Ақтөбеде кейбір ересектер тұрмыстық қалдықтарды қоқыс контейнерлеріне тастамай, жанына қалдыруды әдетке айналдырған. Мұны көрген балалар да олардың әрекетін қайталауда. Сонымен қатар, бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, ірі көлемді жиһаздарды қоқыс контейнерлерінің жанына тастау деректері тоқтамай отыр, деп хабарлайды «Тілші».
12-шағын ауданның тұрғыны тақтай түріндегі қалдықтарды қоқыс контейнерінің жанына қалдырған. Осы ауданда тұратын балалар да ересектердің әрекетін қайталап, үйден шығарған ескі жиһазды контейнердің жанына тастаған.
Ал Есет батыр тұрғын алабының жас тұрғыны ірі көлемді жиһазды арнайы орынға апарудың орнына үй маңындағы қоқыс контейнерінің жанына қалдырған. Тағы бір қала тұрғыны үйінен шыққан қоқысты көлігіне тиеп әкеліп, контейнердің жанына үйіп кеткен.
Бейнебақылау камераларының көмегімен полиция барлық құқық бұзушыны анықтады. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.