×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

Ауыл оқушысы 22 баланың грант алуына қалай көмектесті

Ауыл оқушысы 22 баланың грант алуына қалай көмектесті
Сурет: ашық дереккөзден

IQanat Олимпиадасының II туры аяқталды. Ол ауылдардағы 10 мың сегізінші сынып оқушысын біріктірді. Бұл облыстық кезеңде жазда IQanat мектебінің гранттары немесе жобаның бірегей білім беру бағдарламаларына қатысу үшін таласатын финалистер анықталды.

Бірақ Олимпиада – жай ғана тестілеу емес. ІІ тур – IQanat жастар қауымдастығының еңбегі айқын көрінетін сәт. Бұл жерде әңгіме peer-to-peer формат туралы.

Бағдарлама кедейлікпен күресудің жаңа тәсілдерін ойлап тапқаны үшін Нобель сыйлығын иеленген Дюфло, Банерджи және Кремердің зерттеулеріне негізделген.

Африка және Азия елдерінде олар білім беруді оқушының шынайы деңгейіне қарай құрудың маңыздылығын көрсетті. Ал бұл ретте peer learning форматындағы дайындық ең тиімді саналады. Оның аясында үлгерімі жоғары оқушылар академиялық деңгейі төмен оқушыларға көмектеседі. Материалды мұғалім мен оқушы арасындағы кедергісіз, «өз тілінде» түсіндірген кезде мықты оқушылар сабақты өзгелерге ұғынықты етіп жеткізе алады, сонымен бірге өздері де білімін нығайта түседі. Нәтижесінде топтың жалпы деңгейі жылдамырақ өседі.

«IQanat бұрыннан бері жүрекпен сезіп келген тұжырымды енді зерттеулер растады. Биыл Олимпиаданың үш турынан да өткен IQanat-тың 1000 жоғары сынып оқушысы 10 000 сегізінші сынып оқушысына тәлімгер әрі мұғалім болды. Жыл бойы олар сабақты онлайн форматта бірге оқыса, Олимпиада кезінде жүзбе-жүз кездесіп, қатар отырып білім алу мүмкіндігіне ие болды. IQanat-тың негізгі Giving Back («Жақсылықты қайтару») идеясының мәні де осында: меценаттар балаларға көмектеседі, ал олар өсе келе өз білімі мен жинаған құндылықтарын «ұрпақтан ұрпаққа» таратады. Осылайша бағдарламаның тиімділігі кеңейе түседі», – дейді жобаның облыстық қамқоршысы, кәсіпкер, Atasu Group холдингінің негізін қалаушы және иесі Марат Жұман.

Жоғары сынып оқушылары сабақты бар ықыласымен үйретеді. Олардың бірі – Алматы облысының Алмалыбақ ауылында туған 11-сынып оқушысы Диас Абдылхак. Бір жыл ішінде ол айқанаттық 79 балаға физика бойынша көмектессе, олардың 22-сі IQanat мектебінің грантын жеңіп алған.

«Мен үйдің үлкенімін, сондықтан біреуге «аға» болу мен үшін бала кезден үйреншікті нәрсе. Мен оқушыларға әрқашан көмек қолымды созып, білмегендерін түсіндіремін. Уақыт өте келе бұл өзіме де күш беретінін сезіндім», – дейді Диас.

Диас бар болғаны 17 жаста, бірақ ол нағыз мұғалім қандай болуы керектігін қазірдің өзінде көрсете білді. Ол өзі Олимпиадаға қатысқан кезде мектепке түсе алмаған еді, бірақ жобадан кетпеді. Орасан еңбегі үшін Диасқа алғаш рет жобаның тьюторы ретінде грант беру туралы шешім қабылданды. Қазір Диас өзінің оқушыларымен бірге IQanat мектебінде білім алып жатыр. Грант оның барлық шығынын өтейді.


Биылғы Олимпиада кезінде ол тағы да өз өңіріне келіп, ауылдағы жаңа балаларды дайындауға кірісті. Енді олар ІІ турдың нәтижелерін бірге күтіп жүр.

IQanat – 240+ кәсіпкердің жобасы. Олардың қатарында Дулат Тастекей, Нуржан Бекшенов, Марат Жұман, Аскар Алшинбаев, Нурасыл Джарбасов, Айдын Рахимбаев, Тимур Турлов, Ерлан Исекешев, Асхат Омаров, Канат Көпбаев, Газиз Кусайын, Сергей Кан, Серік Төлбасы, Оразхан Карсыбеков сынды басқа да кәсіпкерлер бар.

Олардың қолдауының арқасында IQanat түлектерінің 94%-ы ЖОО грантын жеңіп алып, қазір әлемнің 19 елінде білім алып жатыр.


🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?
Жасанды интеллектіге сұрақ қою үшін жүйеге кіріңіз.

Ұқсас жаңалықтар