Ақтөбелік ерлі-зайыпты әлеуметтік желіден белгілі компаниялардың біріне инвестиция салу туралы жарнаманы көріп, жинаған қаражатын көбейтуді ұйғарған. Олар жарнамадағы сілтемеге өтіп, жеке деректерін қалдырған, деп хабарлайды «Тілші».
Біраз уақыттан кейін оларға өзін инвестициялық компанияның менеджері ретінде таныстырған ер адам хабарласқан. Ол жоғары табыс табуға уәде беріп, ерлі-зайыптыларды ақша салуға көндірген.
Оның сөзіне сенген ерлі-зайыптылардың әрқайсысы 4 млн теңгеден аударған. Алайда ақшаны алғаннан кейін «менеджер» байланысқа шығуды тоқтатқан. Ал уәде етілген пайда сол күйі түспеген.
Алаяқтардың арбауына түскенін түсінген ерлі-зайыптылар полицияға жүгінген. Оларға келтірілген жалпы шығын 8 млн теңгеден асқан.
Аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.