Ақтөбеде екінші курс студенті интернет-алаяқтардың арбауына түсіп, 10 миллион теңгеге жуық ақшасынан айырылды. Қыз бұл қаражатты оқу ақысын төлеу үшін депозитке жинаған. Бұл туралы облыстық ПД хабарлады.
Алаяқтар алдымен студентке WhatsApp арқылы хабарласып, өздерін ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырған. SIM-картаның қызмет ету мерзімін ұзарту сылтауымен оның сеніміне кірген.
Кейін тағы бір адам қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырған. Ол студенттің атына несие рәсімдеуге әрекет жасалып жатқанын айтып, ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген.
Алаяқтардың сөзіне сенген қыз депозиттегі жинағын шешіп алып, көрсетілген шотқа 10 миллион теңгеге жуық қаражат аударған. Тек содан кейін ғана алданғанын түсінген.
Полиция азаматтарға ескерту жасап, белгісіз адамдардың нұсқауымен ақша аудармауға шақырды. Құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ешқашан ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етпейді.