қазақстан» орталық концерт залында «Телохранитель» фильміндегі аңызға айналған I Will Always Love You және I Have Nothing әндері, сондай-ақ I Wanna Dance with Somebody, Greatest Love of All, Queen of the Night, One Moment in Time, How Will I Know және Уитни Хьюстонның репертуарындағы басқа да танымал балладалар мен би композициялары шырқалды. Әндер «Астана Опера» театры оркестрінің сүйемелдеуімен орындалды.

«Фестивальдің ұйымдастырылу деңгейі мен қазақстандық музыканттардың саундчектері мені ерекше тәнті етті. Оркестр мен бэк-вокалистер біртұтас ұжымдай үйлесімді жұмыс істейді. Сондай-ақ мұнда халықтың өз еліне деген мақтанышы ерекше байқалады. Өйткені ұшып келгеннен кейінгі алғашқы 40 минуттың ішінде-ақ елдеріңіз туралы көптеген мәліметке қанық болдым», – деп Белинда Дэвидс өз әсерін бөлісті.
Фото: Ұйымдастырушылар комитеті

Белинда Дэвидс әлемге әйгілі поп-диваның хит әндерін үздік орындайтын әнші ретінде танылған. Оның дауысы Уитни Хьюстонның дауысына өте ұқсас. Белинда төрт октаваны қамтитын ерекше дауыс диапазонымен және жоғары вокалдық шеберлігімен ерекшеленеді.

«Оның концерттері әлемнің барлық құрлығында зор табыспен өтіп келеді. Ал бүгін Астанада әншінің алғашқы әрі жалғыз концерті өтті», – деді «Астана кештері» фестивалінің директоры Лейла Ахметова.

Уитни Хьюстонға арналған трибьют-шоудың бірегей оркестрлік өңдеулерінің авторы әрі кеш дирижері – италиялық маэстро Роберто Молинелли. Ол Хосе Каррерас және Андреа Бочеллимен бірлескен жобалары арқылы танымал. Сондай-ақ, Италиядағы әйгілі SANREMO фестивалінің оркестріне бірнеше мәрте жетекшілік еткен.

Фото: Ұйымдастырушылар комитеті

Кештің арнайы қонағы – италиялық рок-әнші Симоне Романато. «Астана кештері» XV мерейтойлық халықаралық өнер фестивалі елордада 9-11 қазан аралығында өтеді.10 қазанда театр сахнасында фестиваль бағдарламасының ең жарқын оқиғаларының бірі «Non-Stop OPERA» ауқымды шоуы ұсынылады. Қазақстанда баламасы жоқ бұл жоба эксклюзивті музыкалық бағдарлама мен ерекше сахналық қойылымды біріктіреді.

Көрермендерге отандық сахнада сирек орындалған немесе бұрын мүлде шырқалмаған әлемдік классика жауһарлары ұсынылады. Бағдарламаға Дж. Россинидің «Реймске саяхат», Дж. Вердидің «Фальстаф», Ж. Оффенбахтың «Гофман ертегілері», Л. Бернстайнның «Кандид» операларынан ариялар және басқа да шығармалар енгізілген. Шоуды әзірлеуге халықаралық шығармашылық топ жұмылдырылған. Олардың қатарында вокал және сахналық шеберлік бойынша Еуропаның жетекші маманы Алла Симони (Италия) мен белгілі италиялық дирижер Этторе Пападиа бар.

Жобаға Астана, Алматы және Ташкент опера театрларының жетекші солистері қатысады. Олардың арасында Феруза Юсупова, Медет Шотабаев, Дамир Сәдуақасов, Бибігүл Жанұзақ, Расул Жармағамбетов және басқа да өнерпаздар бар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль аясындағы премьерадан кейін қойылымды «Астана Опера» театрының тұрақты репертуарына енгізу жоспарланып отыр.

Фото: Ұйымдастырушылар комитеті

11 қазанда фестиваль бағдарламасы «Астана Опера» театрында өтетін «Barocco» атты камералық музыка кешімен жалғасады. Бұл кеште Беларусьтен келген белгілі дирижер Евгений Бушковтың жетекшілігімен театр оркестрі тыңдармандарды Вивальди, Бах, Гендель, Чимароза және Марчелло дәуіріне жетелейді.

Барокко дәуірінің ұлы композиторларының шығармаларын Қазақстан мен Францияның танымал виртуоз музыканттары орындайды.

1. Жером Гишар – белгілі француз гобойшысы, Париж консерваториясының профессоры. Ол әлемнің жетекші оркестрлерімен өнер көрсетіп, Лорин Маазель, Пьер Булез, Курт Мазур сынды заманауи дирижерлік өнердің көрнекті өкілдерімен ынтымақтастықта жұмыс істеген.

2. Қазақстан Республикасының «FORTE TRIO» мемлекеттік триосы – еліміздегі сұранысқа ие камералық ансамбльдердің бірі. Ұжым құрамында республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары скрипкашы Мақсат Жүсіпов, виолончельші Мұрат Нарбеков және трио жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Тимур Урманчеев бар.

3. Ержан Кушанов – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің бірінші флейташысы, Халықаралық үрмелі аспаптар академиясының негізін қалаушы. Музыкант Еуропа мен Орталық Азияның жетекші оркестрлерімен бірге өнер көрсетіп келеді.

Фестивальдің бас ұйымдастырушысы «DEGDAR» гуманитарлық қоры биыл өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы уақыт ішінде қор жүздеген қайырымдылық, білім беру, әлеуметтік және мәдени жобаларды жүзеге асырды.

🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?

Тіркелу қажет емес. AI жауаптарын маңызды шешімдер алдында тексеріңіз.

Ұқсас жаңалықтар