×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

Дөң тау-кен байыту комбинатында карьердегі тау жыныстарының қозғалысына бақылау күшейтілді

Дөң тау-кен байыту комбинатында карьердегі тау жыныстарының қозғалысына бақылау күшейтілді
Фото: Қазхром баспасөз қызметі

ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатының «Мирный» карьеріне жоғары дәлдікті георадарлық мониторинг жүйесі енгізілді. Бұл жүйе карьер беткейлерінің тұрақтылығын нақты уақыт режимінде бақылайды. Бағдарлама тау жыныстарының қауіпті болатын сәтіне дейін оның микроқозғалыстарын тіркейді. Бұл төтенше жағдайлардың алдын алып, адамдар мен техниканың қауіпсіздігін арттырады. Жабдыққа бағытталған инвестиция көлемі – 280 млн теңге.

Жүйе сезімтал сенсор арқылы үздіксіз деректер жинап, өңдеп, оны цифрлық платформаға жібереді. Бұл технология әсіресе «Мирный» карьері үшін маңызды. Себебі кен қоры карьер беткейінің астында орналасқан. Мұндай жағдайда геомеханикалық процестер тұрақты бақылауды қажет етеді. Мамандардың айтуынша, тау жыныстарының кез келген өзгерісі ығысудан бұрын белгі береді. Ал бұл жүйе сол белгілерді ерте кезеңде анықтап, қамдануға уақыт қалдырады.

– Радар тәулік бойы жұмыс істеп, диспетчерлерге электронды пошта және ұялы телефон арқылы хабарлама жібереді,– дейді Дөң тау-кен байыту комбинатының бас геотехнигі Көптілеу Шүкірбаев. – Бұл ауа райы мен уақытқа қарамастан, жедел әрекет етуге септеседі. Жүйенің шекті мәндері ескертуді рұқсат етілген ауытқу кезеңінде беріп, алдын алу шараларын қабылдауға жағдай жасайды.

Деректер түрлі-түсті шкала бойынша көрсетіледі. Яғни жасыл – тұрақтылық, көк – назар аударуды қажет ететін ауытқу, қызыл – шұғыл әрекет ету сигналы. Бұл да ертерек әрекет етуге ыңғайлы.

Жабдықтың әртүрлі ауа райында жұмыс істей алатынын және күрделі инфрақұрылымды қажет етпейтінін атап өткен жөн. Электр қуаты үзілген жағдайда жүйе резервті қуат көздерінің, соның ішінде аккумулятор мен күн батареясы есебінен жұмысын жалғастырады.

 Георадарды қолдану өзгерістерге әрекет етуден геомеханикалық процестерді жүйелі басқаруға көшуге мүмкіндік береді. Бұл ығысуларды ерте анықтап, жоспардан тыс тоқтауларды азайтып, өндірістік шығындарды оңтайландырады.

Геотехниктердің сөзінше, мұндай әлемдік деңгейдегі құрал «Мирный» карьерінің игерілуі аяқталғаннан кейін де, ERG кәсіпорындарының басқа стратегиялық нысандарында жұмыс істейтін болады. Бұл жүйе технологиясы ашық әдіспен жүргізілетін тау-кен жұмыстарында тоқтап қалуды азайтып, қауіпсіздікті сақтауға жақсы көмекші болмақ. 

🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?
Жасанды интеллектіге сұрақ қою үшін жүйеге кіріңіз.

Ұқсас жаңалықтар