×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

Қазақстандық өндірушілер LuLu сауда желісі арқылы БАӘ нарығына шыға бастады

Қазақстандық өндірушілер LuLu сауда желісі арқылы БАӘ нарығына шыға бастады
Qaztrade.org.kz

Қазақстандық өндірушілер Таяу Шығыстағы ең ірі бөлшек сауда желілерінің бірі – LuLu-мен ынтымақтастық орнату арқылы Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) нарығына шыға бастады.

6–8 қазан күндері Абу-Дабидегі ADNEC Centre көрме орталығында өткен Global Food Week 2026 халықаралық көрмесі аясында отандық компаниялар сауда желісімен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды. Келісімдерге SBK Company, Brand Kazakhstan және NEW Energy Drink компаниялары қол жеткізді. Олар азық-түлік өнімдерін, табиғи бал мен энергетикалық сусындарды ұсынады.

Қол жеткізілген уағдаластықтар қазақстандық өндірушілерге өз өнімдерін сауда желісінің сөрелеріне орналастыруға және БАӘ нарығындағы қатысу аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Келесі кезеңде өнім ассортименті, коммерциялық шарттар мен тауарларға қойылатын талаптар келісіліп, жеткізілімдерді ұйымдастыру мәселелері пысықталады.

Бұл – отандық өнімдерді халықаралық көрмеде таныстырудан бастап, оларды шетелдік нарықта ілгерілетуге бағытталған маңызды қадам.

Qaztrade.org.kz

Global Food Week 2026 көрмесіндегі Made in Kazakhstan ұлттық экспозициясына түрлі азық-түлік өнімдерін өндіретін компаниялар қатысты. LuLu сауда желісімен келісімдерге қол қойған компаниялардан бөлек, өз өнімдерін Nurel Product, «Алан и К», «Шабыт» ЖШС (Speranza бренді) және Qazaq Gourmet компаниялары да ұсынды.

Көрме стендінде бал, жарма, дәнді дақылдар, өңделген жеміс өнімдері, сусындар, жаңа піскен сиыр және қой еті, сондай-ақ халал санатындағы ет өнімдері таныстырылды.

Көрмеге қатысу отандық кәсіпорындарға өз өнімдерін халықаралық серіктестерге таныстыруға және экспортты одан әрі дамыту үшін іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік берді. Ірі сауда желілерімен ынтымақтастық сату географиясын кеңейтуге және қазақстандық тауарлардың шетелдік нарықтардағы позициясын нығайтуға қосымша мүмкіндік береді.

«Біз үшін қазақстандық компаниялардың халықаралық көрмелерге қатысуы нақты коммерциялық нәтижелерге ұласқаны маңызды. Өнімді таныстырумен жұмыс аяқталмайды. Одан кейін әлеуетті сатып алушылармен жүйелі жұмыс жүргізіп, сауда желілерінің талаптарын келісіп, кәсіпорындарды нақты жеткізілімдерге дайындау қажет. Отандық өндірушілердің LuLu желісімен ынтымақтастыққа дайын болуы – осы бағыттағы маңызды қадам. Біздің міндетіміз – бизнеске шетелдік нарыққа шығудан бастап, тұрақты экспорттық арналарды қалыптастыруға дейін қолдау көрсету», – деді QazTrade бас директорының орынбасары Айнұр Әмірбекова.

Қазақстандық өндірушілердің БАӘ нарығына шығуы Made in Kazakhstan өнімдерін ілгерілету мүмкіндіктерін кеңейтіп, экспорттық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға негіз қалайды.

🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?

Тіркелу қажет емес. AI жауаптарын маңызды шешімдер алдында тексеріңіз.

Ұқсас жаңалықтар