×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

Шілдедегі дауылдың салдары: Қарауылкелділіктер жаңа баспана сұрайды, ал аудан әкімі Айбек Көпенов мәселенің заңды жолдарын түсіндірді

Шілдедегі дауылдың салдары: Қарауылкелділіктер жаңа баспана сұрайды, ал аудан әкімі Айбек Көпенов мәселенің заңды жолдарын түсіндірді
Коллаж: tilshi.net

Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында ескі тұрғын үйлердің жағдайына қатысты дау ушығып тұр.

Мәселе биыл, 2026 жылғы 9 шілдеде болған қатты дауылдан кейін тіпті қиындай түсті. Ешбаев көшесіндегі 1954 жылы салынған екі қабатты, сегіз пәтерлі үйдің тұрғындары облыс прокуратурасына шағымданып, үйлерінің тұруға қауіпті екенін жеткізді. Олардың сөзінше, дауылдан кейін ғимаратқа үлкен зақым келгендіктен, балалар мен қарттар туыстарын паналауға мәжбүр. Тұрғындар көршілес Дәуіт батыр көшесіндегі дәл осындай үйдің апатты деп танылып, сүрілетінін және адамдарға жаңа баспана берілетінін алға тартып, өздеріне де шұғыл түрде сондай жағдай жасалуын талап етеді.

Алайда жергілікті билік бұл мәселені тек заң аясында шешуді ұсынып отыр. Байғанин ауданының әкімі Айбек Көпенов 2026 жылғы 3 қыркүйекте Ешбаев көшесіндегі №2 үйдің тұрғындарымен жеке қабылдау өткізіп, жағдайды егжей-тегжейлі түсіндірді. Аудан әкімінің мәліметінше, 1954 жылы салынған бұл екі қабатты, сегіз пәтерлі тұрғын үйдің жалпы техникалық жағдайы 9 шілдедегі табиғи сипаттағы төтенше жағдайға дейін де ұзақ жылдар бойы пайдаланылуына байланысты тозығы жеткен деп сипатталған. Сонымен қатар, Айбек Көпенов мұндай ескі тұрғын үйлердің ауылда бірнешеу екенін атап өтті.

Тұрғындардың жаңа баспана талабына қатысты аудан басшысы нақты заңдық тетіктерді атап көрсетті. Әкім Айбек Көпенов тұрғын үйдің авариялық немесе тұруға жарамсыз екенін айқындау үшін техникалық қадағалау мен зерттеп-қарауды жүзеге асыруға аккредиттелген заңды тұлғаның тиісті техникалық қорытындысын алу қажеттігін тұрғындарға қадап айтты. Оның түсіндіруінше, тек осы қорытынды негізінде ғана азаматтар заңнамаға сәйкес «Отбасы банк» АҚ арқылы тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қоюға өтініш бере алады. Дей тұрғанмен, Айбек Көпенов мәселенің әлеуметтік маңыздылығын және тұрғындардың қиын жағдайын ескере отырып, ғимарат шатырының дауыл салдарынан бүлінген шиферлері демеушілік көмек арқылы қалпына келтірілетінін жеткізді.

Осылайша, тұрғындар көршілерінің тәжірибесіне сүйеніп, биліктен тез арада жаңа баспана күтсе, аудан әкімі мәселені ресми сараптама мен банк кезегі арқылы шешуді көздеп отыр. Әзірге бұл жағдайдағы жалғыз шұғыл шара — демеушілер есебінен үйдің шатырын жамау ғана болып тұр.

 

 

🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?

Тіркелу қажет емес. AI жауаптарын маңызды шешімдер алдында тексеріңіз.

Ұқсас жаңалықтар