Нұрсұлтан Мұратбаев: «Discount» экожүйесін дағдарыстан туған инновация дей аламын | TILSHI.NET

Нұрсұлтан Мұратбаев: «Discount» экожүйесін дағдарыстан туған инновация дей аламын

Нұрсұлтан Мұратбаев: «Discount» экожүйесін дағдарыстан туған инновация дей аламын
суретке түсірген Данияр Сағидолла

Ақтөбелік кәсіпкер Нұрсұлтан Мұратбаевтың есімі өңірдегі бизнес ортаға жақсы таныс. Банк саласында 17 жылдық тәжірибе жинақтап, кейін өз ісін бастаған ол бүгінде күзет агенттігі, құрылыс, жиһаз өндірісі және сауда салаларын қатар дөңгелетіп отыр. Алайда оның бүгінгі басты фокусы – нарықтағы инфляция мен баға өсіміне технологиялық жауап ретінде туған «Discount» цифрлық платформасы.

Isker Tilshi-ге берген сұхбатында кәсіпкер 60 миллион теңге қарызбен қалған кезеңдері, Мұхтар Жәкішевтен алған сабақтары және Ақтөбеден шығып Орталық Азия нарығын бағындыру жоспары туралы әңгімелейді. 


Дағдарыстан туған инновация: «Discount» экожүйесі


— Нұрсұлтан мырза, сіз қазір «Discount» атты жаңа стартапты іске қосып жатырсыз. Бүгінде нарықта жеңілдік жүйелері аз емес. Сіздің жобаңыздың бизнес-моделі қандай артықшылыққа негізделген?

— Кез келген сәтті бизнестің негізінде адамның нақты бір проблемасын шешу жатады. Бұл идея 2025 жылдың тамыз-қыркүйек айларында, қосылған құн салығы (ҚҚС) өседі деген әңгіме жиі айтыла бастағанда туды. Салық өссе, тауар мен қызметтің бәрі қымбаттайды — бұл аксиома. Мен жеке кәсіпкер ретінде бүкіл елдің баға саясатын өзгерте алмаймын, бірақ тұтынушы мен кәсіпкер арасындағы «үнемдеу көпірін» құра аламын.

«Discount» — бұл жай ғана жеңілдіктер тізімі емес, бұл — үнемдеудің экожүйесі. Біздің модель жазылымға (subscription) негізделген. Тұтынушы жылына 5990 теңге төлеп, біздің серіктестерімізден (СТО, клиникалар, мейрамханалар, дүкендер) 2%-дан 12%-ға дейін жеңілдік алады. Мысалы, стоматологияда 500 мың теңгеге имплант салдырған адам 10% жеңілдікпен бірден 50 мың теңге үнемдейді. Яғни, жазылым құны алғашқы саудада-ақ өзін бірнеше есе ақтап шығады.



— Бұл жобаның техникалық жағына кімдер жауапты? Шетелдік мамандарға жүгінген жоқсыз ба?

— Басында Украинадан команда жалдауды ойлағаным рас. Бірақ Ақтөбедегі Жұбанов университетінің магистранттарымен, жас айтишниктерімен кездескен соң, шешімімді өзгерттім. Бағдарламаны жергілікті жас мамандар жасап шықты. Дизайн мен интерфейс бойынша біз қазір нарықтағы алпауыттармен бәсекелесе аламыз. Менің банктегі және қауіпсіздік саласындағы тәжірибем бағдарламаның қауіпсіздік архитектурасын қатаң бақылауға мүмкіндік берді. Қосымша жылдам жұмыс істейді және деректерді қорғау деңгейі жоғары.


Диверсификация және «Еврейлік тәсіл»

— Сіздің портфеліңізде күзет агенттігінен бастап, белорусиялық жиһаз брендіне, құрылыс пен қоғамдық тамақтануға дейін бар. Осыншама әртүрлі бағытты қалай үйлестіріп отырсыз?

— Бұрын мен де «бір бағытпен ғана айналысу керек» деген қағиданы ұстанатынмын. Бірақ қазіргі құбылмалы заман диверсификацияны талап етеді. Мен мұны «еврейлік тәсіл» деп атаймын: бірнеше кранның бірі жабылса, екіншісі ашық болуы керек.



Қазір біздің күзет агенттігіміз облыс бойынша 80-нен астам нысанды (мектептер, әкімдіктер, жеке кеңселер) қамтып отыр. Сонымен қатар, Алға қаласында сауда үйіміз бен өндірістік цехтарымыз бар. Бұл ауқымды басқарудың құпиясы — функцияларды табыстауда (делегирование). Мен пайданы бөлісуден қашпаймын. Әр бизнес-бірлікке сенімді серіктестер тауып, оларға 10-20% үлес (equity) беремін. Олар өздерін жай ғана менеджер емес, қожайын ретінде сезінгенде ғана бизнес автоматты түрде дами бастайды.


— Кәсіпкерлік жолыңызда 60 миллион теңге қарызбен қалған кезең болғанын айттыңыз. Бұл сәтсіздік сізге не үйретті?

— Бұл менің «кәсіпкерлік MBA» курсым болды. Сол кезде банктегі тұрақты жұмысымды енді ғана тастаған едім. Дубайдағы парфюм бизнесіндегі сәтсіздік пен қарыздар мені масштабты ойлауға үйретті. Кәсіпкер қауіптен қорықпауы керек, ол сол қауіпті басқаруды үйренуі қажет. Тіпті «бизнес мен үшін емес шығар» деген ой келгенде де, қайта тұрып, жұмысты жалғастыру керектігін түсіндім.


Ортаның ықпалы: Мұхтар Жәкішевпен кездесу

— Сіз «Парасат» бизнес-клубының мүшесісіз. Арманжан Байтасов, Мұхтар Жәкішев сияқты тұлғалармен қарым-қатынас сіздің стратегияңызды қалай өзгертті?

— Орта адамды қалыптастырады. «Төрт миллионердің арасында жүрсең, бесіншісі сен боласың» деген сөздің жаны бар. Мұхтар Жәкішевпен өткен үш күндік кездесу менің дүниетанымымды өзгертті. Біз кішкене ғана кәсібіміздің айналасындағы мәселелерді ойлап жүрсек, ол кісі мемлекеттік масштабта, геосаясат деңгейінде сөйлейді. Сол кезде өзіңнің іс-әрекетіңнің тым ұсақ екенін түсінесің де, масштабыңды өсіресің.

Мен білімге ақша аямаймын. HR-капитал мен команда құруды үйрену үшін 10 миллион теңге жұмсап оқыдым. Кәсіпкер үшін ең қымбат актив — оның таныстығы (connection) және алған білімі.


Ақтөбеден жаһандық нарыққа


— «Discount» жобасының алдағы жоспары қандай? Ақтөбе нарығы сіз үшін тарлық етпей ме?

— Ақтөбе — біздің старттық алаңымыз. Қазір бұл қала Шымкенттен кейінгі қарқынды дамып келе жатқан мегаполис. Ақтөбеде 650 мың тұрғын бар, соның бір пайызы қосымшаны пайдаланса, бұл үлкен нәтиже. Бірақ біздің амбициямыз мұнымен шектелмейді. Келесі кезең — Қазақстанның барлық 15 облысын қамту, содан кейін Өзбекстан, Қырғызстан және СНГ нарығына шығу. Платформамыз масштабтауға өте ыңғайлы.

— Бизнестегі қатаң график пен отбасылық өмірді қалай теңгеріп отырсыз? Төрт баланың әкесі ретінде уақытты қалай бөлесіз?

— Отбасы — менің басты мотивация көзім. Жұмыс қанша ауыр болса да, әр демалыс күнін отбасыма арнаймын. Біздің командада жақсы дәстүр бар: біз тек жұмыс істеп қана қоймай, бірге шаңғы тебуге барамыз, Ұмра қажылығына бірге барып келдік. Балаларыма да «еңбекпен келген нанның тәтті» екенін кішкентайынан үйретіп келемін.

суретке түсірген Данияр Сағидолла


— Сұхбатыңызға рақмет! Бастаушы кәсіпкерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

— Ешқашан тоқтамау керек. Тіпті 60 миллион қарызың болса да, бұл — жолдың соңы емес, жаңа биіктікке секіруге дайындық. Және әрқашан айналаңызға пайда тигізуді ойлаңыз. Халықтың нақты мәселесін шешіп, батасын алған бизнес ешқашан банкрот болмайды.

Әңгімелескен Асқар Ақтілеу

Суретке түсірген Данияр Сағидолла

🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?