Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх қызметінен кететінін мәлімдеді. Бұған оның мемлекеттік теміржол жобасынан заңсыз қаржылық пайда көрді деген айыптаулар себеп болды, деп хабарлайды Tilshi.Net америкалық Associated Press (AP) ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
17 қарашада мемлекет басшысы халыққа үндеу жасап, президенттік өкілеттігін тапсыруға және өзіне қатысты тергеу жүргізілуіне дайын екенін жеткізді. Ол жемқорлыққа қатысы бар деген айыптауларды жоққа шығарды.
Бұған дейін Моңғолияның билеуші Халық партиясының өкілі, Ұлан-Батыр қаласының бұрынғы әкімі Хишгээгийн Нямбаатар президентті теміржол құрылысына байланысты 25 миллион доллар алды деп айыптаған.
Әңгіме 2019 жылы келісімшарт жасалған Тавантолгой – Гашуунсухайт теміржол жобасы туралы болып отыр. Сол кезде Хүрэлсүх елдің премьер-министрі қызметін атқарған.
Айыптауларға сәйкес, теміржол құрылысына қатысты келісімшарт Bodi International компаниясына ашық конкурссыз берілген. Алайда компания өкілдері мемлекеттік қызметкерлерге пара берілгені туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Осы жағдайдан кейін оппозициялық Демократиялық партия президенттің отставкаға кетуін талап етті.
Хүрэлсүх өзіне тағылған айыптаулардың негізсіз екенін айтып, тергеу органдарымен ынтымақтасуға дайын екенін мәлімдеді.
Моңғолия заңнамасына сәйкес, президенттің отставкасы парламент — Мемлекеттік Ұлы Хурал тиісті шешімді қабылдағаннан кейін ғана күшіне енеді.
Ухнаагийн Хүрэлсүх 2021 жылы Моңғолия президенті болып сайланған. Соңғы уақытта елде саяси тұрақсыздық күшейіп, тоғыз ай ішінде үш премьер-министр ауысқан.