×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

Шалқар: Миллиардтар жұмсалған көл, суалған бұлақтар мен науқас балалар. Әкімдік есебі мен халық шындығы неге үйлеспейді?

Шалқар: Миллиардтар жұмсалған көл, суалған бұлақтар мен науқас балалар. Әкімдік есебі мен халық шындығы неге үйлеспейді?
Шалқар көлі. 2026 жылдың наурызы

Ақтөбе облысындағы Шалқар ауданы — Арал экологиялық апаты салдарынан зардап шеккен аумақтардың қатарында. Экологиялық Арал маңы аймағы деп танылғалы бері Шалқарда қандай өзгерістер болды? Бүгінде халықтың көңіл-күйі қандай? Экологиялық ахуал нешік? Осы сұрақтарға жауап іздеген «Тілші» командасы ауданға арнайы барып қайтты.

Шалқар көлінің жағдайы және жергілікті бастамалар

Аудандағы басты мәселелердің бірі — Шалқар көлі. Жылдар бойы оның жағдайы тұрақсыз: су бірде бар, бірде жоқ. Бұл, әрине, жергілікті халықтың тұрмысы мен шаруашылығына тікелей әсер етуде. Сонымен қатар, Мұғалжар тауларындағы өндірістік жарылыстар бұлақ көздерінің бітелуіне себеп болып, экологиялық жағдайға кері ықпалын тигізуде. Сапар барысында біз Шалқар ауданының белсенді тұрғындарымен кездестік. Көтерілген негізгі мәселелердың қатарында ауыз су тапшылығы, жастар арасындағы қылмыс (біз барған күндері жасөспірім өлімі қызу талқыланып жатты), ардагерлер кеңесіндегі келеңсіздіктер және өзге де өзекті түйткілдер болды.

Шалқар аудандық мәслихатының депутаты, әрі Шалқардағы орта мектептердің бірінде директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүрген Ерлан Әбдікәрімнің айтуынша, биыл көл суы жағаға келіп тұр. Тұрғындар мал суарады, бақша егеді.

«Депутат ретінде қала әкіміне көлдің жағалауына парк салсақ деген ұсыныс айттым. Шалқар — экологиялық аудан. Тал жоқ. Көл жағасында мал жайылады, одан иіс шығады, бәрі экологияға зиян. Қазір парк салынып жатыр. Қабылдауға келген такси жүргізушілері жол жиегінде адамдар жүгіріп жүретінін, спортпен айналысатындарға кедергі болатынын айтты. "Арнайы жүгіретін жер жоқ па?» деп сұрайды. Астанадағыдай жүгіретін жолдары болса деймін. 2028 жылға дейін депутатпыз ғой, артымыздан із қалдырсақ деген ойымыз бар», — дейді Ерлан Әбдікәрім.

Ауыз су тапшылығы: Ақсақалдардың базынасы

Бүгінде Шалқарда ауыз су тапшы. Бұл туралы ауыл ақсақалдары айтып берді.

«Үкімет тазартуға миллиардтаған ақша салды, рақмет. Бірақ түбегейлі күтілмей қалды. Астынан шыққан топырақты жағасына үйіп тастады. "Набережная" жасап, екі-үш қатар ағаш егіп, асфальттасақ. Ауыз су туралы үшінші жыл айқайлап келеміз. Осы белсенділердің ішіндегі ең «оңбаған» шалы менмін, әкімдер мені ұнатпайды. Бірақ мен халықтың сөзін сөйлеймін. Былтыр бәрін тексердік, видеоларды облыстық әкімдікке жібердік. Комиссия құрылып, жиналыстар болды. Олар «суды жер бетімен құбыр арқылы тартамыз» дейді, бірақ бұл — уақытша нәрсе. Шалқардағы 12 мың халықты сумен қамти алмаймыз ба? Жаз келсе, суды күніне үш рет бір сағаттан ғана береді. Халық дәрет ала алмай, шелек-құман толтырып отырады. 600 мың халқы бар Ақтөбеде су бір минут тоқтамайды, ал Шалқарда неге бұлай? Скважиналардың бәрі 25–30 метр тереңдікте ғана тұр, бұл — үстіңгі қабаттағы су. Ал нағыз су қоры 100 метрден әрі тереңде жатыр. Бегімбетте, Толағайда, Шіліктіде жерасты мұхиты бар. Былтыр Тоқаевтың өзі: «Бегімбеттен Ақтау мен Атырауға су тарту керек, ол 4 миллион халықты қамти алады» деп айтты. Демек, қорымыз бар. Сол су жүз-ақ шақырым жерде тұр. КС-12 компрессорлық станциясына дейін келіп тұрған су бар, бірақ ол газопроводтың балансында болғандықтан, қала жүйесіне берілмеген. Соны қосуға болады ғой десем, ешкім құлақ аспайды. Он шақты жылдан бері айтып келеміз, биыл да жалғастырамыз. Парк мәселесін бала-шаға көрер, бірақ ауыз су мәселесін аяқсыз қалдыруға болмайды», — дейді ауданның белсенді тұрғыны Болатбай Елеусіз ақсақал.

Бершүгір: Бұлағы суалған тау мен экология зардабы

Сапар барысында Бершүгір тауларындағы өндірістік жарылыстардың зардабы туралы да сұрастырдық. Жергілікті ақсақалдар мен депутаттар бұл мәселенің екіұшты екенін, бірақ табиғатқа тигізер нұқсаны орасан екенін алға тартады.

«Бұрын бұл маңда мөлдіреп аққан бұлақ көп еді, қазір біреуі де қалмады. Шалқар көлін толтыратын судың тең жартысынан астамы осы бұлақтардан келетін. Қазір тек қар суына қарап қалдық, ал ол бірде келсе, бірде келмейді. Мәселен, биыл жерде тоң болмағандықтан, қар суы тасымай, жерге сіңіп кетті. Әкімдік зауыттарды тоқтатамыз дегенімен, соңында тағы бір жаңа кәсіпорын ашып қояды. Миллиард жарым инвестиция құйылып, жиырма адам жұмысқа алынады екен. Сонда жиырма адамның нәпақасы үшін бүкіл табиғатты құртуымыз керек пе? Мен бұдан ешқандай қисын көріп тұрған жоқпын», - дейді ауданның құрметті ақсақалы Болатбай Елеусіз.
Ал Шалқар аудандың мәслихатының депутаты Ерлан Әбдікәрім Бершүгір таулары басындағы өндіріс орындарына қатысты халықтың пікірі екіге жарылғанын айтады. 

"Жұмыссыз отырғандар: „Қалада жұмыс көп, ал біз осы зауыттың арқасында күнімізді көріп отырмыз“, — дейді. Бірақ мәселенің екінші жағы тағы бар. Ол жақтың малын сойсаңыз, өкпе-бауыры ісіп кеткенін көресіз. Демек, ет те экологиялық тұрғыдан таза емес. Динамитпен жарылыс жасағанда көкке көтерілген қою шаң бұлт сияқты үйіріліп тұрады. Ол шаң адамның да, малдың да өкпесіне қонады. Бұрын бұл маңда 17 бұлақ болса, бүгінде соның үшеуі ғана қалды», - дейді ол. 

Медициналық дабыл: Мүмкіндігі шектеулі балалар санының артуы

Экологиялық апаттың ең ауыр зардабы — адам денсаулығы, әрісесе балалардың болашағы. Сәті түсіп, Шалқардағы оңалту орталығының (реабилитациялық орталық) жұмысымен таныстық. Шалқар ауданына мұндай орталық салып берудің өзі бекер емес. Орталыққа 345 миллион теңгеге реконструкция жасалып, «Қамқорлық» қорының қолдауымен еуропалық озық жабдықтармен (локоматтар, физиотерапиялық аппараттар) қамтылғанымен, келушілер саны азаймай отыр. Медицина мамандары аутизм, ДЦП (балалардың сал ауруы) және сөйлеу қабілетінің тежелуі (ЗПР) сияқты диагноздардың көбеюін заманауи гаджеттермен де, экологиямен де байланыстырады.
«Мұндай орталық Ақтөбе қаласында және аудандардан тек біздің Шалқарда бар. Бұрын ата-аналар ауру балаларымен облыс орталығына қатынайтын. Бүгінде ауыл ішінде реабилитациядан өте береді. Жақын маңдағы елді мекендерден де бізге келе бастады. Мүмкіндігінше, осында қонуға жағдай жасап жатырмыз», — дейді оңалту орталығының дәрігерлері.

Оңалту орталығының жұмысы және мәселелері

Оңалту орталығы зардаппен күрескенімен, экологиялық себепті жоюға қауқарсыз.

«Алдында бұл ғимаратта туберкулез ауруханасы болды. Ковид кезінде пайдаландық. Бұл ғимарат қатты тозып кетті. Сол «Қамқорлық» қоры осыған 345 миллион теңгеге реконструкция жасап, жөндеу жүргізді. Канализациясын да қайтадан жүргіздік. Шалғай аудан болған соң, біз бірінші кезекте «приоритетке» жатамыз, оны да білесіздер. Мүгедектігі бар (инвалид) балалар көп, сосын бұл — ауданаралық орталық. Әр жақтан балалар келіп, бізден оңалту орталығына ем алуға мүмкіндіктері бар. Облысқа қатынағаннан қарағанда, бұл жер жақын. Балалар тек күндіз келеді, жатпайды, тамақ ішпейді. Келіп ем алып кетеді. Бірақ егер жатқысы келсе, бос ғимараттар бар. Бірақ тамақтандыру жағы қарастырылмаған. Егер ауылдардан келіп жатса, жатын орнын қарастыруға болады. Айына 25 баладан қабылдап тұрмыз. Жалпы Шалқардың өзінде 78 бала бар. Көбінесе ДЦП, ЗПР (психикалық дамудың тежелуі), ЗРР (сөйлеудің тежелуі), Даун синдромы, аутизм диагнозымен келеді», — дейді оңалту орталығының директоры Есенғали Көпенов.

Медицина мамандары балалардың денсаулығына қазіргі гаджеттер мен телефондардың әсерінен өзге экологияның да ықпалы бар екенін айтады.

Айта кетейік, орталықта түрлі аурулары бар балалар оңалтудан өте алады. Шалқар ауданы ғана емес, сонымен қатар жақын орналасқан Ырғыз ауданының балаларын қамтуға қауқарлы. Реабилитолог, невропатолог, логопед, травматолог, ортопед, психолог қызмет көрсетеді. Мұнда тыныс алу гимнастикасы, ойын терапиясы, аудиологпен сабақтар, электрофорез, тұз шахтасы және басқа да процедуралар қарастырылған.

«Оңалту 18 жасқа дейінгі балаларға көрсетіледі. Осындай қызмет көрсету спектрі бар ұқсас орталық Ақтөбедегі облыстық балалар ауруханасында жұмыс істейді. Біздің мамандарымыздан бөлек, телемедицина арқылы облыстық аурухананың дәрігерлері пациенттерге қашықтан кеңес береді. Медициналық қызметтерге және қызмет көрсетуге лицензия алынды. Біз әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы қаржыландыруды күтеміз», — деді аудандық аурухананың бас дәрігері.

Бүгінгі таңда Шалқар ауданында 800-ден астам бала диспансерлік есепте тұр. Бұл орталық бір ауысымда 20 балаға дейін және жылына 450 кішкентай тұрғынды қабылдай алады. Штатта 12 медициналық қызметкер болуы тиіс.

Аудан әкімімен сұхбат: Көлді тазарту және инвестициялар

Мән-жайды толығырақ түсіну мақсатында Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидехановқа да сауалдарымызды қойдық.

Шалқар көлін сақтап қалу үшін мемлекеттік деңгейде шаралар қабылданды. Республикалық бюджеттен 3 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлініп, 2021–2024 жылдар аралығында көл табанын тазарту жұмыстары жүргізілді. Аудан әкімі Жанболат Жидехановтың айтуынша, бұл жұмыстар негізінен аяқталған. Алайда жобаның сапасына қатысты халық арасында күмән басым. Жұмыстың дұрыс атқарылмауына немесе кемшіліктерге байланысты 600 миллион теңгеге жуық қаражаттың бюджетке қайтарылуы — жобаның тиімділігіне қатысты сұрақтар туғызады.

«Шалқар ауданындағы көлді тазарту мәселесіне келсек, бұл жобаға республикалық бюджеттен шамамен 3 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жұмыс 2021 жылы басталып, 2023 жылы аяқталды, ал 2024 жылы нысан қабылданды. Тапсырыс беруші — Құрылыс басқармасы. Жоба толық аяқталды деп айтуға болады. Алайда атқарылмаған жұмыстар мен анықталған кемшіліктерге байланысты шамамен 600 миллион теңге республикалық бюджетке қайтарылды. Құрылыс басқармасы «бұл жерлері дұрыс жасалмаған» деген негізбен ол қаражатты қабылдамады. Дегенмен көлдің табаны тазартылып, жиектері нығайтылды», — деді Жанболат Жидеханов.

Аудан басшысының айтуынша, көл жағалауында 700 метрдей жерде қазір саябақ салынып жатыр. Сондай-ақ халық демалатын заманауи жағажай құрылысы басталды. Бұл мақсатқа өткен жылы конкурс өткізіліп, қаражат бөлінген болатын. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, шамамен 450–500 миллион теңге көлемінде инвестиция салынды. Биыл нысанды пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Бұл жұмыстар жергілікті бюджет есебінен атқарылуда. Сондай-ақ «Бауырластар зираты» (Братская могила) маңы да абаттандырылып жатыр.

Өнеркәсіп және әлеуметтік қолдау

«Бершүгір тауының маңында он шақты зауыт жұмыс істеп тұр. Олар жергілікті халықты жұмыспен қамтып отыр. Мысалы, 264 адам вахталық әдіспен жұмыс істейді. Олардың арасында Бершүгір, Шалқар, Тоғыз ауылының тұрғындарымен қатар, Алматы мен Жамбыл облыстарынан келген мамандар да бар. Қазір тағы екі зауыт салу үшін жер телімдері бөлінуде. Барлық шешімдер ауыл қауымдастығымен келісіле отырып қабылданады. Зауыт басшылары әлеуметтік жауапкершілік аясында ауылға көмектесуде: алты көшеге асфальт төселді, парктер салынып, жарықтандыру жұмыстары жүргізілді және жаңа балабақша құрылысы жүріп жатыр», — дейді аудан басшысы.

Жанболат Жидехановтың айтуынша, бюджет қаражаты есебінен Бершүгір мен Сарысай арасына 343 миллион теңгеге жол салынды. Сарысай мен Алабас ауылдарын жарықтандыруға тиісінше 134 миллион және 143 миллион теңге жұмсалды. Сонымен қатар зауыттар бар жердегі шаң-тозаң мәселесі де бақылауда. СЭС және Экология департаменті арқылы зауыттарға шаң басатын арнайы құрылғыларды қолдану туралы тапсырма берілді. Кейбір кәсіпорындар оны пайдаланса, кейбіреулері шығыннан қашып, үнемдегісі келеді. Ал ескі санаторий мәселесіне келсек, қазір ол жерде тек орны ғана бар, бірақ табиғаты көркем жерлер мен бұлақтар әлі де сақталған.

«Шалқар ауданы 1992 жылдан бастап Арал өңіріндегі экологиялық апат аймағына жатқызылған. Соған байланысты тұрғындарға 50% экологиялық үстемеақы төленеді. Бұл төлемдерді мұғалімдер, теміржолшылар, мемлекеттік қызметкерлер мен дәрігерлер — барлық сала мамандары тұрақты түрде алып жатыр. Әлеуметтік қолдау пакетіне жалақыға 50% үстемеақы, жыл сайынғы екі лауазымдық ақы көлеміндегі сауықтыру жәрдемақысы және негізгі демалысқа қосымша 12 күн (барлығы 42 күн демалыс) кіреді. Бұл жеңілдіктерді аудандағы 7,5 мыңға жуық жұмыс істейтін азаматтың барлығы пайдаланып отыр. Мемлекет тарапынан берілетін бұл қаражат халықтың денсаулығын түзеуге бағытталған», — дейді әкім.

Билік пен халық: Диалог па, әлде кедергі ме?

Шалқар ауданына іссапар кезінде тағы бір байқағанымыз — билік пен белсенділер арасындағы қарым-қатынас. Тұрғындар облыс әкімімен кездесуге баратын адамдардың тізімі «сүзгіден» өтетінін, шындықты айтатын белсенділердің тізімнен сызылып қалатынын ашық айтады. Бұл — қоғамдық бақылаудың әлсіздігіне және халықтың билікке деген сенімсіздігіне әкелуде.

Ақсақалдардың сөзінше, бұрынғы «союз» кезіндегідей тәрбие мен тәртіптің жоқтығы, жастар арасындағы жұмыссыздық пен діни ахуалдың күрделенуі экологиялық проблемалармен ұштасып, әлеуметтік шиеленісті арттырып отыр. Шалқардың болашағына алаңдайтын «айтқыштар» (белсенділер) мен ресми есепке сүйенетін басшылар арасындағы «барьер» — аймақтың дамуына басты кедергілердің бірі, деп санайды олар.

«Қауылжыр өзенінің еркін ағуына кедергі болмауы тиіс»: Бершүгірдегі жарылыстар туралы ғалымдар мен экологтар не дейді?

Ақтөбе облысындағы Шалқар көліне су құятын Қауылжыр өзенінің халі мүшкіл. Экологтар мен ғалымдар Бершүгір тауларындағы өндірістік жарылыстардың кері әсері туралы дабыл қағып келеді. Тау басында қиыршық тас өндіретін орындардың саны артып барады.

Бершүгір әкімдігінің жауабына сүйенсек, өндірістік жарылыстар туралы 3 тәулік бұрын ескертіледі. Өндірістік шаңды басу үшін ауылға су себіледі делінген. Алайда тұрғындар мұнымен келіспейді. 

«Ешқандай ескерту болмайды, үйде отырғанда қатты дірілді сеземіз. Айына он шақты рет жарылыс болады. Шаңды басу үшін су себілгенін көрген жоқпыз», — дейді олар.

Бір кездері таза ауасымен, емдік суымен және шипалы Бершүгір санаторийімен аты шыққан мекен бүгінде шаң-тозаң мен құрғақшылықтың құрсауында қалған. Тау бөктерінде қиыршық тас өндіретін компаниялардың өндірістік жарылыстары жақын маңдағы ауыл тұрғындарына қолайсыздық туғызып қана қоймай, тау арасындағы су көздерінің қозғалысына да кедергі келтіруде.

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Экология кафедрасының доценті Ақылжан Телеуовтің айтуынша, Шалқар көліне құятын Қауылжыр өзенінің бойында судың еркін ағуына кедергі келтіретін заңсыз бөгеттер мен гидротехникалық құрылыстар болмауы тиіс.

Ал «Байтақ» экология партиясының Ақтөбе облыстық филиалының жетекшісі Айман Сексенованың пікірінше, ұзақ уақыт бойы өңірде шаруашылықты дамыту моделінде басымдық өндірістік қызметке беріліп, табиғи экожүйелерді қалпына келтіру мәселелері екінші кезекке ысырылып келген.

Жалпы, Шалқар көлі мен Бершүгір тауларындағы жағдайға қатысты экологиялық партия өкілі мен Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Экология факультетінің доцентін сөзге тартып едік.

Экология партиясы мониторинг жүргізіп келеді

«Байтақ» экология партиясының Ақтөбе облыстық филиалының жетекшісі Айман Сексенованың айтуынша, партия Бершүгір аумағында қалыптасқан экологиялық жағдайға жүйелі негізде мониторинг жүргізіп келеді екен.
«Ұзақ уақыт бойы өңірде шаруашылықты дамыту моделі қалыптасты, онда басымдық үнемі өндіруші және өнеркәсіптік қызметке беріліп, ал қоршаған ортаны қорғау мен табиғи экожүйелерді қалпына келтіру мәселелері іс жүзінде екінші кезекке ысырылып отырды. Соның салдарынан бүгінгі таңда өңірде жердің айтарлықтай бүлінуі мен топырақтың деградациясы, атмосфералық ауадағы шаңмен ластанудың жоғары деңгейі, Қауылжыр өзені деградациясы және аумақтың гидрологиялық тепе-теңдігінің бұзылуы, Шалқар көлі су деңгейінің күрт төмендеуі мен экологиялық жағдайының нашарлауы, сондай-ақ шөлейттену үдерістерінің күшеюі және өңірдің экологиялық тұрақтылығының жалпы төмендеуі сияқты өзара байланысты жүйелі проблемалар тіркелуде», — дейді ол.

Айман Сексенованың айтуынша, су ресурстарының деградациясы қазірдің өзінде халықтың өмір сапасына және денсаулық жағдайына тікелей теріс әсер етіп отыр. Көрсетілген мәселелерді шешу тек өңірлік саясаттың міндеті ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Конституциясының 31-бабында бекітілген адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттің тікелей конституциялық міндетін орындау болып табылады.

«Байтақ» жасылдар партиясы өзінің принципті ұстанымын мәлімдейді: біз өңірдегі экологиялық саясаттың жүзеге асырылуына қоғамдық және сараптамалық бақылауды жүйелі түрде жүргізетін боламыз. Біздің мақсатымыз — тек мәселелерді тіркеу ғана емес, оларды шешуге белсенді қатысып, қоршаған ортаны қорғау саласында декларативті емес, нақты өзгерістерді қамтамасыз ету», — деп қайырды сөзін партия өкілі.

Доцент: Заңсыз бөгеттер мен гидротехникалық құрылыстар болмауы тиіс

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Экология кафедрасының доценті Ақылжан Телеуов Шалқар көлінің табиғатын түсіну үшін, ең алдымен оның Мұғалжар тауларынан бастау алатын Қауылжыр өзенінің кеңейген жайылмасы екенін білу керек екенін айтты.

«Біздің аймақтағы Сағыз, Ойыл, Жем, Ор секілді көптеген өзендер құмға сіңіп, суы таусылып жатса, Шалқардың бірегейлігі — оның табанында суды ұстап тұратын арнайы қабаттың (водоупорный слой) болуында. Дәл осы табиғи ерекшелік судың жерге сіңіп кетпей, бетінде сақталуына мүмкіндік береді. Бүгінде көлдің таязданып бара жатқанына климатты кінәлайтындар көп. Алайда мен климаттық факторды негізгі себеп деп санамаймын. Біздің географиялық белдеуде жауын-шашын мөлшері жыл сайын салыстырмалы түрде тұрақты, шамамен 200 миллиметрді құрайды. Мәселе — сол судың көлге қаншалықты кедергісіз жететінінде. Мұғалжар тауларындағы қар суынан құралған төрт бірдей бұлақ қосылып, Қауылжыр өзенін құрайды. Осы тасқын су Шалқардың ескі және жаңа бөліктерін толтырып, суды үнемі жаңартып отыратын негізгі күш болып табылады», — дейді доцент.

Ақылжан Телеуовтің пайымынша, көлдің су ресурсын толық қалпына келтіру үшін, ең алдымен, Қауылжыр өзенінің арнасын ретке келтіру қажет. Өзен бойындағы артық иірімдер мен «ілмектерді» (петли) түзеп, арнаны тікелей көлге қарай бағыттау керек. Себебі көктемгі қар суы қарқынды аққан кезде, осы иірімдерде су жайылып, далаға тарап кетеді. Егер біз арнаны тереңдетіп, түзетіп, жағалауларын ағаш-бұталы өсімдіктермен бекітсек, тасқын су еш шығынсыз Шалқардың «шарасына» толық жететін болады.

Доценттің айтуынша, тағы бір маңызды шарт — өзен бойында судың еркін ағуына кедергі келтіретін ешқандай заңсыз бөгеттер мен гидротехникалық құрылыстар болмауы тиіс. Көл түбін тереңдету жұмыстары қазірдің өзінде оң нәтиже беріп, су сыйымдылығын арттырды. Ендігі кезекте Мұғалжардан келетін табиғи су жолын толық оңалту қажет.

Бұл шаралар тек қаланың экологиялық тепе-теңдігін сақтап қана қоймай, аймақтағы ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымның дамуына жаңа серпін береді. Шалқар — біздің ортақ байлығымыз. Оны сақтау — табиғат пен адам арасындағы байланысты дұрыс реттеуден басталады.


Асқар Ақтілеу, Ақтөбе — Шалқар

Суреттерді түсірген Данияр Сағидолла

🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?
Жасанды интеллектіге сұрақ қою үшін жүйеге кіріңіз.

Ұқсас жаңалықтар