×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

65 жыл көмір жаққан Ақтөбедегі Тұмабұлақ ауылына табиғи газ берілді

65 жыл көмір жаққан Ақтөбедегі Тұмабұлақ ауылына табиғи газ берілді
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданына қарасты Тұмабұлақ ауылының тұрғындары үшін көптен күткен тарихи сәт туды. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы отын мен көмір пайдаланып келген ауылға көгілдір отын жетті, деп хабарлайды TILSHI облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.

Газды іске қосу рәсімінде бұл жобаның ауыл халқының күнделікті тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретіні айтылды.

«Көмір тасу бейнетінен құтылдық»

Тұмабұлақта көгілдір отынның игілігін алғашқылардың бірі болып Басқұдық орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ақсәуле Симатованың шаңырағы көрді. Ол ауылға 2001 жылы келін болып түскен екен. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған ұстаз бұл күннің ерекше қуаныш екенін жасырмады:

«Президентке және осы газдың ауылымызға келуіне атсалысқан барлық азаматтарға тұрғындар атынан алғыс айтамын», – деді ол.

Ал жергілікті кәсіпкер Самалбек Ташаманов енді үйді жылыту бейнетінің артта қалғанын жеткізді:

«Бұрын отын, көмір жағып отыратын едік. Қазір оның бәрінен құтылып, үйімізде отырып газ жағатын болдық».

Газбен бірге жаңа жол салынуда

Тұмабұлақтағы оң өзгерістер тек газбен шектеліп қалған жоқ. Қазіргі таңда ауылда жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары да қарқын алған. Жергілікті халық бұл кешенді жұмыстарға дән риза.

  • «Газбен қатар жол құрылысының да бастау алуы – ауылымыз үшін үлкен қуаныш. Әлеуметтік әл-ауқатымызды жақсартуға бағытталған жұмыстарға шын жүректен алғыс білдіреміз», - дейді Нұржан Таңатаров, ауыл тұрғыны

Президент тапсырмасының орындалуы

Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов Тұмабұлақты газдандыру жұмыстары тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқанын атап өтті.

«Президенттің ауылдық елді мекендерде инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жедел дамыту жөнінде тікелей тапсырмасы бар. Біз осы тапсырманы орындау аясында ауылдарға газ құбырларын жеткізіп жатырмыз. Тұмабұлаққа көгілдір отынның берілуі – осы жұмыстың нақты нәтижелерінің бірі», – деді облыс әкімінің орынбасары.
🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?

Тіркелу қажет емес. AI жауаптарын маңызды шешімдер алдында тексеріңіз.

Ұқсас жаңалықтар