×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

«Қазхром» оқушыларға өндіріс пен қауіпсіздік негіздерін таныстырды

«Қазхром» оқушыларға өндіріс пен қауіпсіздік негіздерін таныстырды
Фото: Қазхром баспасөз қызметі

Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай «Қазхром» компаниясының Хромтау және Ақтөбе қалаларындағы кәсіпорындарында ауқымды іс-шаралар өтті. Компания қауіпсіздік мәдениетін тек жұмыс орнында ғана емес, күнделікті өмірде де сақтауды насихаттау мақсатында қызметкерлердің балалары мен мектеп оқушыларына арналған танымдық экскурсиялар ұйымдастырды.

Қауіпсіздік – өмірдің әрбір сәтінде маңызды құбылыс. Осы қағиданы негізге алған компания мамандары балаларға өндіріс аумағында ғана емес, үйде де, мектепте де сақтық шараларын сақтаудың маңызын түсіндірді.

Дөң комбинатындағы алып техникалар

Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинатына келген оқушылар ең алдымен қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтан өтіп, өндіріс аумағында жүріп-тұру ережелерімен танысты.

Экскурсия бағдары «Мирный» карьеріндегі бақылау алаңынан басталды. Оқушылар алып өндіріс ауқымына көз жеткізіп, кейін теміржол цехына табан тіреді. Онда вагондардың ішкі құрылысын көріп, тау-кен көлік тасымалдау цехындағы алып техникалардың жұмысымен жақынырақ танысты.

Фото: Қазхром баспасөз қызметі
– Бұрын мен әкемнің нақты қай жерде жұмыс істейтінін білмейтін едім. Бүгін бәрін өз көзіммен көрдім. Үлкен машиналар мен вагондар өте қызық екен. Хромтаудағы теміржолды тек сырттай ғана білетінбіз. Әкешім, жұмысың әрқашан сәтті болсын! – деді 12 жастағы Ульяна.

Шара соңында балалар комбинат асханасынан дәм татып, оларға мамандықтар туралы ERG танымдық журналы мен жарық шағылыстыратын брелоктар сыйға тартылды.

Фото: Қазхром баспасөз қызметі

Ақтөбе зауытындағы жас металлургтер

Дәл осындай мазмұнды шаралар Ақтөбе ферроқорытпа зауытында да жоғары деңгейде жалғасты. Мұнда қала мектептерінің оқушылары өнеркәсіп негіздерімен, металлургия саласының мамандықтарымен танысты.

Ең қызықты сәттердің бірі – «биіктіктегі» полигон болды. Оқушылар нұсқаулықтан өткен соң, сақтандыру жүйесін киіп, өздерін нағыз өнеркәсіптік альпинистер ретінде сезініп көрді. Бұдан кейін олар №1, 2 және 4-ші балқыту цехтарында болып, феррохром алу процесін бақылады. Металлургтердің арнайы қорғаныш киімдері де балалардың ерекше қызығушылығын тудырды.

– Зауыт маған қатты ұнады. Осында еңбек ететін адамдарға көп рақмет, олар – нағыз батырлар. Болашақта мен де металлург болғым келеді, – деді 3-сынып оқушысы Арлан Мұрат.
Фото: Қазхром баспасөз қызметі

Мұғалім Гүләмза Есекенованың айтуынша, мұндай экскурсиялардың тәрбиелік маңызы зор. 

«Нағыз өндірісті, осында жұмыс істейтін адамдарды балаларға өз көзімен көрсету өте маңызды. Олар болашаққа қажетті жаңа білім мен жарқын әсер алды», – деп атап өтті ол.

Қауіпсіздік әліппесі және шығармашылық

Еңбекті қорғау айлығы аясында Ақтөбедегі зауыт қызметкерлерінің балалары үшін арнайы шеберлік сабағы да ұйымдастырылды. Онда 30-ға жуық бүлдіршін төтенше жағдай қызметтерінің нөмірі жазылған брелоктар жасады. Ал қалалық мамандандырылған өрт сөндіру бекетінде зауыт жұмысшылары мен олардың отбасылары қатысқан «Отбасы үшін өрт қауіпсіздігі» шарасы өтті.

Ақтөбедегі экскурсия соңында оқушылар қауіпсіздік тақырыбындағы интерактивті викторина сұрақтарына жауап беріп, қорғаныш құралдары бойынша білімдерін бекітті.

«Қазхром» компаниясының бастамасымен өткен мұндай кездесулер жас ұрпаққа ата-аналарының еңбегін бағалауға, туған жердегі алып өндіріспен жақынырақ танысуға және ең бастысы – қауіпсіз өмір сүру дағдыларын қалыптастыруға жол ашады.

Фото: Қазхром баспасөз қызметі


🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?
Жасанды интеллектіге сұрақ қою үшін жүйеге кіріңіз.

Ұқсас жаңалықтар