×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

Тар ғимаратқа сыймаған тарих: Байғанин музейіне жаңа ғимарат неге қажет?

Тар ғимаратқа сыймаған тарих: Байғанин музейіне жаңа ғимарат неге қажет?
Фото: Данияр Сағидолла

Байғанин аудандық тарихи-өлкетану музейінде жеті мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Алайда орын тапшылығынан олардың жартысына жуығы көпшілік назарына ұсынылмаған. Ғимараттың тарлығы көрме ұйымдастыруға ғана емес, мәдени-танымдық іс-шаралар өткізуге де кедергі келтіріп отыр.

Музей саласында 37 жыл еңбек етіп келе жатқан мекеме директоры Ләззат Жаулинаның айтуынша, қазір музей қорында 7060-қа жуық жәдігер бар. Соның 3800-дейі ғана экспозицияға қойылған. Қалғаны орын тапшылығына байланысты қорда сақтаулы. Директордың сөзінше, бұл жәдігерлерді музей құрылған кезден бастап өзі жинаған.

Музей ұжымы қазіргі ғимаратқа 1993 жылы көшіп келген. Нысанның жалпы ауданы — 784 шаршы метр. Директордың айтуынша, экспозицияға арналған екі-үш зал ғана бар.

Орын тапшылығы мәдени-танымдық іс-шаралар мен кездесулер өткізуге де қолбайлау болып отыр. Музейде арнайы акт залы жоқ. Сондықтан іс-шара өткізілетін бөлмеге 15–20 адамнан артық қонақ сыймайды.

Фото: Данияр Сағидолла

Ләззат Жаулинаның айтуынша, ауданда жаңа музей ғимаратының құрылысы 2020 жылы басталуға тиіс болған. Алайда мораторийге байланысты құрылыс басталмаған.

Директордың сөзінше, қазір ауданда мәдениет үйі мен кітапханаға арналған ортақ ғимарат салынып жатыр. Ал жаңа музей ауданның бас жоспарында қарастырылғанымен, оның құрылысы әлі басталмаған.

Фото: Данияр Сағидолла
«Музей ісін 1989 жылы бастадық, ол кезде ғимарат болған жоқ. Қанша әкіммен жұмыс жасадым, келген әкімнің бәрінен міндетті түрде жаңа ғимарат жөнінде сұрап жүрміз», — дейді Ләззат Жүзбайқызы.

Музей қоры жыл сайын толығып, жаңа экспедициялар жоспарланып отыр. Ал жиналған мұраны көпшілікке таныстыру үшін қазіргі ғимараттың мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан музей ұжымы кең әрі заманауи ғимаратқа мұқтаж.

Фото: Данияр Сағидолла


🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?

Тіркелу қажет емес. AI жауаптарын маңызды шешімдер алдында тексеріңіз.

Ұқсас жаңалықтар