Ақтөбе облысы Ырғыз ауданына қарасты Тәуіп ауылында жабайы жануарлардың көбейіп, елді мекен ішінде жиі көрінуі тұрғындарды алаңдатып отыр. Ауыл тұрғынының айтуынша, соңғы 1-2 жылда ауыл маңында шақалдардың (шибөрі) дауысы жиілеген.
Жыртқыштар түнгі уақытта ауыл арасында жүріп, кей жағдайда үй жануарларына да қауіп төндіреді. Ал жабайы қабандар биыл жаз бойы ауыл ішінен шықпай, тұрғындардың көзіне жиі түскен. Бұдан бөлек, ауыл маңында күзен мен мәлін де кездеседі.
«Кешкі уақытта ауыл маңында шақалдар шулап, мазаны алады. Малдарға да тиісіп, ауыл ішінде емін-еркін жүр. Қабандар да ауыл арасынан шықпайтын болды. Балалар мен үлкендер үшін алаңдаймыз. Бұл жағдайға қандай шара қолдануға болады?» – дейді ауыл тұрғыны.
Тұрғынның сөзінше, бұл мәселе туралы аудандық деңгейде де хабардар. Оның айтуынша, жабайы жануарлардың ауыл маңына жақындауы басқа елді мекендерде де байқалады. Тұрғындар жабайы жануарлардың елді мекенге не себепті жақындағанын анықтап, адам мен мал қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шара қабылдануын сұрайды.
Instagram-дағы жарияланымды ашу